БРИКС-тің серіктестері туралы енді Қытай айта бастады. Серіктестер үнсіз

329
Adyrna.kz Telegram
Фото: time.kz
Фото: time.kz

Қытай БРИКС-тің мүше мемлекеттері мен серіктес елдерімен бірге әртүрлі салаларда практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин сейсенбі күні айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Кезекті брифингте Мао Нин Ресейдің дүйсенбі күні 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап БРИКС серіктес елдерінің тізімін жариялауына байланысты пікір білдірді.

БРИКС серіктес елдері санатының құрылуы – биыл қазан айында Ресейдің Қазан қаласында өткен БРИКС саммитінің маңызды нәтижелерінің бірі.

Мао Нин саммиттен кейін Индонезия, Малайзия, Таиланд, Беларусь, Боливия, Куба, Қазақстан, Өзбекстан және Уганда БРИКС серіктес елдері ретінде анықталғанн атап өтті. Оның айтуынша, бұл өткен жылы блок құрамының тарихи кеңеюінен кейінгі маңызды ілгерілеу.

"БРИКС механизмінің өкілдігі одан әрі кеңейіп, оның тартымдылығы мен ықпалы айқын бола түсті. Бұл оны Глобалдық Оңтүстік елдерінің ынтымақтастығы мен бірлігін нығайтудағы маңызды платформаға айналдырады", – деді ол.

БРИКС – бұл дамушы нарықтары бар экономикалық әлеуеті зор бес ірі елдің атауларының ағылшын тіліндегі алғашқы әріптерінен құралған қысқартылған атау: Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка.

Қазақстан ресми түрде 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап  БРИКС-ке серіктес мемлекет мәртебесін алатыны туралы  Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдегенін жазған едік.

Пікірлер