15 желтоқсан күні Алматыда Қазақстанның тәуелсіздігін жариялаған Жоғарғы кеңестің төрағасы, көрнекті мемлекет қайраткері, экономист ғалым Серікболсын Әбділдин туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Төраға Әбділдин» атты туындының режиссері — Қанат Тілеухан. Фильмде тәуелсіздіктен бергі оқиғалар қамтылған. Әр жылдары берген сұхбаттарынан, түрлі жиналыс-кездесулерде айтқарынан үзінділер келтіріліп, сол кезеңнің оқиғалары баян етіледі.
«Cонау тоқсаншы жылдардың басында Серікболсын Әбділдин облыс әкімдеріне дейін сайлаймыз деп парламент мінберінен сөйлеп еді. Президенттің қолына барлық құзырды бермейтін Конституция қабылдады. Әрине, әріптестерімен. Бір ғана мысал, парламент конституциялық сотты, жоғарғы сот төрағасын сайлайтын. Бас прокурор мен Ұлттық банк төрағасын тағайындайтын. Өкінішке қарай, Қазақстан Әбділдиннің конституциясымен екі-ақ жыл өмір сүрді. Біз түсірген фильмде кейіпкеріміздің мемлекеттік тілге конституциядан қалай мәртебе алып бергені жайлы да айтылады»,—дейді режиссер.
Қанат Тілеухан алдағы уақытта туындының YouTube-ке жүктеліп, көпшілікке ұсынылатын атап өтті.
Серікболсын Әбділдин 1967 жылдан бастап Қазақ ССР жоспарлау комитетінде біраз уақыт бойы жұмыс істеді. Кейіннен ауыл шаруашылығы министрлігінде басшылық қызметін атқарса, кейіннен Қазақ ССР министрлер кеңесінің Мәскеудегі өкілі болды. Ал 1990 жылы ХІІ шақырылымдағы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, кейін Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары, 1991 жылдың қазанынан 1993 жылы 13 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес таратылғанға дейін оның төрағасы болған.
Серікболсын Әбділдин басшылық еткен уақытта Жоғарғы Кеңес 1991 жылы 16 желтоқсанда "Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" декларацияны қабылдаған. Кейін Назарбаев саясатына қарсы болып, оппозицияға кетті. Назарбаевты жиі сынайтын. Оның айтқандарын Назарбаев жоққа да шығармады, растамады да.
Қазақстан коммунистік партиясы төрағасы болған Әбділдин Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев орнатқан авторитарлы билік жүйесін ашық та қатаң сынады. Ол 1999 жылы 10 қаңтарда кезектен тыс өткен президент сайлауына Назарбаевпен бәсекелес кандидат ретінде қатысты. Сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, саясаткер аз дауыс жинаған. Бірақ Әбділдин "сайлау нәтижесі бұрмаланды" деп мәлімдеді.
Саясаткер 2019 жылы 31 желтоқсанда 83 жасқа қараған шағында қайтыс болды.