Намибияның тұңғыш президенті Сэм Нуйома 95 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Саясаткер соңғы үш аптасын ауруханада өткізіп, денсаулығының нашарлауына байланысты ем қабылдаған.
Сэм Нуйома 1929 жылы Намибияда дүниеге келген. Ол кезде ел Оңтүстік-Батыс Африка деп аталып, Оңтүстік Африка Одағының бақылауында болған. Жас кезінде теміржолда жұмыс істеп, саясатқа қызығушылық танытқан. Оның басты мақсаты отаршылдық биліктен елін азат ету еді.
Намибия 1884-1915 жылдар аралығында Германияның отарында болды. 1959 жылға қарай Нуйома Овамболенд халық ұйымының жетекшісі атанды. Бұл қозғалыс кейіннен Оңтүстік-Батыс Африка халық ұйымасына (СВАПО) айналып, Намибияның тәуелсіздігі үшін басты күрес күші болды. Бүгінде бұл партия елдің билік басындағы партиясы.
1960 жылы Нуйома елден қуылды. Ол Замбия, Танзания және Анголада тұрды. Намибияның тәуелсіздігін мойындату үшін БҰҰ-ға жүгінді, бірақ Оңтүстік Африка Республикасы (ОАР) бұған қарсылық білдірді.
1966 жылы Намибияда тәуелсіздік үшін партизандық соғыс басталды. Нуйома бұл соғысты эмиграциядан басқарды.
1989 жылы, ОАР Намибиядан бас тартуға келіскен кезде, Нуйома еліне оралды. 1990 жылы, 25 жылға созылған соғыстан кейін, Намибия тәуелсіздігін алды.
Сол жылы өткен алғашқы президенттік сайлауда Нуйома үлкен басымдықпен жеңіске жетті. Кейін 1994 және 1999 жылдары қайта сайланды. Конституцияға өзгеріс енгізіп, үшінші мерзімге сайлануға мүмкіндік алғаны үшін сынға ұшырады.
2005 жылы Нуйома президенттік қызметтен кетті, ал 2007 жылы СВАПО партиясының басшылығынан да бас тартты. Ол бұл партияны 47 жыл басқарды.