АСХАТ ҚАСЕНҒАЛИ: Трамптың позициясы белгілі бола бастады. Көңіл көншітерлік емес

2562
Adyrna.kz Telegram

Сонымен Украина-Ресей соғысына қатысты Трамптың нақты позициясы белгілі бола бастады. Және бұл позиция көңіл көншітерлік емес.

Трамп Путинмен сөйлескенін айтты. Бұл туралы ол Truth Social желісіне жазды. Былай дейді:

"Мен жаңа ғана Ресей президенті Владимир Путинмен ұзақ уақыт телефонмен сөйлестім. Біз Украинаны, Таяу Шығысты, энергетиканы, жасанды интеллектіні, доллардың ықпалын және басқаны сөз еттік. Біз екеуміз де өз халқымыздың ұлы тарихын еске алдық және Екінші дүниежүзілік соғыста бірге соғысып, жеңіске жеткенімізді айттық. Ресей ол сәтте ондаған миллион халқын жоғалтты, бізде аз шығынға ұшырамадық. Біз өз еліміздің қуаты мен болашақтағы өзара әріптестік арқылы табуға болатын пайданы айттық. Алайда ең алдымен біз Ресей мен Украина арасындағы соғысты және жаппай қырғынды тоқтату жайлы келістік. Президент Путин тіпті менің сайлау науқанындағы «Сергек ой» ұранымды да қолданды. Екеуміз де осыған сенеміз. Біз тығыз байланыс ұстауға келістік және екі ел арасындағы сапарды да ойластырудамыз. Сонымен бірге біз өз командаларымызға дереу арада келіссөзді бастауға тапсырма беруге келістік. Менің бірінші қадамым Украина президенті Зеленскийге қоңырау шалудан басталады, мен оған қазір хабарласып, Путинмен сөйлескенімді айтамын. Мен Мемлекеттік Хатшы Марко Рубиоға, ЦРУ директоры Джон Рэтклиффке, Ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесші Майкл Уолтцқа және арнайы өкіл Стив Уиткоффқа келіссөзді бастауға тапсырдым және оның нәтижелілігіне сенемін. Мен президент болсам бұл соғыс болмас еді және миллиондар өлмес еді. Алайда соғыс болды, демек оны аяқтау қажет. Енді адамдардың ғұмыры үзілмеуі тиіс!Мен президент Путинге осы әңгіме барысы үшін алғыс айтқым келеді және кеше керемет жан Марк Фогельді босатқанына ризашылық білдіремін. Мен оны Ақ үйде өзім күтіп алдым. Мен бұл процесстің жақын арада қақтығысты тиімді реттейтініне сенемін!" - деп жазды.

Трамптың әңгімесінен не ұғуға болады?

Біріншіден, Трамп Зеленскиймен сөйлесіп, қақтығыс нүктелері бойынша ортақ көзқарас қалыптастырып, артынша Путинге хабарласуы тиіс еді. Логика бойынша солай. Алайда ол Путинмен бірінші сөйлесті және түйісетін нүктелерді анықтады.

Екіншіден, Трамптың постында арнайы өкіл Уиткофф жайлы айтылды. Уиткофф негізінен Таяу Шығыс бойынша арнайы өкіл еді, ал Украина бойынша арнайы өкіл Кит Келлогг болатын. Келлогг жайлы бір ауыз сөз жоқ. Соғысты аяқтауға қатысты нұсқаларды Келлогг ұсынады, бірақ ол туралы ештеңе айтылмады. Келлоггтың пікірі де, жұмысы да, осы уақытқа дейін өткізген кездесулері де қаншалықты маңызға ие екені түсініксіз болып қалды. Алдағы Мюнхен қауіпсіздік конференциясында ол Еуропа елдерімен кездеседі. Не айтарын көреміз.

Үшіншіден, бүгін "Рамштайн" кездесуі өтті. АҚШ-тың Қорғаныс министрі Пит Хегсет қатысты. Алғаш рет Рамштайн кездесуінде АҚШ Украинаға әскери көмек пакетін жарияламады. Хегсет АҚШ үшін негізгі бәсекелестік аймақ Қытай өңірі екенін айтты. Қазір АҚШ-тан Украинаға келіп жатқан қару Байден беріп кеткен қарулар. Ал Трамп қару беруді жалғастыра ма, жоқ па, ол жағы беймәлім.

Ashat Kasengali

Пікірлер