Ақ үйдегі сөз таластыру Еуропа елдерін өзара жақындата түсті. Осы кездесуден кейінгі геосаясаттың беталысы қалай болмақ? Кім кімге жақындап, кім кімнен алшақтайды? Сарапшы пікірі назар аудартады.
Қазіргі Украинадағы ахуалға әлем назар аударып отыр. Қазақстандық дипломат, бұрынғы елші, Хангук шет тілдері университетінің Орталық Азия кафедрасының профессоры Дулат Бакишев Адырнаға халықаралық жағдайды сараптап берді.
- Трамп мен Зеленскийдің кездесуінде киім үлгісіне қатысты мін тағылғаны туралы ақпарат тараған . Киім үлгісі дипломатиялық қарым-қатынаста қаншалықты маңызды рөл атқарады?
- Менің ойым – мін тағылған жоқ. В.Зеленский біраз жыл бойы осы үлгідегі киіммен жүр. Елі соғысып жатыр. Әскерлері жоғарғы қолбасшының осындай киімді киіп жүргенін қалайтын да сияқты. Оның үстіне ол АҚШ - та бұған дейін де бірнеше рет болды. АҚШ мемлекеттік протоколы бұрындары ешбір қарсылық білдірмеген болатын.
Әңгіме басқада. Бұл жолы да протокол тарапынан қарсылық болмады деуге негіз бар. Яғни, оның киімі қабылданған үлгіге сай болды. Тек осыған қатысты бір журналист (Ақ үйдің өтініші бойынша болса керек) агрессивті түрде сұрақ қойды. Бұл қадам шабуыл жасауға қажетті сылтау ғана болды десе дұрыс болады.
Жалпы, халықаралық қатынаста киімге қатысты қатаң ереже, не үлгі жоқ. Десе де киім ресми кездесуге сай, тұлғаның өзі келген және сапармен барған елдің мәдениеті, дәстүрі мен құндылығын ескеретіндей болуы керек. Мысалы, Иранда әйел адамнан протокол басқа орамал тартуды талап етеді. Оның үстіне, елдегі дін мен сенім, дәстүр және қазіргі уақытта қалыптасқан жағдай да ескеріледі. Қысқасы, Зеленскийдің киімі соғысып жатқан елдің лидеріне сәйкес болды.
Ал, бұған дейінгі аптада Ақ үйге екі рет қонақ болып келген Илон Масктың киімі шектен шыққан үлгіде болды. Сол журналист оған ондай сұрақ қоймады. Бұйрық болмады, немесе батылы бармады.
- Зеленский Ақ үйден соң Ұлыбританияға сапарлаған. Бұл тұста кім-кіммен бірікті? Немесе қай елдер бір-бірінен алшақтады?
- Осы тұрғыдан Еуропада жаңалық болған жоқ. Венгрия басшысы Виктор Орбаннан басқасы оны қолдады деуге болады. Өзгеріс Түркиеге ғана байланысты болды. АҚШ - РФ келіссөздері басталғаннан бері Анкара Мәскеуден алшақтап, Киевке біраз жақындай түсті. Лондондағы маңызды саммитке Анкара өкілі де қатысты.
- Польша премьер-министрінің “Еуропа оянды” деген жазбасының астары қандай, мәні неде?
- Еуропаны оятқан – Трамп. Оның өкілдері жуырда өткен Мюнхен қауіпсіздік конференциясында ерсі қылық көрсетті. Мысалы, дамыған Еуропа елдеріне демократия туралы дәріс оқып кетті. Тоқетері – Трамп әкімшілігі АҚШ- тың Еуропадағы дәстүрлі серіктестеріне “біздің қолымыз тимейді, ресурс та аз. Біз ҚХР - ды тежеуге Азия жаққа кетіп барамыз” дегенге келтірді. Бұл да жәй ғана желеу, сылтау. Өтірік десе де болады.
Трамптың бар ойы – елдегі саяси жүйені өзгертіп, автократия жағына елді ығыстырып, бағыттап жіберуді өзіне мақсат тұтып отыр. Еуропа оянбағанда, не ісейді? Басқа амалы жоқ қой. Енді өзін өзі қорғауға көшпесе болмайды. Оның үстіне континентте орналасқан Украина болашағы Еуропаның да болашағы ғой.
- Лондон мен Париждің соғысты уақытша тоқтату туралы ұсынысы қаншалықты жүзеге асуы мүмкін?
- Менің ойым былай. Біріншіден, Трамппен кездесіп келген екі көшбасшы оның сөзіне құлақ асқандай сыңай білдіріп, осындай ұсыныс жасап отыр. Сайып келгенде, бұл ұсыныс сапарға дейін айтылып қойылған.
Жалпы, қазір соғысты тоқтатуға мүмкіндік жоқ. Себебі, оны тоқтата алатын Мәскеу ғана. Кремль жағы тып - тыныш. Медведевтен басқасы үн қатпай отыр. Осыдан біле беріңіз. Бүгінгі күні Донбасты түгел алмай, басқа да қысқа мерзімге қойылған мақсаттарға жетпей Кремль ештеңеге келіспейтін сияқты. Агрессия тоқтамаса, Киев те тоқтамайды. Оның үстіне жер мәселесі қашан да қиын емес пе? Кім өз жерін басқаға беріп қойып тек отырады?
Сондықтан, бұл бастама ғана деген ойдамын. Мұның әрі қарай қалай өрбитінін уақыт көрсетер.
- Әлемдік саясаттағы жаңа үдерістер мен өзгерістер Орталық Азияға қалай әсер етеді? Әрине, оның ішінде Қазақстанға да қатысты мәселе бар ғой...
- Қазіргі жағдайды жалпылама түрде ғана бағалауға болатын сияқты. Себебі Трамптың өзі де құбылып отыр ғой. Бір күні Зеленскийді “диктатор,”- десе, келесі күні “мен олай айтып па едім? Есімде жоқ,”-дей салады.
Дегенмен екі нәрсені анық айтуға болады деймін. Біріншіден, геосаяси тұрғыдан Украинадағы соғыс бізге төнетін қауіпті бізден уақытша алыстатты. Екіншіден, соғыстың салдарынан біздің экономикаға біраз салмақ түсіп тұр. Санкция мен инфляция, девальвация дегендер бар ғой. Бұл – бір мәселе. Онымен қоса біз кіретін ұйымдардың маңызды, тіпті басты ойыншысы болып саналатын Мәскеудің өзі соғысып жатыр. Бұл біз мүше болып кіріп отырған бірнеше одақтардағы жағдайдың тұрақсыздығын білдіреді емес пе? Яғни, сапалы да ұзақ мерзімге арналған көлемді инвестиция елге келмейді деген сөз.
Сонымен қатар геосаясаттың өзгеруі Қазақстанға біраз мүмкіндіктер де туғызып отыр. Ендігі уақытта Еуродақ тарапынан бізге деген қызығушылық арта түсетін болады. Логистика мен көліктен бастап, түрлі шикізат, сирек кездесетін метал мен энергетика салаларындағы ескі және жаңа жобаларды тиімді де молырақ пайда тауып іске асырып, түрлі нарықтарға тауар жеткізу мүмкіндігі туады деген ойдамын. Бәлкім, әлемдегі алдыңғы қатарлы елдер біздің дамуымызға атсалысып, мамандарды дайындау және басқа да үлгідегі түрлі бағдарлама мен жобалар ұсынар. Мұны да көп ұзамай көріп қалармыз деген ойдамын.
- Дмитрий Медведев (Х-те) Лондонда өткен Украина жөніндегі саммитті «орыстарға қарсы шабаш» деп атады. Бұл не дегені, экс-президент нені тұспалдап отыр?
- Ол кісінің жазатын біраз мәтіндері дипломатия мен мемлекет ісінен алыс болғандықтан мен оған қатысты пікір білдірмей-ақ қояйын. Оқырмандар менің пікірімсіз-ақ бәрін дұрыс ұғып, біліп отыр емес пе?
Лондонда керемет кездесу өтті. Еуропа елдері өз мүддесін ойлап, қамданып жатыр. Қауіп төнгесін мемлекет алдымен қорғануды ойлайды ғой. Оның несі айып?
Кез келген ел қауіп төнсе, солай істейді. Лондондағы шара төңірегіндегі барлық дүние парасат пен дипломатияның жоғарғы дәрежедегі үлгісіне сай болды. Мұның бәрін Еуропа біреуге ұнау, не ұнамау үшін істеп отырған жоқ. Бұл шара – қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін уақтылы жасалған аса маңызды стратегиялық қадам. Өткен сайлауларда халықтан осындай мандат алғасын лидерлер уақыт оздырмай сенімді түрде нақты іс-әрекетке көшіп жатыр.
Әлемдегі басқа мемлекеттер де бас қосып, өзгеріп бара жатқан әлемде өз орындары мен одақтастарын қайта тексеріп, қайта тауып, қауіпсіздікті барынша сенімді түрде қамтамасыз етуді ойластыруда. Өзгеріс үстіндегі әлем мен осындай қоршаған ортада басқалардан қалып қоймау да маңызды.
Қалай болғанда мемлекет алдындағы басты мақсат – қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, алға қарай ілгерілеу ғой. Еуропа елдері осының амалдарын жасап жатыр. Бар болғаны сол ғана.
- Көп рақмет!
PS: Сұхбат әзір болғанда Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Трамп пен Зеленский арасындағы сөз тартысын «егжей-тегжейлі болмаған оқиға» деп атап, Украина президенті «дипломатиялық қабілетінің жоқтығын» көрсетті деген пікір білдірді. Песков Украина билігі «бейбітшілікті емес, соғыстың жалғасуын қалайды» деген пікір білдірді.