Өзбекстанда Ресей азаматтарын алдаған ірі алаяқтық әшкереленді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Ферғанаға сілтеп.
Өзбекстанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі Ресей азаматтарынан ақша бопсалаумен айналысқан ірі алаяқтық желіні анықтады. Күдіктілер Ферғана мен Ташкентте заңсыз «колл-орталықтар» ұйымдастырып, қоңырау шалу арқылы адамдарды алдаған.
Тергеу мәліметтері бойынша, 1986 жылы туған Ферғана қаласының тұрғыны 32 адамнан тұратын қылмыстық топ құрған. Барлық күдіктілер қамауға алынып, оларға Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 168-бабы (Топ болып жасалған алаяқтық) және 278-2-бабы (Компьютерлік ақпаратқа заңсыз қол жеткізу) бойынша іс қозғалды.
Күдіктілер Ферғана қаласында екі және Ташкентте бір «колл-орталық» ашып, Ресей азаматтарының жеке деректерін заңсыз пайдаланып, оларды алдау схемасын ұйымдастырған. Алаяқтар интернет арқылы биологиялық белсенді қоспалар (БАД) сатып алған адамдардың байланыс деректерін қолданып, оларға Ресей тергеу органдарының қызметкерлері болып хабарласқан. Олар тұтынушыларға «БАД сатушыларынан келтірілген моральдық зиянды өтеу үшін ақшалары қайтарылады» деп сендіріп, оны алу үшін табыс салығын төлеу керектігін айтқан.
Қылмыстық топ мүшелері өздерін Ресей Қаржы министрлігінің өкілдері ретінде таныстырып, құрбандарды арнайы шоттарға ақша аударуға көндірген. Алаяқтардың қанша адамды алдағаны және олардың жалпы қанша ақша иемденгені туралы ақпарат жарияланған жоқ.
Соңғы уақытта интернет-алаяқтық қылмыстық топтар арасында кең тараған әдіске айналып, халықаралық деңгейге жетіп отыр. Мысалы, 2024 жылдың сәуірінде Өзбекстанның Ыстамбұлдағы Бас консулдығы Түркияға баратын азаматтарға мошенниктерден сақ болу керектігі туралы ескерту жасаған. Алаяқтар жалған заңгерлер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері ретінде өзін таныстырып, түрлі жолдармен адамдардан ақша талап еткен.