Жаңа жыл қарсаңында Алматыда еліміздің әр өңірінен жиналған талантты жастарды біріктірген AUYL SPORT-2024 республикалық турнирі өз мәресіне жетті. «Halyk» қайырымдылық қоры ұйымдастырған бұл ауқымды жоба ауылдан шыққан балаларға үлкен мүмкіндіктер сыйлап, олардың дарындарын көрсетуіне жол ашты.
AUYL SPORT жобасы үш ай бұрын бастау алды. Жобаның алғашқы кезеңінде еліміздің 200 ауылынан 12 мыңнан астам бала мен жасөспірім қатысқан облыстық іріктеу турнирлері өтті. Финалға әр облыстың ең үздік спортшылары жиналды. Турнирдің негізгі мақсаты – ауыл балаларына сенім ұялатып, үлкен жетістіктерге бастау болатын мүмкіндіктер беру.
«AUYL SPORT – бұл жай жарыс емес, ауыл балаларының жаңа көкжиектерін ашатын шабыт алаңы. Біз олардың арманын қолдаймыз және болашағына сенеміз», – дейді «Halyk» қорының Алматы филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Турнирдің финалында спортшылар бокс, күрес, каратэ, баскетбол, волейбол және шахмат бойынша бақ сынады. Бұл жарысқа қатысушылардың көбісі үшін үлкен аренаға шығу – алғашқы тәжірибе.
«Ауыл балаларына ірі турнирлерге қатысу қиынға соғады. Сондықтан «Halyk» қорының қолдауы олардың спорттағы алғашқы қадамын жасауына мүмкіндік берді. Біздің Олимпиада чемпиондарының көпшілігі ауылдан шыққанын ұмытпауымыз керек», – дейді еркін күрестен Бас төреші Берік Шалабаев.
Финалдық кезеңде Түркістан облысынан келген жас палуан Самир Рахманалиев жеңімпаз атанып, қуанышымен бөлісті.
«Мен өз атымды, ауылымның атын асқақтата алғаныма шексіз қуаныштымын! Бұл мен үшін ең үлкен спорттық іс-шара болды. Эмоцияларымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес!» - деді ол.
13 жастағы Атырау облысы, Тасқала ауданының жас спортшысы Серік Әмір еркін күрестен 35 кг салмақта жүлделі бірінші орынды жеңіп алып, өзінің жетістігімен бөлісті.
«Мен 6 жылдан бері еркін күреспен айналысып келемін. Бұған дейін Өзбекстан мен Беларусь елдерінде өткен жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болғанмын. Бұл турнир де мен үшін жемісті болды», - деп қуанды Қазақстанның еркін күрестен чемпионы.
AUYL SPORT жобасы «Halyk» қорының ауылдық жерлердегі бұқаралық спортты дамытуға бағытталған негізгі бастамаларының бірі. Тек осы жобаға 500 миллион теңге бөлініп, балалардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға жағдай жасалды.
«Біздің мақсатымыз – қай жерде тұратынына қарамастан барлық балаларға тең мүмкіндіктер жасау. Мұндай бастамалар жас ұрпақтың өзіне деген сенімін нығайтып, өмірдегі үлкен жетістіктерге жол ашады», – дейді Ғалымбек Жақсылықов.
AUYL SPORT жобасы ауыл балаларына кәсіби спорт әлемімен танысуға мүмкіндік беріп, олардың армандарына қанат бітірді. Турнир тек жарыс емес, балалар мен олардың отбасылары үшін өмірді өзгертетін жаңа қадам болды.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, турнир болашақ чемпиондарды тәрбиелеудің маңызды алаңына айналды. AUYL SPORT – ауылдан үлкен арманға жол ашатын платформа.
Жас спортшылардың табысы олардың табандылығы мен күш-жігерінің жемісі екенін көрсетті. AUYL SPORT – Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастыратын ұрпаққа сенім мен шабыт сыйлаған жоба болды.