АҚШ-тың вице-президенті Камала Харристің балаларға арналған «Superheroes Are Everywhere» кітабының қазақ тіліне аударылған нұсқасы «Атамұра» баспасында жарық көрді.
«Суперқаһармандар арамызда» атты кітаптың тұсаукесері Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында өтті. Шараға арнайы шетелден келген қонақтар, журналистер, оқушылар мен олардың ұстаздары жиналды. Қазақ тіліне аударылған кітапты алғаш рет көпшілікке ұсынған «Атамұра» баспасы балалар әдебиетіне ерекше көңіл бөліп, шетелдік әріптестерімен бірлесе жұмыс істеп келеді.
2019 жылы алғаш жарық көрген бұл кітап Камала Харристің ата-анасынан алған тәлім-тәрбиесін, отбасылық құндылықтарын баяндап, оқырмандарына жақын ортадан алынған күш-қуат пен сенімнің маңыздылығын көрсетеді. Кітапта ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынастың мәні мен қоғамның баланы тұлға ретінде қалыптастырудағы рөлі кеңінен түсіндірілген.
Кітапты қазақ тіліне аударған Жазира Құл-Мұхаммед оның түпнұсқасындағы идеялар мен мазмұнды ұлттық танымға сай бейімдеп ұсынғанын айтты. Бұл еңбекті баспа балалар мен олардың ата-аналары қызыға оқиды деп сенеді.
Тұсаукесер барысында «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед кітаптың негізгі мазмұнын түсіндіріп, қаһармандықтың шынайы мәнін айқындады.
«Автор "қаһарман деген кім? қаһарман болу үшін не істеу керек?", соған жауап береді. Мысал үшін қаһарман болу үшін үлкен биіктікті бағындырмай-ақ, өзіңнің досыңа қамқор болып немесе бір үлкен игі бастамаларды бастап, халықтың игілігіне жарайтын істі істесең батыл болсаң, тіпті ұстаздың өзі бойындағы барлық білімін жастарға беретін болса ол да қаһарман болып саналады. Сол туралы айтады, түсіндіреді», – деді ол.
Шара соңында «Атамұра» баспасы кішкентай қонақтарға «Таңғажайып глобус» атты арнайы басып шығарған кітаптарды сыйға тартып, естелік суретке түсті. Балалар мен олардың ұстаздары кітаптың мазмұнына қызығушылық танытып, аудармашы Жазира Құл-Мұхаммедке алғыстарын білдірді.
Журналист Есей Жеңісұлы да кітаптың қоғамға тигізер әсері туралы пікір білдірді.
«Атамұра» баспанасынан шыққан "Суперқаһармандар арамызда" кітабы балалар үшін, әсіресе, бастауыш сыныптағы балалар үшін аса құнды. Шын мәнінде ата-анамызды, туыстарымызды, өскен ортамызды, ұстазымызды, университеттегі бірге оқыған курстастарымызды, әр жылдары жұмыс істеген азаматтарды қадірлей алдық па? Олардың бойынан супер қаһарманға тән қасиетті байқай алдық па, іздедік пе? Әлде олардың тек теріс қасиеттерін көрдік пе? Шындығына келгенде, бұл кітап біздің әлемге деген көзқарасымыздың қисықтау қалыптасқанын мойындатады», – деді.
Шараға келген балалар кітаптың дизайны мен мазмұнын қызықтап, кітап туралы пікір білдірді.
«Маған кітап ұнады. Суреттері де өте ерекше. Мен бос уақытымда кітап оқығанды қатты жақсы көремін. Алдағы демалыста осы кітапты алып, оқитын боламын», - деді кішкентай оқырман Әсел.
«Суперқаһармандар арамызда» кітабы – қазақ тіліне аударылған әлемдік деңгейдегі сапалы туындылардың бірі. Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мен оларға дұрыс бағыт көрсетуге арналған мұндай еңбектердің көптеп жарық көруі ұлттық әдебиетке қосылған қомақты үлес болып табылады.
Сымбат Наухан
«Адырна» ұлттық порталы