Ресейдің Сыртқы істер министрлігі (СІМ) АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина басшысы Владимир Зеленский арасындағы келіспеушілікті "саяси және дипломатиялық сәтсіздік" деп атады. Мәскеу Киевті "келіссөз жүргізуге қабілетсіз" және "бейбітшіліктен бас тартты" деп айыптады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DW-ға сілтеп.
Ресей СІМ-нің ресми өкілі Мария Захарова 1 наурызда Зеленскийдің Вашингтондағы сапары сәтсіз аяқталғанын мәлімдеп, оны "бейбітшілікке қарсы" және "жауапкершілікті сезінбейтін" саясаткер ретінде сипаттады.
Министрлік мәлімдемесінде Украинаның 2022 жылғы көктемде бейбіт келіссөздерден бас тартқаны айтылып, Киев "әскери қақтығысты жалғастыру үшін өтірік пен манипуляцияны қолданады" деп айыпталды.
Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, экс-президент Дмитрий Медведев Зеленский мен Трамп арасындағы дауды "Овал кабинеттегі масқара жанжал" деп атап, Украинаға әскери көмекті тоқтатуға шақырды.
Зеленский мен Трамп арасындағы жанжалдан кейін Еуропа көшбасшылары Украинаға қолдау білдірді.
Еске сала кетейік, Зеленский Трамппен Ақ үйдегі кездесуден кейін келіссөздерді аяқтамай, залдан шығып кеткен.