Магдебургтегі шабуыл құрбандарын еске алу рәсімі өтті

187
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ebrahim Noroozi
Фото: Ebrahim Noroozi

Магдебург тұрғындары рождестволық жәрмеңкеде болған шабуыл құрбандарын еске алуға жиналды. Құрбандарды еске алу рәсімі 21 желтоқсан күні кешке өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. Бұл туралы KNA агенттігі хабарлады.

Кеше кешке бірнеше жүз адам Магдебург лютеран шіркеуіне жиналды. Онда протестант және католик епископтарының қатысуымен экуменикалық қызмет өтті. Шабуыл орнында жұмыс істеген құтқарушылар мен төтенше жағдай қызметкерлерінің көпшілігі осы рәсімге қатысты.

Қызметке Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер, канцлер Олаф Шольц және Саксония-Анхальт премьер-министрі Райнер Хазелофф қатысты. Суық пен жаңбырға қарамастан, жүздеген адам қызметті храм алдындағы шіркеу алаңында үлкен экран арқылы бақылап тұрды. Дәл 19:04-те, қылмыстың болғанына 24 сағат толғанда, қаланың барлық шіркеу қоңыраулары соғылды.

Жексенбі, 22 желтоқсан күні таңертең бірнеше жүз адам Магдебургтегі Әулие Иоанн лютеран шіркеуіне жиналды. Бұл шіркеу Альтер Маркт алаңынан 100 метр қашықтықта орналасқан. Шабуыл дәл осы жерде болды. Осы шіркеудің жанында гүлдер, шырақтар мен ойыншықтардан тұратын стихиялы мемориал пайда болды.

KNA агенттігінің мәліметінше, сенбі кешінде Магдебург орталығында ультраоңшылдардың акциясы да өтті. Бұл акцияға бірнеше жүз адам жиналып, олардың басты плакатында «қайта эмиграция» талабы жазылған еді.

Еске сала кетейік, 20 желтоқсан күні Магдебургтегі рождестволық жәрмеңке қонақтарына жасалған шабуыл нәтижесінде бес адам, оның ішінде 9 жасар бала қайтыс болды, 200-ден астам адам жарақат алды. Шабуылды жасаған Сауд Арабиясынан келген, 2006 жылдан бері Германияда тұратын, исламнан бас тартқан 50 жастағы дәрігер Талеб А. тұтқындалды. Сот оны қамауға алу туралы ордер берді. Тергеушілер шабуылды исламизм негізіндегі лаңкестік деп санамайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге көңіл айту жеделхатын жіберіп, марқұмдардың туған-туыстарына көңіл айтатынын жеткізді.

 

 

Пікірлер