Нұрбол Назарбаев пен оның «жақындары» рейдерлік жасады деген шағым түсті

972
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден

«Porus» ЖШС құрылтайшысы Қуат Ерментаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев пен оның “жақындары” рейдерлік жасады деп айыптауда, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазТАГ агенттігіне сілтеп.

Ақпаратқа сәйкес, 2019 жылы желтоқсанында өздерін Нұрбол Назарбаевтың нағашысымыз деп таныстырған С. А. Зорбаев пен «Сырым» есімді екі азамат Қуат Ерменбаевпен оның туыстарын қорқытып, оның «Porus» компаниясындағы үлесін Зорбаевтың атына аудартып, құқық қорғау органдарына жүгінбеу туралы ескерту жасайды.

«Мен өз өмірім мен жақын туыстарымның өмірі үшін қорқып,  серіктестіктегі үлестің 16%-ын Зорбаевтың атына жазуға мәжбүр болдым. Ол Нұрбол Назарбаевтың қамқорлығымен өз ісін жүзеге асырады», – делінген басылым келтірген Ерментаевтың мәлімдемесінде.

Ерментаевтың сөзінше, ол ағасы Рат Ерментаевпен бірге 2011 жылы «Porus» ЖШС-ны құрады. Ағайындылар үлестесіп құрған серіктестік геологиялық барлау қызметтерін көрсетіп, үш бұрғылау агрегаты мен тиісті лицензияларын алады. Бизнесті кеңейту мақсатында Сәрсембаева Гүлмира Төлебайқызы мен Шәкірбаев Серік Аманжанұлы есімді азаматтардан инвестиция қабылдайды. Тиісінше, Сәрсембаев – 33%,  Шәкірбаев С. А. – 34%; Ерментаев Қуат – 33% компания үлесін алады. Үлескерлер міндеттерді бөліп, Сәрсембаева инвестиция тартып, Шәкірбаев жұмыспен қамтып, Ерментаев барлау жұмыстарын жүргізеді. Оның сөзінше, Шәкірбаев Нұрбол Назарбаевтың мүддесін қорғайтын адам болған.

«Осыған байланысты Шәкірбаев серіктестіктің қызметіне белсенді араласып, серіктестіктің барлық операциялық қызметіне тікелей жетекшілік еткенін атап өткен жөн», – делінген жазбада.

Басылымның жазуынша, 2016 жылға дейін серіктестік дивиденд төлеп келеді. Сол жылдың соңында Шәкірбаев басқару қызметін Ерментаевтан алып, өзінің сенімді өкілі Алексей Ошеровке табыстайды. Дегенмен оған және Сәрсембаеваға дивидендті уақытында төлейтінін айтып сендіреді. Осы кезден бастап Ерментаев серіктестік жұмысынан толық шеттетіледі.

«Алайда Шәкірбаев міндеттемелерін орындамай, 2017 жылдан бастап мен олардан дивидендтерді толық көлемде алмадым. Осыған байланысты Шәкірбаевпен және Ошеровпен бірнеше рет жанжалдастым. Қызметімді қайтарып алу туралы талаптарымды қоқан-лоқымен қарсы алды. Ақыры өз үлесімнен бас тартып, Нұрбол Назарбаевтың туысы аталған Зорбаевқа жазып бердім», – деп атап өткен Ерментаев.

Ол қызметінен кеткен 2017-2022 жылдар аралығында «Porus» компаниясының жалпы табысы 7 млрд теңгені құраған, жылдық табысы 300 млн теңге деп есептелген.

2020 жылы Шәкірбаев пен Ошеров серіктестіктің салық мәселелеріне байланысты Ерментаевтың рұқсатынсыз компанияны банкротқа ұшырата бастаған. Бұған қоса, банкроттық кезінде қымбат жабдықтарды салық төлеміне жібермес үшін жаңадан құрылған тағы бір компанияға сатқан. Ерментаевты осы компанияның үлескері етуге уәде берген.

«Нұрбол Назарбаевтың мүддесіне әрекет еткен Шәкірбаев пен Ошеров серіктестіктің банкроттау үшін шығындар мен өзге де іс-қимылдарды жасанды түрде асыра сілтеу жолымен мемлекетке салық төлеуден жалтарған  болуы мүмкін. Сондай-ақ серіктестерге 1 млрд теңге көлемінде дивидент төлемей, залал келтірген», – деді Ерментаев.

Ақпарат бойынша, ол 2022 жылы 4 сәуірде аталған фактілер бойынша Алматы қаласының прокуратурасына арыз берген, алайда 2022 жылғы 2 қарашада қылмыстық іс тоқтатылғанын айтады. Іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамына болмауына байланысты тоқтатылған. Дегенмен 2023 жылдың 7 қарашасында іс қайта қаралып бастаған.

Пікірлер