Асад Димашықтан айрылды. Көтерілісшілер астанаға жетті

788
Adyrna.kz Telegram
Фото: Omar Sanadiki/AP/picture alliance
Фото: Omar Sanadiki/AP/picture alliance

Сирия президенті Башар Асад ел астанасынан  кеткені туралы ақпарат тарады деп хабарлайды, "Адырна" ұлттық порталы Reuters және Al Hadath ақпарат көздеріне сілтеме жасап.

Reuters мәліметі бойынша, Асад жексенбі күні Димашықтан белгісіз бағытқа ұшып кеткен. Сириядағы адам құқықтарын сақтау жөніндегі мониторинг орталығы оның қаланы сенбі күні түнде сағат он шамасында тастағанын мәлімдеді.

Оппозициялық күштер Димашық қаласына кіргендерін жариялады.

Исламшыл көтерілісшілердің күштері түнде Сирия астанасы Димашыққа кіргенін ақпарат агенттіктері хабарлады. Жергілікті тұрғындар AFP агенттігіне қалада қатты атыс дыбыстарын естігендерін айтты. Көтерілісшілер коалициясы әлеуметтік желілерде «тиран қашып кетті» деп хабарлап, ел астанасы босатылды деп мәлімдеді.

Сирия президенті Башар Асад Димашықты «белгісіз бағытта» тастап кеткенін, екі жоғары лауазымды сириялық армия офицері Reuters агенттігіне хабарлады. Бұл ақпаратты бұған дейін CNN телеарнасы таратып, Сириялық құқық қорғаушы орталық (SOHR) та растап берді. Ұйым басшысы Рами Абдель Рахманның айтуынша, Асад Димашық халықаралық әуежайынан ұшып кеткен.

Башар Асаданың кетуі туралы алғашқы хабарлар кеше пайда болған. Бірақ Сирия президентінің кеңсесі оларды теріске шығарған еді.

Bloomberg ақпарат көзі Асад АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамппен келіссөздер жүргізу ұсынысымен шыққанын айтады. Атап айтқанда, Сирия президенті АҚШ-қа Димашық пен Тегеран арасындағы ынтымақтастықты тоқтату үшін өз ықпалын пайдалану арқылы әскери қақтығыстарды тоқтатуға уәде берген.

Сирия премьер-министрі Аль-Джалили Facebook желісінде тараған видеода үкіметтік өкілеттіктерді кез келген Сирия халқы бекіткен жаңа басқарушыға тапсыруға дайын екенін мәлімдеді.

Көтерілісшілер коалициясы елден кеткен сириялықтарды «еркін Сирияға оралуға» шақырды.

Диммашық орталығында халықтық қуаныш басталды, деп хабарлайды Reuters агенттігі куәгерлерге сілтеме жасап. Көшелерде адамдар қол соғып, кейбірі намаз оқи бастады. Әлеуметтік желілерде жергілікті тұрғындардың танкке мініп, қуаныштан ән айтып жатқаны түсірілген бейнемазмұндар тарады.

Әскерилер Седная түрмесінен мыңдаған тұтқынның босатылғанын мәлімдеп, "тирандық дәуірдің аяқталғанын" жариялады. Бұл түрме 2011 жылдан бері азаматтық тұтқындар мен көтерілісшілерге арналған жаппай азаптау мен өлім жазасымен белгілі, деп мәлімдейді Сирия адам құқықтары бойынша мониторинг орталығы.

Түнде исламисттер Сирияның солтүстігіндегі стратегиялық маңызды әрі үшінші ірі қала Хомсты толық бақылауға алғанын хабарлады. Бұл қалаға бақылау орнату азаматтық соғыста маңызды кезең саналады.

Қару-жарақ көтерген топтар қараша айының соңында президент Башар Асадтың үкімет әскерімен соғыс бастады. Бірнеше күннің ішінде олар елдің екінші ірі қаласы Алеппоны басып алып, бірнеше ірі қалаларды бақылауға алған.

 

Пікірлер