Ақтау маңында апатқа ұшыраған AZAL ұшағының экипаж мүшелері - Игорь Кшнякин, Александр Кальянинов және Хокума Алиеваның жеке заттарын отбасылары Әзірбайжан Ұлттық тарих мұражайына тапсырды. Бұл туралы «Azerbaycan Airlines» компаниясы мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Ақпаратқа сәйкес, салтанатты шараға қатысушылар қаһармандардың ерлігі мен жанқиярлығы халық жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.
«Біздің қаһарман экипажымыздың жеке заттарын мұражайға тапсыру және олардың ерлігін мәңгі қалдыру AZAL командасы үшін үлкен құрмет және мақтаныш», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer ERJ 190-100 жолаушы ұшағы былтыр 25 желтоқсанда Ақтау маңына құлады. Қаза тапқан 38 адамның алтауы – Қазақстанның, 25 адам – Әзербайжанның, жетеуі - Ресей азаматтары.
Әзербайжан президенті Илхам Әлиев ұшақ апатына "Ресейдің өкілдері жауапты" деп мәлімдеді. Әлиев Ресейден кінәсін мойындауды және осы оқиғаға кінәлілерді жазалауды талап етті. Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауына байланысты кешірім сұраған болатын.