Халықтың тұрмыс-тіршілігінің түзелуіне, әлеуметтік жағдайының жақсаруына түрлі мемлекеттік бағдарламаларда мән беріліп келеді. Мұқтаж азаматтарды қолдауға мемлекет тарапынан бөлініп отырған көңіл де, көмек те көп. Атаулы әлеуметтік көмек беру жұмыстары облыста да бір жолға қойылған. Оның ішінде мүгедектігі бар жандар ерекше мемлекет қамқорлығына алынған.
Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтың айтуынша, аймақ бойынша 45 571 мүгедектігі бар адам тіркелген. Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі 6 822 жасөспірім бар.
– 2024 жылдың 10 айында аталған азаматтардан бөлек 2 171 адам алғашқы рет мүгедектікке шықты. Тарқатып айтсақ, 1 571 ересек, 600 жасөспірімге мүгедектік туралы жәрдемақы белгіленді. Алғашқы мүгедектікке шыққан 2 171 адамның 1 185-і еңбекке қабілетті болса, 386-сы зейнет жасындағылар. Биыл мүгедектігі бар адамдардың жеке абилитациялау және оңалту бағдарламаларына, атап айтқанда, сурдо-тифло құралдар, санаторлық-курорттық емделу, протез-ортопедиялық бұйымдар, кресло-арбалар, жеке көмекшіге қосымша ақы және гигиеналық кұралдарға 4,3 миллиард теңге қаржы қаралды. Сонымен қатар жеке көмекші қызметі, ымдау тілі маманы, үйде көмек және гигиеналық құралдар сынды әлеуметтік қызметтерге 2,6 миллиард теңге бөлінді. Есепті кезеңде әлеуметтік қызметтер ұсыну порталына тіркелген 25 808 өтініштің 24 209-ы қанағаттандырылды, – деді Е.Егембердіұлы.
Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау бағытында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасымен бекітілген жол картасына сәйкес жыл соңына дейін Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланған екен. 2024 жылдың 10 айының қорытындысына көз жүгіртсек, 189 нысанға 133,3 миллион теңге қаржы бөлінген. Алайда жоспарланған межені тек Меркі, Шу аудандары орындап, қалған 70 нысанның бейімделмей отырғаны анықталған.
Басқармаға қарасты 18 медициналық-әлеуметтік мекеме болса, соның ішінде ересектерді қабылдайтын 9 мекемеде мемлекет қамқорлығына мүгедектігі бар 944 адам алынған екен. Оларға бекітілген стандартқа сәйкес 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілуде. Сол сияқты мүгедектігі бар балаларға арналған 9 орталықта 415 мүгедектігі бар бала арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылуда.
– Мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау бағытында үкіметтік емес ұйымдардың да атқарып жатқан жұмыстары айтарлықтай. Басқарма тарапынан мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдар арқылы 9 әлеуметтік жоба іске асырылып, 892 мүгедектігі бар адамға және балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 234,5 миллион теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар Тараз қалалық және аудандық бюджеттерден 199,9 миллион теңге қаржы бөлініп, 2 300-ге жуық мүгедектігі бар азаматқа 32 арнайы жабдықталған автокөлік қызмет көрсетіп жүр. Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту да назардан тыс қалған емес. Бұл бағытта «Күміс жас», «Бастау Бизнес» бағдарламалары аясында тындырымды тірліктер атқарылуда, – деген Еркін Егембердіұлы облыста 8 екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері мен мүгедегі бар екенін жеткізді.
Соғыс ардагерлеріне Жеңіс күнінде 1,5 миллион теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілген. Сол секілді биыл жергілікті бюджет есебінен ардагерлерге теңестірілгендерге және мүгедектердің жеке санатындағы 8 026 адамға 1 миллион теңгеге әлеуметтік көмектер беріліпті. Сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу бойынша 1 166 балаға 47,2 миллион теңге тағайындалып, төленген екен.