Облыс әкімін мәслихаттар арқылы сайлау тәжірибесі қолданыла бастады. Бірақ оған сарапшылар күманмен қарайды. Сайлаудың бұл түрін тағайындау деп қарастыратындар да бар.
Түркістан облысының мәслихат депутаттары аймақ басшысын сайлады. Мәслихат депутатының 224-і Нұралхан Көшеровті, ал қалған 64 азамат Мұхит Тұрысбековты таңдады. Сонымен не керек, депутаттардың шешімі бойынша, Түркістан облысының әкімі болып 40 жастағы Нұралхан Көшеров тағайындалды.
«ОБЛЫС ӘКІМІН САЙЛАУ ТЫҢ БАСТАМА БОЛДЫ»
Соңғы жылдары президент мәслихат депутаттары сайлаған облыс әкімдерін тағайындап жүр. Мұны билік «Жаңа Қазақстанның» жасампаз қадамдарының бірі ретінде дәріптейді. Ал шын мәнінде облыс әкімдерін сайлау шынайы реформа ма, жоқ әлде көзбояшылық па?
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев облыс әкімдерін мәслихат депутаттары сайлауы өте маңызды қадам екенін айтады. Әйтсе де ол бұл жаңашылдық бірден емес, 5-10 жылда оң өзгеріс әкелетінін ескертті.
- Облыс әкімдерін мәслихат депутаттары сайлау бір күнде ақталатын дүние емес, ол ұзақ мерізімді реформа. Мүмкін бұл тәсіл кейбір жерлерде институционалдық форма түрінде іске асып жатқан шығар. Ал шынайы сайлау өткізу үшін сайлаушылар керек. Мәслихат депутаттарының ішкі бостандықтары бар ма, жоқ па деген сұрақ туындайды. Бұл жерде президенттің жауапкершілігі ғана емес, әр адамның жауапкершілігі маңызды. Сондықтан облыс әкімін таңдау бір күнде шешіле салатын нәрсе емес. Әкімді сайлау үшін қоғам мен мәслихат депутаттары өсіп, олардың ішкі бостандықтары пайда болуы керек. Мәслихат депутаттары «Президент ұсынды екен» деп кандидатты қолдай салуы да мүмкін. Мұны қазір нақты айту қиын, - дейді ол.
Ол облыс әкімін мәслихат депуттары дауыс беру арқылы таңдауды бүгінгі күнмен есептеуге болмайды. Алдағы 5-10 жылда бұл реформа өз жемісін беретін болады.
- Мысалы Америкада президентті біздің елдегідей әр адам дауыс бермей, арнайы сайлаушылар алқасы арқылы сайлайды. Бүгінгі мәслихат депуттаттарын халық сайлады ғой. Олар халықтың өкілі ретінде әкімді сайлап жатыр. Болашақта әкімдікке үміткерлерді саяси партия өкілдері ұсынып қалуы да әбден мүмкін. Сондай-ақ бұрынғыдай президенттің өзі ұсынып, тағайындай беруі де мүмкін. Әйтсе де бұл тәсіл бұрынғыдай тура тағайындалғаннан қарағанда демократияға қарай бір қадам жасалған әрекет. Мен үшін бұл жаңашылдық болып отыр. Себебі мәслихат депутаттарының сайлау арқылы облыс әкімін таңдаудың қалай болғанда да пайдасы болады. Бір сөзбен айтқанда облыс әкімін сайлау тың бастама болды, – дейді сарапшы.
«ӘКІМДІ ДЕПУТАТТАР САЙЛАЙДЫ ДЕГЕН – КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ»
Талғат Қалиевтың пікірімен саясаттанушы Қазыбек Бейсебаев мүлде келіспейді. Себебі ол мәслихат депутаттары облыс әкімін сайлайды деген көзбояушылық екенін ескертті.
- Қазіргі кезде президент әкімшілігі облыс әкіміне лайықты 2 кандидатты ұсынады. Бірақ ол кандидатты кім және қандай критерий бойынша ұсынады? Мысалы мен Астанада отырып «Түркістан облысына әкім болуға мына адам лайықты» деп қалай шешім қабылдаймын? Негізі Астанада отырып, өңірдегі әкімдерді тағайындау дұрыс емес, - дейді ол.
Сарапшы алыста отырып аймақтар үшін шешім қабылдауға күманмен қарайды.
- Қазір екі кандидатты мәслихатқа ұсынып, солардың дауыс беруі арқылы әкімді тағайындап жатырмыз. Бұл өзі қалай болады? Егер екі кандидатты мәслихат депутаттары ұсынып, оны президент бекітіп берсе, онда ол басқа әңгіме болар еді. Бір сөзбен айтқанда, облыс әкімін тағайындау жүйесі дұрыс емес. Себебі президент әкімшілігінде отырған адам қай облысқа қай кандидат лайық екенін қайдан біледі? Мысалы мен бір облысқа әкім болғым келеді делік. Маған қандай талап қойылады? Кандидаттың жасы мен біліміне байланысты талап бола ма? Өкінішке қарай біз қандай талап-тілек бар екенін білмейміз, - дейді Қазыбек Бейсебаев.
Ол облыс әкімін тағайындау жүйесін өзгерту керек деп есептейді.
- Мысалы Түркістан облысына әкім болғысы келген адамның өңірді дамытуға байланысты кешенді бағдарламасы болып, оны жұртқа таныстыру керек емес пе? Айталық, кандидаттың «Өңірде 20 көпір немесе 200 шақырым жолды жөндеймін» деген нақты жоспары болуы керек. Бір қызығы әкім сайлауына кандидат екі азаматтың да ондай бағдарлама жоқ. Шындап келгенде облыс әкімін мәслихат депутаттары сайлайды деген – көзбояушылық, – дейді ол.
ОБЛЫС ӘКІМДЕРІН САЙЛАУ ҚАУІПТІ МЕ?
Осы ретте облыс әкімін ауыл мена аудан әкімі секілді халықтың өзі тікелей неге сайламайды деген сұрақ туындайды? Бірақ Талғат Қалиев бұл бастаманы құптамайды.
- Болашақта облыс әкімін халық өзі тікелей сайлауы мүмкін. Бір-екі жылдан бері аудан әкімі сайлауын бірнеше өңірде пилоттық режимде енгіздік. Ал биылдан бастап аудан әкімдерін халық өзі жаппай сайлайтын болды. Ал облыс әкімдерін халықтың өзі сайлауы қауіпті реформа деп ойлаймын. Кейбір көршілеріміздің әрекетіне байланысты облыс әкімдерін қазір сайлаудың қажеті жоқ, – дейді ол.
Ал Қазыбек Бейсебаев болса, Талғат Қалиевтің пікірімен тағы келіспейтінін айтады.
- Облыс әкімдерін сайлауды Ресеймен шекаралас өңірде өткізу қауіпті деген – бос сөз. Себебі солтүстік Қазақстан облысында қазір қазақтар баршылық. Жалпы облыс әкімін халықтың өзі тікелей сайлап алу керек. Сонда ғана елімізде экономикалық өсім болады, – дейді ол.