Қазақ күресінің қайтсе қадірі артады?

4000
Adyrna.kz Telegram

1938 жылы колхозшылардың арасында қазақ күресінен республикалық спартакиада тұңғыш рет өтті. Содан бері талай мұз еріді. Жылдар жылжыды. Ата спортымыз бірталай кезеңді басынан өткерді. Даму жолы даңғыл болды дей алмаспыз. Дегенмен бүгінде әлем чемпионатын өткізетін жағдайға жетіп отырмыз.

Қазақ күресі тарихымыздағы ер­тегі-аңыздарда кездесетін эпикалық батырлардың тұлғасынан бастау алатыны белгілі. Сонымен қатар күш атасы Қажымұқан, Балуан шолақ, Боранқұл, Битабар, Молдабай, Байғабыл секілді жауырындары жерге тимеген апайтөс балуандардың жекпе-жектері арқылы төл күресіміз жалғауын үзбей замана спортының төрінен орын алды. Ал өткен ғасырдың ортасынан бастап, халықаралық, әлемдік, олимпиадалық жарыстарда күрестің әрбір түрлерінен топжарған Ә.Айханов, Ж.Үшкемпіров, Ш.Серіков, Д.Тұрлыханов, Қ.Байдосов, А.Бұғыбаев, А.Ғабсаттаров, А.Иманқұлов, А.Мұсабеков, Қ.Байшолақов, А.Шайхиев, айта берсең, қаламның сиясы таусылатын жұлдызды балуандар шоғырының бәрі дерлік қазақ күресін айналып өткен емес.
Ата күресімізден бүгінгі күнге дейін 5 рет Азия,1 рет Еуропа және 2 рет әлем бі­ріншіліктері өткізілді. Міне, енді үшінші әлем біріншілігін Елордамыз Астана қа­ласы қарсы алғалы отыр. Сонымен қатар қа­зақ күресінен ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында еліміздің ішкі біріншіліктері өтетін болса, күш атасы Қажымұқанға, ҚР еңбегі сіңген жат­тықтырушы Бақытжан Жаңбырбаевқа және самбодан әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Ерзат Түкеевке арналған дәстүрлі халықаралық жарыстар жалғасын үзбей келеді.

Әрбір өркениетті ел өзнің ұлттық спортын дамыту жолында жанын сала жұмыс жасап жатқанын көріп-біліп отыр­мыз. Мысалы, жапондарды өз ұлттық спорт түрлері дзюдо мен сумоны дамытуда қаншама қыруар қадамдар жасап, қазіргі таңда әлемнің әр түкпірінде айтулы спорт түрлері таңдай қағар табысқа жетті.

Ал біз өзіміздің төл өнеріміз қазақ күресін насихаттап, қамқорлық танытуға келгенде әйтеуір сипақтап қалып жатамыз.
Ұлттық спорттың төресі қазақ күресін бірінші жолға қойып, аудан, облыс аймақтарындағы спорт мектептерінің жанынан қазақ күресі үйірмелерін көптеп ашу бүгінгі күні маңызды мәселенің бір ұшы болып отыр.
Рас, қазақ күресі олимпиадалық спорт түрі емес. Десек те, ата спортымызды Олим­пиа­даға кіргізу үшін жасалынатын жоталы жұ­мыс барысын бір тоқтатпағанымыз абзал.
Мысалы, қысқы спорт түрлерінен Шотландияның керлинг ойыны 1992 жылы Нагана Олимпиадасының бағдарламасы­на кіргелі бері, бұл спорт қазір әлемнің әр түкпіріне кеңінен тарап кетті. Ал сол керлинг пен қазақ күресін салыстыруға келе ме? Әрине, жоқ. Дегенмен қазіргі күні әлгі керлингтің бағы біздің күрестен басым болып тұр. Сондықтан ата күресіміз болашақта керлинг сияқты Олимпиада бағдарламасынан орын алып жатса, қазақ халқы үшін одан асқан бақыт болмас еді.
«Түйесі жоқ ауылға тайлақ атан көрінер» демекші, қазақ көп шоғырланған облыс, аудан орталықтарында өзге спорт түрлеріне көңіл көп бөлініп, төл күресіміз бүгінде кенжелеп қалған жайы бар. Осы олқылықты оңалтар уақыт жетті.
Еліміздегі қазақ күресі федерациясы төл өнерімізді туған жерімізде ғана емес, әлем аренасына шығару жолында аянбай еңбек етуде.
Серік Түкеев мырза басшылық ететін дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы­ның алқалы отырысында төл күресіміздің бо­лашағы төңірегінде көптеген келелі мә­се­лелер көтеріліп, шешімін тауып ке­леді. Дегенмен өкімет тарапынан қолдау көрсетілмесе, тың ізденістер тұйыққа тірелері хақ. Өкінішке орай, «жаны ашы­мастың басы ауырмас» демекші, көңілге қонымды нәтижелер әлі де болса, көрінбей тұр. Сол себепті қазақ күресіне қырын қарамай, ел болып елеңдеп, жұрт болып жұмылып әлемге танытуға жәрдем беріп, белсене жұмыс істейтін уақыт жетті.


Ақын Ордабайұлы, “Ана тілі”

Пікірлер