Фото: khovar.tj
Ресей президенті Владимир Путин 20 қарашада Қытайдан Тәжікстан астанасы Душанбеге барлы. Ол Қытайда бір күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамппен және ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізген болатын. Әуежайда оны Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қарсы алды. «Ховар» агенттігінің хабарлауынша, сапардың негізгі тақырыптары Ауғанстан мәселесіндегі ынтымақтастық, өңірлік қауіпсіздік және Орталық Азия еліндегі Ресей әскери базасының алдағы қызметі болмақ, деп хабарлайды “Адырна”.
Путин 18–19 қараша күндері Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммитіне қатысты. Сапарының соңғы күні ол АҚШ президенті Дональд Трамппен жеке келіссөздер өткізді. Одан кейін Ресей, АҚШ және Қытай басшыларының алғашқы үшжақты кездесуі өтті. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бейбітшілік туралы бірлескен декларация қабылдап, халықаралық қауіпсіздік пен стратегиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бейілділігін мәлімдеді.
Келіссөздер Украинадағы соғысты реттеудің ықтимал жолдары талқыланып жатқан тұста өтті. The Washington Post басылымының 14 қарашадағы мәліметінше, Мәскеу өз талаптарының қатарына НАТО-ның Украина мен Шығыс Еуропада ғана емес, Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азияда да кез келген әскери қызметін тоқтату талабын енгізген.
Осылайша, Мәскеу ұсынып отырған шарттар Ресейдің әскери нысандары орналасқан Орталық Азия мемлекеттерінің де мүдделеріне әсер етеді. Олардың ішіндегі ең ірісі – Тәжікстандағы Ресейдің 201-әскери базасы. Душанбеге аттанар алдында Путин бұл базаны өңірлік қауіпсіздіктің нақты кепілі деп атап, Эмомали Рахмонмен оның алдағы қызметіне қатысты мәселелерді талқылауға ниетті екенін мәлімдеді.
Келіссөздердің тағы бір маңызды тақырыбы – Ауғанстан мәселесі. Путин Рахмонға Ресей үкіметтік делегациясының вице-премьер Алексей Оверчук бастаған құраммен 12 қарашада Кабулға жасаған сапарының қорытындылары туралы ақпарат бермек. Мәскеудің мәліметінше, сапар барысында жалпы сомасы шамамен 169 миллион доллар болатын келісімшарттар жасасу жөніндегі ниеттер туралы 11 меморандумға қол қойылған. Құжаттар сауда, ауыл шаруашылығы, фармацевтика және энергетика салаларындағы ынтымақтастықты қамтиды.
Айта кетейік, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында Ресей мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы екі еседен астам өсіп, 349 миллион доллардан асты.
Мәскеудің Ауғанстанның қазіргі билігімен қарым-қатынасын дамытуы бұл елмен ұзын шекарасы бар Тәжікстан үшін тікелей маңызға ие. Алайда одақтастардың Кабулға қатысты ұстанымдары әртүрлі. 2025 жылдың шілдесінде Ресей «Талибан» үкіметін әлемде алғаш болып ресми түрде мойындады. Ал Душанбе сақтық танытып, Ауғанстанда инклюзивті үкімет құру қажеттігін қолдауды жалғастырып келеді.
Қауіпсіздік мәселелерінен бөлек, президенттер сауда-экономикалық ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды да талқыламақ. Ресей Тәжікстанның ірі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2,47 миллиард долларға жетті.
Екіжақты қарым-қатынаста еңбек көші-қоны да маңызды орын алады. Ресейде жүздеген мың тәжікстандық жұмыс істейді, ал шетелден жіберілетін ақша аударымдары республика экономикасында елеулі рөл атқарады.
Путиннің Тәжікстанға бұған дейінгі сапары 2025 жылдың қазан айында болған. Сол кезде тараптар ынтымақтастық туралы 16 құжатқа қол қойған. Олардың қатарында стратегиялық әріптестік пен одақтастықты тереңдету жөніндегі бірлескен мәлімдеме, сондай-ақ көші-қон, қауіпсіздік, көлік және сауда салаларына қатысты келісімдер бар.
201-әскери база 2004 жылы Тәжікстан аумағында кеңес дәуірінен бері орналасқан мотострелкалық дивизия негізінде құрылған. Оның бөлімшелері Душанбе мен Бохтар қалаларында орналасқан. 2012 жылдың қазан айында қол қойылған келісімге сәйкес, Ресей әскери қызметшілері республика аумағында кемінде 2042 жылға дейін бола алады.
Араздасқаннан кейінгі алғашқы жүздесу. Ресей мен Әзербайжан төтенше жағдай министрлері келіссөз өткізді
