Қазақстандықтардың арасында шетелге қоныс аударуға деген қызығушылық артып келеді. Мұны DEMOSCOPE экспресс-мониторинг бюросының 13-24 қараша аралығында жүргізген «Қазақстандықтардың шетелге кеткен білікті мамандар туралы ойы» тақырыбындағы сауалнама нәтижесі растап отыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Сауалнама мәліметтері қоғамда көші-қон мәселесінің өзектілігін және азаматтардың келешекке деген үміт-арманының өзгеріп жатқанын көрсетеді.
Сауалнамаға қатысқан әр бесінші респондент (21%) шетелге қоныс аудару туралы ойлайтынын айтқан. Олардың ішінде:
- 6,9%-і алдағы 2-3 жылда көшуді нақты жоспарлап отыр;
- 5,6%-і көшуді армандағанымен, қазір мүмкіндік жоқ екенін атап өткен;
- 8,4%-і белгілі бір жағдайлар болған жағдайда көшу мүмкіндігін қарастырады.
Сонымен қатар, респонденттердің басым бөлігі — 78,5% — жақын арада елден кетуді жоспарламайтынын білдірген.
Сауалнама нәтижесі көшу туралы ойдың көбіне жас ерекшелігіне байланысты екенін анықтады. Мысалы:
- 18-29 жас аралығындағы жастардың 25%-і көшуді қарастырады;
- 30 жастағылар арасында бұл көрсеткіш 30%-ке жақын.
Орта жастағы респонденттердің 10,7%-і нақты көшуді жоспарлап отырғанын білдірген.
Респонденттерден көшуге әсер ететін басты себептер сұралды. Жауаптардың негізгі топтамасы мынадай:
- Жоғары жалақы алу мүмкіндігі – 24,5%;
- Өздері мен балалары үшін перспективаның жоқтығы – 23,9%;
- Жақсы жұмыс табу – 14%;
- Өзін-өзі дамытуға жақсы жағдай – 13,2%;
- Сапалы білім алу мүмкіндігі – 11,7%.
Сонымен қатар, кейбір респонденттер сапалы медициналық қызметке (4,9%), қолайлы экология мен климатқа (3,8%), қауіпсіздікке (3%), туыстарға жақын болуға (2,6%) немесе кәсіби өсуге (4,4%) ұмтылатынын айтты.
Эмиграция туралы көзқарас та қоғамның маңызды көрсеткіші. Респонденттердің:
- 63,3%-і шетелге қоныс аударушыларға түсіністікпен қарайтынын айтқан;
- 11,4%-і оларды сынайтынын білдірген;
- 21%-і бұл мәселеге бейтарап қарайды.
Көші-қонның келешегіне қатысты пікірлер әртүрлі болды:
- 39,2%-і алдағы 3-5 жылда Қазақстаннан білікті мамандардың кетуі арта түседі деп санайды;
- 21,7%-і керісінше, елге мигранттар ағыны көбейеді деп ойлайды;
- 18,7%-і елден кетушілер мен келушілер саны шамамен тең болады деген пікірде;
- 20,4%-і нақты жауап беруге қиналған.
Сауалнама бойынша қазақстандықтар үшін шетелге көшуге ең тартымды елдер:
- АҚШ – 7,7%;
- Ресей – 6,2%;
- Еуропа елдері – 5,1%;
- Түркия – 4,6%;
- Канада – 2,6%.
Сонымен бірге, респонденттердің 35%-і көшуге ниет білдіретін ел жоқ екенін айтты.
DEMOSCOPE сарапшыларының пікірінше, білікті мамандардың шетелге көшуі Қазақстандағы өмір сүру сапасымен және мемлекеттік басқару тиімділігімен тығыз байланысты. Бұл мәселені шешу үшін:
- Экономикалық әл-ауқатты арттыру;
- Білім беру сапасын жақсарту;
- Заманауи медицинаның қолжетімділігін қамтамасыз ету;
- Қауіпсіздікті күшейту қажет.
Сарапшылар атап өткендей, мемлекетті басқару сапасын арттырмай, кәсіби мамандарды қолдау шараларын қабылдамай, эмиграцияның теріс тенденцияларын өзгерту қиын болады.
Қазақстаннан көшуді ойлайтын азаматтардың санының артуы — елдегі әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық мәселелерді шешу қажеттілігінің айқын белгісі. Мемлекет пен қоғамның бұл мәселеге уақытында назар аударып, тиісті шаралар қабылдауы қажет, өйткені адам капиталы — кез келген мемлекеттің ең құнды ресурсы.