Алашорда қозғалысындағы әйелдер жайлы әлі де аз айтылады

1235
Adyrna.kz Telegram

Алашорда қозғалысына тікелей қатысқан әйелдер туралы мәліметтер аз сақталғанымен, олардың ұлт-азаттық қозғалыстағы рөлі айтарлықтай маңызды болды.

Алаш қайраткерлерінің идеяларын қолдаған, ағартушылықпен айналысқан, саяси-қоғамдық істерге араласқан қазақ әйелдері аз болған жоқ. Олар өздерінің ерік-жігері мен білімі арқылы қазақ қоғамындағы әйелдердің орнын айқындап, болашақ ұрпаққа үлгі бола білді.

АҚҚАҒАЗ ДОСЖАНОВА – АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ БЕЛСЕНДІСІ

Тарихшы Мәмбет Қойгелдінің зерттеулері бойынша, Аққағаз Досжанова – Алашорда үкіметін құруға атсалысқан, қоғамдық өмірде белсенді қызмет еткен қазақ әйелдерінің бірі.

- Аққағаз Досжанқызы – алаштықтармен пікірлес болған, Алашорда үкіметін құруға атсалысқан деп айтуға болады. Ол қоғамдық өмірде өте белсенді отбасынан шыққан. Өте сауатты, сұлу болды. Ол Мәскеудегі медициналық институтты бітірген. Кеңес заманында қазақ қыздарының арасында медициналық оқу орнын бітіргендердің бірі, қателеспесем, Гүлсім Асфендиярова болды, - дейді тарихшы.

Айтуынша, оқу бітіріп келгендердің құрметіне Сұлтанбек Қожанов той жасаған көрінеді.

- Аққағаз Досжанова институтты бітіріп Ташкентке келген. Соның құрметіне ағамыз Сұлтанбек Қожанов өз үйінде банкет берген. Сол банкетке Ташкентте жүрген қазақ азаматтарының бәрі келген. Бұл туралы тарихта естеліктер қалған. Сұлтанбек Қожановтың банкетінде сөйлегендер көп болды. Сол кезде Тұрар Рысқұлов Аққағаз Досжанованы оқу бітіруімен құттықтаған. «Жолың болсын! Қазақтар біз бір болайық. Түпкі мақсат - қазақтың жағдайын түзету» деген. Аққағаз Досжанова Ташкентте ғалымға тұрмысқа шыққан. Өте жақсы, мазмұнды өмір сүрген кісі. Аққағаз Досжанова 1917 жылы Алашорданы ұйымдастыру ісінде комиссияда болған, - деді тарихшы Мәмбет Қойгелді.

Тарихшының айтуынша, сол банкетке Тұрар Рысқұлов,  Әшім Омаров, Санжар Асфендияров, Біләл Сүлеев, Сегізбай Айзунов, Нәзір Төреқұлов, Мұхаммеджан Тынышбаев, Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұхамедов секілді  сол кездегі қазақтың аяулы азаматтарының барлығы түгел қатысқан. Тойдан кейін зиялы қауым суретке түседі. Сол сурет қазір тарихи құжат болып сақталып тұр.

НӘЗИПА ҚҰЛЖАНОВА – ҚАЗАҚ ӘЙЕЛДЕРІНІҢ АҒАРТУШЫСЫ

Нәзипа Құлжанова – қазақтың алғашқы әйел ағартушыларының бірі, педагог, журналист әрі аудармашы. Ол Алашорда үкіметінің идеяларын қолдап, әйел теңдігі, білім алу, ұлттық сананы ояту бағытында белсенді қызмет етті. 1917 жылы Орынборда өткен Жалпы қазақ съезіне қатысып, Алаш қайраткерлерімен бірге жұмыс істеген. Қазақ қыздарын оқыту мәселесін көтеріп, бірнеше оқу құралдарын жазып қалдырған.

- Нәзипа Құлжанова – Семейден шыққан ағартушы. Жұбайы Нұрғали Құлжанов ертеректе қайтыс болды. Ол да ғартушылық саласында еңбек еткен. Семейде Абайдың қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай 1914 жылы, шамамен, сонда қазақ зиялылары әдебиет кешін өткізген. Әдебиет кешіне Байтұрсынұлы да, басқа зиялылар да қатысады. Сол кешті ұйымдастырған осы Құлжановтар болған. Нәзипа Құлжанованың жолдасы Алаш идеясына қарсы болған. Алайда Нәзипа Құлжанова Алашты қолдаған, - деді алаштанушы Мәмбет Қойгелді.

АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ АДАЛ СЕРІКТЕРІ

Тарихшы Алаш қозғалысына үлес қосқан әйелдер қатарында зиялылардың жұбайларын да ұмытпау керектігін айтты.

Ғайнижамал Дулатова – Міржақып Дулатовтың адал жары, оның күрескерлік жолында сенімді серігі болды. Ол Ахмет Байтұрсынұлының жары Бәдрисафа Мұхамедсадықызымен бірге «Қазақ» газетінің шығуына қолдау көрсетті.

- Ғайнижамал – Міржақып Дулатовтың үйіндегі апамыз. Ондай кісілердің жары болу оңай емес қой. Орынборда Дулатов пен Байтұрсынов «Қазақ газетін» шығарып тұрды. Сол газет 1913 жылдан 1918 жылға дейін шықты. Сол газеттің шығуына Ғайнижамал апамыз бен Бәдрисафа апаларымыздың үлесі көп. Ол екеуі газет шығару ісінде көмекші болған. Сол заманда Байтұрсынов пен Дулатовқа серік болу деген – өте үлкен іс, - деді тарихшы.

МӘРИЯ ШОҚАЙ – МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ ӨМІРЛІК СЕРІГІ

Мәрия Шоқай – Мұстафа Шоқайдың тағдырлас жары, оның еңбектерінің бүгінгі күнге жетуіне зор үлес қосқан қайраткер. Ол Ташкентте Мұстафа Шоқаймен некелесіп, кейін екеуі бірге Еуропаға эмиграцияға кеткен.

- Мәрия Шоқай Мұстафа Шоқайдың мұрасын бізге жеткізген. Ол кісі екеуі Ташкенттегі мешітте некесін қиған. Ахмет Байтұрсынұлы мен Бәдрисафа (Александра болған) екеуі де некесін мешітте қиған. Артынша Мәрия Мұстафа Шоқаймен бірге Еуропаға бірге аттанды. 1941 жылдың желтоқсанына дейін Мария апамыз Мұстафа Шоқайға серік болған. Жәй ғана серік емес еді, - дейді Мәмбет Қойгелді.

Айтуынша, Парижге барғанда қалтасында ақшасы жоқ Шоқайлардың күн көруі қиын болған. Сонда Мария Шоқай «орыс борщын даярлаймын» деп хабарландыру жазып, жалданып тамақ істеген.

- Бір орыс генерал соны көріп, келген екенСолай жалданып, күн көрген. Ол кісі әнші, әртіс болған. Ән салып, ақша тауып, Мұстафа Шоқайға өмір бойы серік болды. Ал енді екеуінің бір-біріне жазған хаттарын көрсеңіз... Мұстафа ағамыз Берлинде ауырып жатып, Париждегі Мария Шоқайға хат жазады. Сол кездегі хатта «Мірия, шынымды сенен басқа кімге айтамын? Ауырып жатырмын, Отанымды сағындым. Анамды сағындым, анамның басына топырақ сала алмадым» деп жазған екен, - дейді тарихшы.

Мұстафа Шоқай өмірден өткенде жары Мәрия Берлинге іздеп барған.

- Сол кезде зиялының  Құран кітабы мен тақиясын ала барған екен. Басына тақияны кигізіп, Құранын қойған. Құлпытас та қойды. Мәрия Шоқайдың өзі Париждің қасындағы бір қалада жерленген. Мен        «Мария Шоқай мен Мұстафа Шоқайды Түркістанға жерлейік» деп билікке хат жаздым. Мария апамыз Париждің жанындағы Шелль қаласындағы зиратта жатыр. Ол жақта жатқаны үшін артында қалған туыстары ақша төлейді екен. Ақша төлемесе бетін тегістеп тастайды екен. Бірақ менің бастамамды комиссия қолдамай қойды. Алдағы уақытта ол туралы да жазатын боламын, - дейді тарихшы.

Алаш қайраткерлері әйелдердің білім алуына, қоғамдық-саяси өмірге араласуына үлкен мән берді. 1917 жылғы Алаш партиясының бағдарламасында әйелдердің ерлермен тең құқығы мойындалып, білім алуына, қызмет етуіне мүмкіндік берілуі керектігі айтылды. Алаш рухты қазақ әйелдері өздерінің қажырлы еңбегі мен қайраткерлігі арқылы қазақ қоғамындағы әйелдердің орнын айқындап, ұлт-азаттық қозғалысты қолдауға өз үлестерін қосты. Олардың ерен еңбегі мен үлгісі бүгінгі ұрпақ үшін қымбат мұра болып қала бермек.

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Пышнотелая танцовщица заставила зал замереть! Только посмотрите
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Ложку перед сном и все! За неделю уйдет 13 кг возрастного жира...
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Не смейте выбрасывать зажимы от хлебных упаковок: они бесценны
Пікірлер