Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines компаниясының Баку – Грозный рейсінің ұшағынан тесіп өткен бөгде заттар табылды. 40 күннен соң апаттың алғашқы есебі жарияланды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Тесік түріндегі зақымдардың көбісі фин мен тұрақтандырғышта орналасқан. Зақымдарды визуалды тексеру нәтижесінде олардың кейбіреулері толық өтіп кеткені, ал кейбіреулері тек бітелген/толық емес зақымдар екені байқалды. (…) Сыртқы заттармен болған тесік түріндегі зақымдардың табиғаты мен шығу тегін анықтау үшін қажетті зерттеулер мен сараптамалар жүргізіледі», – делінген алдын ала апаттың тергеу нәтижелерінде.
Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer-190 ұшағымен болған оқиғаны тергеу туралы алдын ала есеп Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің ресми сайтында жарияланды.
Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer-190 ұшағымен болған оқиғаны тергеу туралы алдын ала есеп мәліметінше "Кілем" жоспарының енгізілгені және әуе кемеге құстардың соғылғаны туралы хабарлайды.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 2024 жылы 25 желтоқсан күні болған еді. Бұл трагедияның салдарынан ұшақтың капитаны Игорь Кшнякин, екінші пилот Александр Кальянинов және аға бортсерік Хәкима Әлиевамен қатар 38 адам қаза тапқан болатын. Оларға Әзербайжанның ұлттық қаһарманы атағы берілді.
Келесі күні, 26 желтоқсанда бастапқы мәлімет бойынша ұшақ Ресейдің «Панцирь-С1» әуе қорғаныс жүйесі арқылы атып түсірілгенін хабарланған болатын. Кейінірек Ресей тарапы трагедияның себептерін бұлыңғырлатуға тырысып, түрлі болжамдар ұсынды.
Болжам бойынша, Грозный әуе кеңістігінде ұшақ ресейлік әуе қорғаныс жүйесінің шабуылына ұшырағаннан кейін бағытын өзгертуге мәжбүр болған, осылайша Қазақстанға жетіп апатқа ұшыраған.
27 желтоқсанда Росавиация БПЛА-ға (ұшқышсыз ұшақтарға) қарсы іс-шаралар жүргізу жоспары бойынша жұмыс жүргізілгенін растады. 27 желтоқсанда Azerbaijan Airlines апаттың себебін «физикалық және техникалық кедергілер» деп атады.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев апатқа Ресей өкілдері кінәлі деп мәлімдеп, Мәскеу өтемақы төлеуі керек деген талап қойды.
Кейін Ресей президенті Владимир Путин Әлиевке ұшақ «Ресейдің әуе кеңістігінде апатқа ұшырағаны үшін» кешірім сұрады. Ресей билігі Әзербайжан ұшағы Грозныйға қонбақ болған кезде украиналық дрондарға байланысты қала төбесінде әуе қорғаныс жүйесі іске қосылып тұрғанын мойындаған.
Кейін Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауының тергеу қорытындыларын күтіп отырғанда Ресей тарапы кінәлілерді жазалаудан гөрі, мәселені мағынасыз таласқа бұруға тырысқанын хабарладық.
Аталған даудың басы Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың «қара жәшіктерден» алынған деректер «медиа кеңістікте тараған ақпаратты растамайды» деген мәлімдемесінен басталған болатын. Ал Қазақстан вице-премьері Қанат Бозымбаев шынайы деректің таралып кеткен мәліметтен айырмасы барын айтқан. Оның айтуынша, Бразилияда ашылып оқылған қара жәшік мәліметтері зерттеліп, өткен аптада алдын-ала қортындысы жариялануы керек болатын.