Оңтүстік Корея Әскери-әуе күштерінің екі KF-16 жойғыш ұшағы оқу-жаттығу кезінде қателесіп, жаттығу алаңының орнына жақын маңдағы ауылға сегіз бомба тастаған. Соның салдарынан 15 адам жарақат алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Yonhap-қа сілтеп.
Оқиға Сеулден 40 шақырым жердегі Пхочхон ауылында таңғы сағат 10 шамасында болған. Жарылыстардан шіркеу мен жеті ғимаратқа зақым келген. Жараланғандар арасында екі сарбаз бен екі шетелдік азамат бар.
Өрт сөндірушілер беті мен иығынан ауыр жарақат алған екі адамды ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер олардың өміріне қауіп жоқ екенін мәлімдеді. Тағы сегіз тұрғын жеңіл жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген. Билік зардап шеккендер саны артуы мүмкін екенін болжап отыр.
Қауіпсіздік мақсатында ауылдың 50-ге жуық тұрғыны эвакуацияланды. Оңтүстік Корея Әуе күштері бейбіт тұрғындарға зиян келгеніне кешірім сұрап, апатты штаб бастығының орынбасары генерал-лейтенант Пак Ки Ванның басшылығымен тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Біз бейбіт тұрғындарға тигізген залалымыз үшін өкініш білдіреміз және жараланғандардың тезірек сауығып кетуін тілейміз. Барлық қажетті шаралар қабылданып, келтірілген шығын өтеледі", – делінген Әуе күштері таратқан мәлімдемеде.
Айта кетейік, жаттығуға 160-тан астам әскери техника, соның ішінде К2 танктері, K55A1 гаубицалары, шабуылдаушы тікұшақтар және F-35A жойғыш ұшақтары қатысқан.