Астана процесінің ақыры ма? Асадтың биліктен тайғанын Ресей ресми жариялады

775
Adyrna.kz Telegram
Фото: en.topwar.ru
Фото: en.topwar.ru

Ресей сыртқы істер министрлігі Башар Асадтың Сирия президенті қызметінен кеткенін ресми түрде жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы КазТАГ-қа сілтеме жасап.

«Асад президенттік қызметтен кетіп, билікті бейбіт жолмен беру туралы шешім қабылдады», – деп мәлімдеді Ресей СІМ.

Бұған дейін Башар Асадтың Сириядан қашып кеткені және билікті қарулы оппозицияның басып алғаны туралы хабарланған болатын.

Еске сала кетейік, биыл қараша айында елордада Сирия дағдарысын реттеуге бағытталған Астана процесінің 22-кездесуі өткен болатын. Бұл жиынға кепілгер елдер – Ресей, Түркия және Иран делегациялары, сондай-ақ Сирия үкіметі мен оппозиция өкілдері және бақылаушылар қатысқан еді.

Келіссөздер барысында Сириядағы қақтығыстарды тоқтату, гуманитарлық көмек көрсетуді қамтамасыз ету, инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру, халықты су және жарықпен қамтамасыз ету мәселелері қарастырылып, тараптар бейбіт келісімге келу мақсатында пікір алмасты.

Кездесу қорытындысы бойынша кепілгер елдер бірлескен мәлімдеме жасап, Сирия дағдарысын шешуде халықаралық құқық нормаларын сақтау және қақтығыстарды тек бейбіт жолмен реттеу қажеттігін атап өткен. Ендігі жағдайда Астана процесінің аяғы не болары белгісіз. Бәлкім, Асадтың биліктен кетуі бірнеше жылдан бері үзбей жүргізіліп келе жатқан келіссөздің ақыры болар, бұл туралы әзірге нақты айтылмады.

Пікірлер