Кеше Ұлттық музейде ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі, халықаралық ЮНЕСКО сапа белгісінің игері, этнодизайнер Тілек Сұлтанның «Киелі кимешек» көрмесі өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Егемен Қазақстан газетіне сілтеме жасап.
Тілек Сұлтан - ұлы даланың ұлттық қолөнерін зерттеуші ғана емес, қалпына келтіруші әрі дәріптеуші. Көрмеде этнодизайнер өзі тіккен және жинақтаған түпнұсқа 30 кимешекті көпшілік назарына ұсынды.
"Кимешек - көшпелі ортада қалыптасқан, экологиялық және тазалық ерекшеліктеріне, әйелдің моральдық-этикалық талаптарына байланысты пайда болған қазақ әйелдерінің бас киімі. Кимешекті балалы болған аналар киген, яғни кимешек ана атанғанның белгісі. Өңірінің көкіректі жауып тұруы бала емізгенде де өте қолайлы болған" - дейді этнодизайнер Тілек Сұлтан.
Көрме барысында Тілек Сұлтанның өзі жасаған ұлттық киімдерінен дефиле өтті. Оны этнодизайнердің анасы Жібек Әділханқызы бастап шықты. Тілек Сұлтан жиналған қауымға кимешек киюдің философиялық астарын ақтара отырып, оны тағу мен шылауыш ораудың үлгілерін де көрсетті.
Ұлттық бас киімді ұлықтаған көрмені ұйымдастыруға «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тарихшы-этнолог Тұрар Шәкен ұйытқы болып, Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі «Руханият» КММ қолдау көрсеткен.
"Ұлттық киім – ұлттың бет-бейнесі, ұлттық мәдениеттің жарқын көрінісі. Оның эстетикалық, қоғамдық-идеологиялық мән-маңызы да зор. Дейтұрғанмен, ұлттық киім жан-жақты зерттеліп, дұрыс насихатталмағандықтан, кейбіреулер басқа ағымның жетегіне еріп, өзге ұлттың киімін киіп, қазақы құндылығымызды теріске шығара бастады. Осы тұрғыдан алғанда, қазақтың дәстүрлі киім-кешегін қайта жаңғыртып, оны заманға сай сәндеп киудің маңызы зор деген мақсатпен осы көрмені ұйымдастырдық" – дейді «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, этнолог, тіл жанашыры Тұрар Сәттарқызы.
Тағылымды іс-шараға ҚР Мәжіліс депутаттары Жигули Дайрабаев, Нұргүл Тау, Олжас Құспеков, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Мұхаммед Болысбек, «Respublica» партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Шыңғыс Түсіпбаев, Қырғызстаннан арнайы белгілі этнодизайнер Асел Калканова, танымал зергер, реставратор Берік Әлібай, белгілі мәдениеттанушы, жазушы Зира Наурызбай, жазушы-сценарист Ұларбек Нұрғалымұлы, актриса, әнші Айнұр Жүгінісова, тележүргізуші Санди Сұлтан және басқа да қадірменді қонақтар, зиялы қауым өкілдері, қала жұртшылығы қатысып, ыстық ықыластарын жеткізді.
Ұлттық құндылықты насихаттап жүрген Тілек Сұлтанның көрмелері тек Қазақстанда ғана емес, Түркия, АҚШ, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты шетелдердегі байқауларда көрермен көзайымына айналған.