20 желтоқсан күні Германияның Саксония-Анхальт федералдық аймағындағы Магдебург қаласында қайғылы оқиға орын алды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Рождестволық жәрмеңкеде автокөлік адамдарды қағып, екі адамның өмірін қиды. Оның бірі - кәмелет жасқа толмаған бала. Тағы 68 адам түрлі дәрежеде жарақат алды.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға орталықтағы Alter Markt алаңында болған. Жәрмеңке аумағына көптеген жедел жәрдем көліктері мен дәрігерлер шақыртылып, аумақты полиция қызметкерлері қоршауға алған.
Die Welt басылымының мәліметінше, көлікті Сауд Арабиясынан келген 1974 жылы туған ер адам басқарған. Ол автокөлікті жалға алғаны анықталды. Сонымен қатар, көліктің жолаушылар орындығында белгісіз жүк табылған. Оның жарылғыш зат екені әзірге расталмады.
Оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Құқық қорғау органдары оқиғаның себептерін анықтап жатыр.