USAID қызметінің қысқаруы. Отандық сарапшылар көзқарасы

985
Adyrna.kz Telegram

Шетелде көмек көрсетуге арналған америкалық агенттік - USAID қызметінің тоқтауы біраз ұйымдарды әуре-сарсаңға салғандай. Осы күндері АҚШ-тың мемлекеттік қызметшілер федерациясы USAID гранттарын қайтаруды талап етуде. Агенттіктің федералдық қызметкерлерін ұсынатын топтар АҚШ үкіметін сотқа берді. Өйткені бірнеше күн бұрын Президент Дональд Трамп «қаржы жөн-жосықсыз жұмсалып жатыр, жемқорлыққа жол берілді» деген себеппен агенттік жұмысын 90 күнге тоқтатқан болатын. Айта кетелік, Халықаралық Даму агенттігі (USAID) дамушы елдерде әлеуметтік, экономикалық және экологиялық тұрақтылықты нығайту мақсатында қаржылық және техникалық жәрдем береді. Бүгінде бұл көмек тоқтағаннан кейін агенттіктің бірқатар елдердегі бөлімдері жабылып, мыңдаған адам жұмыссыз қалудың алдында тұр. USAID жобаларының қысқаруына қатысты отандық сарапшылар өз пікірлерін білдірді.

Трамп шешімі: бәрі рейтинг үшін бе?  

Саясаттанушы Ернұр Молдашевтың пікірінше, USAID қызметін тоқтатудың басты себебі – АҚШ Президенті Дональд Трамптың өз электоратының алдында өз рейтингін көтеруге деген ұмтылысы.

«Жалпы Трамп өзін Президент етіп сайлағандардың, яғни Америка халқының көңілінен шығуды қалайды. Бұл жерде мәселе агенттік өкілдері жіберген қателіктерде де емес, бұның себебін АҚШ-тың саяси конъюктурасында түсіну керек. АҚШ-тың саяси конъюктурасы, саяси ориентирлері өз-өзіне негізделген, бұл ел қаншама алпауыт болғанымен АҚШ Президентінің негізгі мақсаты өз электоратының көңілінен шығу, халқының алдында өз беделін нығайту. Қарапайым тілмен айтқанда, ол классикалық ұстамды институционалды адам емес, ол өзгеше президент, яғни Дональд Трамп өзін қайталанбас, айрықша тұлға ретінде көрсеткісі келеді. Халыққа түсінікті, айқын, қарапайым шешімдер қабылдайтын адам. Ол саяси жүйеде қайнап шыққан заңгер, экономист, теоретик, интеллектуал емес. Трамп өзін ешкімнің ойына келмеген дүниелерді істейтін тұлға ретінде ұстайды», - деді ол.

Саясаттанушының пайымдауынша, АҚШ-тың қазіргі Президенті Трамп «біз және басқалар» деген ұстанымда.

«Мысалы Байден қалыптасқан жүйенің адамы болса, бұл оған кереғар жүрмекші. Ол алдыңғы Президент Байденнің қабылдаған шешімдерін, АҚШ жүйесінде қалыптасып қалған құндылықтардың барлығын қопарып, бұзып, сол жүйенің кемшіліктерін жариялау ақылы бұл өзін бір жаңа буынның, жаңа форматтың адамы ретінде көрсетуді діттейді. Соның ішінде USAID, мигранттар саясаты, гендерлік теңдік, нәсілдік алалушылық және т.б осыған дейінгі АҚШ-тағы баршаға ортақ құндылықтарды, идеологиялық нарративтерді қайта қарастыру үстінде. Жақында Оңтүстік Африкада ақ нәсілділерді кемсіту туралы да әңгіме айтылды. Яғни Трамп «біз және басқалар» деген ұстанымды алға тартып, барлығына көмектесетін Американың образын өзгерткісі келеді. Міне, осылардың ішінде USAID та бар. Агенттік қаншама жылдардан бері әлемнің алты құрлығындағы мыңдаған мәселені шешіп жатса, әрине ол жерде нешетүрлі проблемалар туындайды. Қанша шетел, қаншама жоба болса, соншама түйткілдің туындайтыны заңдылық. Осынша ауқымда жұмыс істеген соң кемшіліктер де болады, қаржылық жағынан да қателеспеу де мүмкін емес», - деді Ернұр Молдашев.

Саясаттанушының ойынша, USAID жобаларының қысқаруы секілді өзгерістер елімізге қатты әсер етпейді.

«Қазақстандағы тыныштық, демократия, адам құқықтарының сақталуы дәл осы USAID қа қарап тұрған жоқ. Олардың Қазақстанға бөліп жатқан ақшалары да қомақты емес. Соншалықты әсері орасан зор болады деп ойламаймын. Дегенмен USAID қызметінің тоқтауы сол қолдауламен күн көріп отырған, сол гранттармен жұмыс істеп жүрген ұйымдарға қатты әсер етуі мүмкін. Ол ұйымдар Қазақстан үшін, азаматтық қоғам, жаңа саяси мәдениет үшін аз да болса қызмет етіп жатыр. Бұл жерде барлығы Дональд Трамптың, Илон Масктың амбицияларына, позицияларына, болашаққа арналған жоспарларына байланысты. Бұл аз кезеңге ғана жоспарланған дүние болуы мүмкін. Содан кейін үйреншікті жүйеге негізделген саясатымен жүре беруі де ғажап емес», - деп ой түйіндеді Ернұр Молдашев.

Халықаралық сахнадағы салдары қандай?

Саяси ғылымдар докторы Жомарт Сімтіков, агенттік қызметінің тоқтауы  халықаралық сахнаға қаншалықты әсер ететіні жайлы сөз қозғады.

«USAID елімізде 1992 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Түрлі бағдарламалар арқылы денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым салаларында көмектеседі. Бұл қызмет  тоқтаса, дамушы елдердің даму деңгейі баяулап, әлеуметтік-экономикалық қиындықтар пайда болуы ықтимал. Екіншіден, агенттіктің осы уақытқа дейін тұрақтылық пен бейбітшілік орнатуға ықпал етіп келгенін ескерсек, қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылық төмендеп, кейбір аймақтарда жанжалдар мен шиеленістердің күшеюі мүмкін. Үшіншіден, бұл халықаралық қатынастардағы бәсекелестікті арттырып, АҚШ-тың ықпалын төмендетіп, әлемдік бәсекестілікте Қытай мен Ресейдің ықпалы артуы мүмкін. Мұның бәрі АҚШ-тың дипломатиялық беделіне кері әсері етпек», - деді ол.

Алпауыт елдің қос стандарты: демократия мен ашықтық қайда? 

АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі салық төлеушілердің қаржысын күмәнді жобаларға жұмсағаны туралы ақпарат бүкіл әлемге тарап кетті. Бұдан демократиялық қоғамның үлгісі деп санайтын көшбасшы елдің өзінде ашықтық мәз емес екенін байқау қиын емес.

«АҚШ салық төлеушілерінің қаржысы тиімді және адал мақсаттарға жұмсалуы тиіс болғанымен іс жүзінде олай болмай тұр. Кейбір жобаларға қаржы бөлгенде олардың тиімділігін, нәтижелерін және мақсаттарға сәйкестігі мұқият бақыланбаған. Бұл агенттіктің мониторинг және есеп беру жүйесінің әлсіздігін көрсетеді. Ішкі бақылау  жеткіліксіз болған сияқты. Егер USAID ашық есеп бермесе және жобалардың тиімділігін бақыламайтын болса, сыбайлас жемқорлықтың болу ықтималдығы артады. Бұл, өз кезегінде, АҚШ үкіметі мен халықаралық даму институттары арасындағы сенімге сызат түсіруі мүмкін», - дейді Жомарт Сімтіков.

АҚШ үкіметінің өзге елдердегі, әсіресе дамушы немесе өтпелі кезеңдердегі елдердегі жемқорлықты жиі сынға алатыны белгілі. Бұл сыртқы саясаттың бір бөлігі ретінде, Америка өзінің халықаралық даму бағдарламалары мен дипломатиялық байланыстарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуді басымдыққа алады. Бірақ, АҚШ ішіндегі жемқорлық пен басқа да мәселелерді ескеретін болсақ, бұл сыни көзқарастарға қайшы келуі мүмкін.

«АҚШ-та да жемқорлықтың түрлі деңгейлері бар, бұл тек саяси немесе мемлекеттік секторда ғана емес, бизнестегі қаржылық операциялар мен жеке секторда да байқалады. Солай бола тұра АҚШ өзге елдердегі жемқорлықты жиі сынап-мінеп отырады, сонымен қатар бұл көзқарастар кейде екіұшты және саяси мотивтермен түсіндіріледі. Бұл жағдайда Америка өз позициясын моральдық тұрғыдан дұрыс көрсетуге тырысады, бірақ басқа елдерге қатысты халықаралық стандарттарды өздері толық сақтамайды. Жалпы, олар  басқа елдердегі жемқорлықты сынай отырып, кейде өзінің ішкі мәселелері мен кемшіліктерін ескермейтіні байқалды. Жалпы бұл алпуаыт ел өзіне де сыни көзқараспен қарап, ішкі мәселелерін де тиімді шешіп, шынайы халықаралық эталон бола алады», - деп пайымдайды саясаттанушы.

Қазақстанға ықпалы қаншалықты?  

Сонымен қатар Жомарт Сімтіков USAID жобаларының қысқаруы және оның Қазақстанға әсеріне қатысты маңызды мәселелерді атап өтті.

«USAID Қазақстанның дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Оның   Қазақстандағы қызметінің жабылуы елдегі әлеуметтік және экономикалық жобаларға әсер етуі мүмкін. Денсаулық сақтау, білім беру, адам құқықтары және басқа да әлеуметтік саладағы жобалардың тоқтауына немесе әлсіреуіне  әкеп соқтырады. Әсіресе ауылды жерлерде медициналық қызмет көрсету, халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған көмек немесе әйелдер мен балаларға арналған білім беру бағдарламалары зардап шегуі мүмкін. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, инфрақұрылым, жаңа технологияларды енгізуге және бизнесті дамытуға бағытталған қолдаулар қысқаруы ықтимал. Су ресурстарын басқару, энергия тиімділігін арттыру және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету салаларындағы инфрақұрылым мен экологиялық жобалардың азаю қаупі бар. Қаржылық және техникалық көмек көрсету саласы кенжелеуі мүмкін. Үкіметтік емес ұйымдардың қаржылық жағдайына кері әсерін тигізіп, олардың қызметін шектейді деген жорамал да бар. Дегенмен Қазақстан үкіметі басқа халықаралық серіктестермен, даму агенттіктерімен және жеке сектормен ынтымақтастықты нығайту арқылы осы бос орынды толтыруға тырысатын болады деп ойлаймын. Жалпы алғанда мұндай жағдайда Қазақстан өзіміздің үкіметтік емес ұйымдарымызды дамытып, ұлттық идеологиямызды ұлықтап, өзіміздің бірлік-берекемізді арттыруды ғана ойластырғанымыз абзал», - деді саясаттанушы.

Меруерт Райым

Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Девушка из г Дейтон опозорилась на всю Беларусь! Видео ошеломит
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Это спасет потенцию даже в 70 лет! Продается в каждой аптеке...
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Позвали Таню, и жены начали уводить мужей. Не стесняется стыдобы
Пікірлер