«Туған анам сөйлеспей қойды...» Шетелдік әйел асырап алған төрт бала

612
Adyrna.kz Telegram

39 миллион адамы бар Калифорния штатында  қазақ қызы Наргиз тұрады. Оны кішкентай кезінде шетелдіктер асырап алған. Қыз баланың тағдырына қатысты белгілі журналист Жанар Байсемізованың "Шетелдегі қазақ балалары" атты авторлық бағдарламасында арнайы тақырып көтерілді.

Наргиз - Қостанайдың қызы. Оның шетелдегі есімі – Кира. Қызды асырап алған америкалық әйел Қазақстаннан тағы үш баланы бағып алған. Ол бүгінде Калифорния университетінде психология мамандығын оқып жатыр. Ол қазақ тілінде «қалың қалай?», «қалайсың?», «сау бол!» «Қайырлы таң!» «қайырлы түн!» деген сөздерді білетінін айтты.

«Қазақ тілін үйрену үшін әлі көп еңбектенуім керек. Бірақ, мен қалай да қазақша сөйлеп үйренемін», - дейді ол.

ҚАЗАҚТАР БАС ҚОСАТЫН ЛАГЕРЬ

Сондай-ақ, шетелдегі қазақ баласы қазақша әндерді сүйіп тыңдайтынын айтады. «Дос-Мұқасан» тобының «Куә бол» атты әнін де жатқа біледі екен. Ол сондағы «Қазақ ауылына» да барғанын атап өтті.

«Бала кезімде «Қазақ ауылы» деген жазғы лагерьге баратынмын. Сол жерде қазақ тілін үйрететін. Қазақ музыкасын да тыңдадық. Домбыра тартып, қазақ биін үйрендік. Абай мен Нұрғиса Тілендиевтің әуендеріне билейтінбіз. Сол жерде қазақ мәдениетімен таныстым. Бірақ лагерьдегі уақыт шектеулі болғандықтан толық игеріп кете алмадым», - дейді Наргиз (Кира).

Бүгінде «Қазақ лагерьін» үш америкалық әйел қолға алған.

«Қазір бала асырап алу бағдарламасы жабық. 2004-2005 жылдары Қазақстаннан бала асырап алу өте қарқынды жүрген. Қазір лагерьде бұрынғыдай қазақ тілі сабағын өткізбейміз. Әйтсе де қазақ ауылының басты тақырыбы – қазақ қоғамы. Түрлі ойындар арқылы қазақ мәдениеті мен тілін балалардың бойына сіңіріп жатырмыз», - дейді лагерь жұмысын іске асырып отырғандардың бірі Кристин Хиппили.

ТӨРТ БАЛАНЫ АСЫРАП АЛҒАН ӘЙЕЛ

Қостанайдың қызы шетелдіктер асырап, шекара асқанға дейін Наргиз Келдібай атанған. Бір жас үш айлығында оны америкалық әйел асырап алған.

Шэлли Форнам бүгінде төрт  бірдей қазақ баласын асырап отыр. Ол Наргиз –Кира, Индира – Лейна, Бақытжан – Джон, Нұркен – Мэтью есімді балалардың анасы.

«Кей адамдар балалы болғаннан соң жақсы ата-ана болмайтынын түсініп жатады. Ол кезде бәрі кеш. Ұзақ уақыт бойы бала асырап алуға жүрексіндім. Жақсы ана бола аламын ба деп көп ойландым. Он жыл тұрмыста болдым. Бірақ ажырасып кеттім. Өзім бала көтере алмайтынымды білдім. 2001 жылдың тамызында бала асырап алуға құжат тапсырдым. Кираны асырап алғанда 47 жаста едім. Басынан-ақ екі ұл, екі қыз асырап аламын деп жоспарладым», - дейді жол апатынан аман қалған Шэлли Форнам.

Ол Кираны – 2002 жылы, қалған балаларды 2004-2007 жылдар аралығында асырап алған. Индира мен Бақытжанды бір жасында Астанадан, Нұркенді екі жасында Арқалықтан алған екен.

«Кираны асырап аларда дәрігерлер оны «ешқашан жүре алмайды» деп айтты. Бірақ, Америкаға келген соң ол 1 айдан соң жүріп кетті. Демікпесі бар. Бірақ, жүгіреді. Лейнаның (Индира) денсаулығы болмай жүр. Бәлкім, тұқымында бар ауру ма, білмейміз. Джон шала туған екен. Сал ауруына шалдыққан. Асырап алғанда көзі қыли болды. Бірнеше рет операция да жасаттым. Ал Мэтьюдің денсаулығы жақсы», - дейді әйел.

БАУЫРЛАРЫМ МЕН ТУРАЛЫ БІЛМЕЙДІ...

Кира (Наргиз) 6-7 жасында туған анасы туралы сұрай бастаған екен.  Шэлли Қазақстаннан адам жалдап, арнайы туған анасын іздеп тапқанын айтады. 12 жасында Кираны Қазақстанға әкелген. Бірақ, туған анасы ол кезде үшінші баласына аяғы ауыр болған. Ол тек туған анасымен 18 жасында кездесе алған.

«Туған анамды алғаш рет 2019 жылы көрдім. Қостанайда екен. Бұл құпия кездесу болды. Қатты қобалжыдым. Мені көргенде «Наргиз» деп құшақтай алды. Өзінің сол кездегі жағдайын түсіндіріп, жылады. «Сен мені жек көресің бе?» деп сұрады. Соны қатты білгісі келді. «Жек көрмеймін, түсінемін» дедім. Мені туғанда тұрмысқа шықпаған, жас әрі студент болыпты. Сол кезде мені мемлекеттің қарауына беруден басқа амал көрмепті. Өзі бір кішкентай ауылдың қызы екен. Оны қолдаған ешкім болмапты. Кездескенге дейін шамамен 10 жылдай сурет жібердік. Тығып, қарап жүреді екен. Менің ойымша, ол мені бір көруге зар болды. Амандығымды білгісі келді. Маған көп сұрақ қойды. Не істедім, бәрін білгісі келді. Жүзі түнеріп, жанын қоярға жер таппағаны байқалды», - дейді ол.

Наргиз өзінің туған анамымен жасырын кездескенін айтты. Себебі ол отбасына Наргиз туралы ештеңе айтпапты. Ал қыздың әкесі Наргиздың туған анасымен кездескенге дейін отбасылы, үш балалы әке болған. Сол себепті Наргиз туралы ешқандай ақпарат айтылмаған. Бүгінде Наргиз (Кира) туған анасымен сөйлесуді тоқтатқан екен.

Пікірлер