Ресейлік редактор Симоньян Қазақстанға қатысты тағы да дау тудырды

545
Adyrna.kz Telegram
Фото: Роман Пименов / ТАСС
Фото: Роман Пименов / ТАСС

Ресейлік Маргарита Симоньян «Эхо» радиостанциясына берген сұхбатында Қазақстанға әскер жіберу арқылы «бармалейлермен» күресуге дайын екенін айтып, кезекті рет даулы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ агенттігіне сілтеп.

«Мен Украинада, Сирияда және егер тағы да шақырса, Қазақстандағы қандай да бір "бармалейлермен" күресу үшін (соғысуды) өзімізге мүмкіндік бере алатын болсақ, өте бақытты болар едім», – деді Симоньян.

Ал “Бармалей” Корней Чуковскийдің доктор Айболит туралы ертегілеріндегі зұлым, тонаушы әрі каннибал кейіпкер ретінде танымал.

ҚазТАГ редакциясы «Россия Сегодня» агенттігінің бас редакторы болып табылатын Симоньянға сұрақтар жолдап, оның «бармалей» деп кімді меңзегенін және 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларына қатысты пікірін нақтылауды сұрады.

Бұл Симоньянның Қазақстанға қатысты алғашқы жанжал тудыруы емес. 2022 жылғы ақпанда Қазақстанның сепаратистік «ДНР» мен «ЛНР»-ді мойындамау туралы мәлімдемесіне ол наразылық білдіріп, мұны «алғыссыздық» деп атаған еді.

«Біз оларды не үшін құтқардық сонда?» – деп, ол Қаңтар оқиғалары кезінде Қазақстанға ҰҚШҰ күштерін енгізуді меңзеген болатын.

Депутат Айдос Сарым Симоньянның бұл мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.

"Құдайға шүкір, Маргарита Симоньян – Қазақстанның сыртқы саясатына әсер ететін тұлға емес, ол министр де, депутат та емес", – деді.

Симоньянның күйеуі, тағы бір ресейлік насихатшы Тигран Кеосаян да Қазақстанға қарсы пікірлерімен танымал. 2022 жылғы сәуірде оның Қазақстанға қоқан-лоқы жасап, қорлаған сөздері ел ішінде және халықаралық деңгейде наразылық тудырған болатын.

Пікірлер