Биыл қарашада Абай Құнанбайұлының «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінде Абай ғылыми-мәдени орталығы ашылды. Абай музейінің ішінен Абай орталығының ашылуы біршама сауал туындатқан. Сол сұрақтарды музей директорына қойдық.
Абайдың мұрасын келер ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтқан орталықтың оспары көп. Бұл туралы музей басшысы Ұлан Сағадиев «Адырна» ұлттық порталында берген сұхбатында айтып берді.
- Абай атындағы ғылыми-мәдени орталықтың ашылуы жөнінде толық ақпарат бере кетсеңіз. Абай музейінен Абай орталығын ашу үй ішінен үй тігу емес пе? Орталықтың негізгі мақсаты мен миссиясы қандай?
- Абайдың «Жидебай-Бөрілі мемлекеттік музей-қорығы – қазақ даласында ашылған алғашқы әдеби-мемориалдардың бірі. Бүгінде республика көлемінде Абай мұрасын насихаттап келе жатқан айтулы мәдениет ошақтарынң негізгісі десек артық емес. Өткен ғасырдың орта шенінен бастап ұлт зяилылары Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедханов, Әрхам Ысқақов сынды тарихи тұлғалардың бастамасымен бой түзеді. Тұңғыш музей қонақтарын 1940 жылы 16 қазаннан бастап қабылдай бастаған. Қазіргі таңда құрамында Семей қаласы және Абай, Мақаншы аудандарындағы орын тепкен он музейдің басын біріктіріп отырған ғылым ордасы.
Атап айтар болсақ Семейдегеі Бас ғимарат, «Алаш арыстары Мұхтар Әуезов», музейі, Бөрілідегі Мұхтар Әуезов музей-үйі, Жидебайдағы Абайдың музей-үйі, Шәкәрімнің Саят қорасы музейі, «Шежірелі Шыңғыстау» музейі, Қарауылдағы Кәмен Оразалин музей-үйі, Мақаншыдағы Әсет Найманбайұлының музейі, Тақырдағы Көкбай Жанатайұлының музейі және Құндыздыдағы Шәкір Әбенұлының музейілері Абай және оның туыстық, шығармашылық айналасын айдай әлемге әйгілеп келеді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» және «Абай – рухани реформатор» бағдарламалық мақалаларында «Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол – қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға,- дей келе. - Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру керек,» - деп атап көрсеткен болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Семей қаласындағы Бас музейде Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай жаңа экспозиция бүгінгі заман талабына сай жасақталды. Музей кешенінің бір ғимараты «Абайтану» орталығы болып жұмыс істеп келеді. Мұнда «Абайтану» залы, бейнелеу өнер туындылары галереясы және көрмелер залы орналасқан. Бұл орталықта 25 орындық кіші мәжіліс залы бар. Галерея залында музей қорындағы бейнелеу өнер туындыларынан жоспарға сәйкес арнайы тақырыптармен көрмелер ұйымдастырылып, ауысып тұрады. Еліміздің, өңіріміздің суретшілерінің жеке көрмелері де ұйымдастырылады.
«Абайтану» залында әртүрлі шаралар, дөңгелек үстел мәжілістері өткізіледі. Онда жоғарғы оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушыларына арналған арнайы «Абайтану» сабақтары өткізілуде.
Осы орайда Абай атындағы қазақ Ұлттық педагогикалық университеті музей базасында Абай атындағы ғылыми-мәдени орталығын ашып, материалды-техникалық базасын нығайтып, абайтануға қатысты қосымша ақпараттық материалдармен, кітаптармен толықтырды.
Биыл мамыр айында Абай музейі және Абай атындағы қазақ Ұлттық педагогикалық университеті арасындағы шығармашылық ынтымақтастық байланыс аясында «Абай мұрасы және заманауи музей: таным, білім-ғылым және тәрбие тоғысы» тақырыбындағы дөңгелек үстел өткен болатын. Шара барысында Абай университеті арнайы ғылыми-әдістемелік кабинет ашуды жоспарлағаны туралы айтылған еді. 2024 жылдың 19 қарашасында осы орталықтың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Орталықтың ашылуына орай Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаттары табысталды.
Ашылу салтанатына Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі Шерхан Талап, Абай облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің басқарма төрағасы, ректоры Болат Тілеп, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің басқарма төрағасы, ректоры Думан Орынбеков, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Абай академиясы басшысы Жандос Әубәкір және бірқатар танымал ғалымдар, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, Абай өңірінің зиялы қауымы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Абай атындағы ғылыми-әдістемелік орталықты ашудың мақсаты – Абай университеті, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі, «Абайтану академиясы» ғылыми-зерттеу институты арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, музеймен шетелдердегі Абай орталықтары арасындағы байланысты нығайту, Абай мұрасын жастар арасында насихаттаудың инновациялық формаларын айқындау.
Сондай-ақ, Абай ілімі арқылы білім алушыларға тәрбие беру, оның шығармалары мен «Толық адам» ілімін ғылыми-әдістемелік тұрғыдан насихаттау, жаһандану жағдайында заманауи музейдің мүмкіндіктерін жас ұрпақтың білім-ғылым, тәрбие-таным процесінде тиімді қолданудың жолдарын іздестіру, музейге келушілер санын арттыру үшін жаңа әдістемелік тетіктерді қалыптастыруға ықпал ету, өлкетану бағыттағы мәдени туризмді дамыту, Абай музейі мен Абай университетінің ғылыми-ынтымақтастық байланыс көкжиегін кеңейту міндеттері қойылған.
Бұл орталық ұлы тұлғаның мұрасын зерттеу, сақтау және болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатында жұмыс істейтін болады. Бастысы келер ұрпақ Абай мұрасын ұмыт қалдырмаса дейміз.
- Ғылыми-мәдени орталықтың жұмысы қандай бағыттарға негізделген?
- Ғылыми-мәдени орталық жұмысының негізгі бағыттары бойынша абайтануға қатысты барлық шаралар ары қарай жалғаса береді. Мұнда тақырыптық көрмелер ұйымдастыру, ғылыми-танымдық басқосулар мен мәдени-көпшілік шаралар, дәрістер, білім сайыстар өткізуді жоспарға алып отырмыз.
Мысалы, наурыз айы кезінде дәстүрлі түрде «Мектеп бағдарламасындағы «Абайтану» курсын оқыту» тақырыбында мектеп ұстаздарына арналған семинар өткізіліп келеді. Бұл семинарға «Абайтану» курсын өткізетін ұстаздар, «Абайтану» пәні оқулығының авторлары, ғалымдар қатысып, өз тәжірибелерімен бөліседі. Алғашында Семей қаласының мектептерінің ұстаздары қатысатын болса, соңғы екі жылда облыстық деңгейде өткізілді. Сонымен қатар «Абайды оқы, таңырқа», «Шәкәрім даналығы», «Мұхтар мұрасы – адамзат қазынасы» атты мектеп оқушыларына арналған дәстүрлі сайыстарымыз да бар. Мұндай сайыстар әр түрлі жастағы қатысушыларға арналған. Мәселен «Әсемпаз болма әрнеге» сайысы 4-5 жастағы балдырғандарға арналған. Сондай-ақ, студенттерге, мемлекеттік қызметшілерге, мәдени мекеме қызметкерлеріне арналған түрлі сайыстар мен квест, квиз ойындары да бар.
Сонымен қатар музей қорында сақталған қолжазбалар мен кітаптар зерттеліп, арнайы басылымдар дайындау да үнемі назарда. Музейдің шығармашылық құрамындағы қызметкерлердің жеке зерттеу тақырыптары бар. Жыл бойы әр қызметкер өз тақырыбы аясында зерттеулер жүргізіп, мақала жазып, баяндамалар дайындайды. Ол жұмыстарын оқу орындарындағы ғалымдар, зерттеушілермен бірлесе жүргізеді.
Музейіміздің негізгі атқаратын қызметі – Абай, Шәкәрім, М.Әуезов және Абайдың шәкіртерінің мұрасын насихаттау. Бұл жұмыс сонау 1940 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін толастаған емес.
- Ғылыми орталық қызметкерлерін айта кетсеңіз. Абай мұрасын зерттеуге кімдер қатысады?
- Аталған ғылыми-мәдени орталықтың жеке қызметкерлері қарастырылмаған. Музейдегі ғылыми құрам тікелей осы қызметпен айналысады деген ойдамыз. Себебі, алдағы уақытта өткізілетін ғылыми-танымдық бағыттағы шараларды музей қызметкерлері өздерінің зертеу тақырыбы негізінде аясын кеңейтіп отырады.
Музей еліміздің көптеген оқу орындарымен, шығармашылық орталықтармен, музейлермен шығармашылық, ынтымақтастық меморандумдар аясында бірлесе жұмыс істеп келеді. Атап өтсек, ҚР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, Әл-Фараби атындағы Ұлттық университет, Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті, Шәкәрім атындағы университет және тағы басқалары.
Еліміздің және шетелдік музейлермен, әдеби-мемориалдық музей-қорықтармен байланыс орнатылған. Ғылыми конференцияларға қатысу, мақалалар жариялау, басылымдар дайындау, жылжымалы көрмелер ұйымдастыру жұмыстарын да айта кеткеніміз жөн. Қараша айының басында Татарстанда «Қазан Кремлі» музей-қорығында біздің көрмеміз ұйымдастырылды. Келесі жылы Л.Н.Толстойдың «Ясная Поляна» музей-қорығының көрмесі бізге келеді жоспарлап отырмыз.
Бұған қоса, келесі жылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық меретойы қарсаңында Қарақалпақстан еліндегі Бердақ атындағы әдеби-мемориалдық музеймен бірлесе халықаралық вебинар өткізуді жоспарда тұр. Аталған ғылыми-танымдық орталықтағы мультимедиалық қондырғылардың мүкіндігін пайдалана отырып, шетелдік ғалымдардың қатысуымен ғылыми отырыс өтеді. Кең ауқымдағы шаралар арқылы музей мамандарының біліктілігін көтеру де, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастыратын ғылыми-тәжрибелік семинарлар мен тренингтердің дені осы орталық жұмысын жандандырары анық жағдай.
- Жастарды Абай мұрасымен таныстыру үшін қандай жұмыстар атқарылмақ?
- Жоғарыда аталған жұмыстардың басым көпшілігі жастар қауымына бағытталған. Әсіресе, әдеби квест, квиз ойындары жастар қауымының көңілінен шығып келеді деп айтуға болады. Осы орайда өңірімізден шығып, енді талантымен танылып келе жатқан талапты жастардың музей қабырғасында тырнақалды туындыларының тұсаукесерін өткізу, «ашық микрофон» аясында жастардың өз өнерлерін ортаға салуы, креативті жастарды музей шараларына тарту жұмыстары үнемі жүргізіліп келеді.
Музейдің әлеуметтік желідегі парақшаларын қызықты әрі көркем етіп жүргізу қолға алынды. Музейдің Instagram, Facebook, Tiк Тok парақшалары арқылы да музей жаңалықтарымен қатар әртүрлі қызықты ақпарат беріліп отырады.
- Айтып өткеніңіздей, Абайды зерттеу 1940 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін толастаған емес. Сіздіңше, Абай әлі де зерттеуді қажет ете ме?
- Әлбетте. Музейге келуші қонақтарға қарап-ақ Абайға деген құштарлық, Абайды ардақтау бастамасы еш толастамайтына көз жеткізуге болады. Жыл сайын Абайды тануға асығып келетін көрермендер мен туристер қарасы қалың. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Абай деген – терең теңіз, алып мұхит. Абайды таныған сайын, оның түбіне маржандарын алу үшін сүңги беруің керек, сүңги беруің керек. Ал мен оның бетін ғана қалқыдым» деген екен.
Сондықтан Абайды танып-білу, зерттеу ешқашан тоқтамайды. Әр ұрпақ өз Абайын табуы, өз Абайын ашуы керек.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Дана Нұрмұханбет
«Адырна»