«Монетизация жасау керек». Бір жылда 155 кітап шығарған «Абай»  

1032
Adyrna.kz Telegram
Фото: adyrna.kz
Фото: adyrna.kz

Қазақ әдебиеті туындыларын қазіргі талапқа сай оқырманға жеткізудің өз ерекшелігі бар. Бұл туралы баспагер ақын Ақберен Елгезек айтып береді.

Таяуда ғана  “Абай” баспасы қазақтың ақын-жазушыларын кезең-кезеңімен қамтып, 155 кітаптың тұсауын кесті. Сондай-ақ, электрондық және аудиокітаптар жарияланатын бірегей интернет платформа «Bookstagram» мобильдік қосымшасымен таныстырды. Кітапты кіріс көзіне айналдырып, оқырман санын көбейтуді мақсат тұтқан осы баспаның директоры Ақберен Елгезек бұл туралы “Адырна” ұлттық порталына кеңірек айтып берді.

 -  “Абай” баспасынан бақандай 155 кітап шықты. Құттықтаймыз!  Арысы — Абай, Шәкәрім, берісі — бүгінгі жас толқын қаламгерлерді қамтыған екен. Осы кітаптар қалай таңдалды? Неге назар аудардыңыздар?

- Былтырғы тұсаукесерде «Абай» баспасынан шығатын көркем-әдебиеттердің “алтын коллекциясын” жасақтаймыз» деп мәлімдеме жасадық. Ол кезде 35 кітап шығарып, алда 100-ге жеткіземіз деген жоспар болды.  Нәтижесінде, 155-ге бір-ақ апардық. Бұл кітаптардың ішіне ең бірінші бүкіл қазақ әдебиетінің классикасы кірді. Бұл – ағартушылық мектеп. Дулат  Бабатайұлы, Мәшһүр Жүсіп, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы сияқты авторлардың еңбектерінен бастау алды. Одан кейін Алашорда кезеңінің авторларының туындыларын қамтыдық. Сосын Кеңес үкіметінің кезіңдегі қазақ әдебиетінің алтын ғасырын құраған Сырбай Мәуленов, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Мұхтар Әуезов сынды классиктерді кіргіздік. Одан кейін 70-80 жылдардағы қазақ әдебиетінің авторларының бәрін қамтыдық. Тәуелсіздік заманында өмір сүрген, әлі де көзі тірі авторлар да бұл тізімнен қалыс қалмады. Бұл екеуі 40 пайызды құраса, ауыз әдебиеті, ағартушылық, Алашорда туындылары 40 пайызды құрады. Ал 20 пайызы қазір өз орнын әдебиетте анықтап жүрген, танымал болып қалған жас авторлардың кітаптарынан жасақтадық. Бізде одан бөлек келесі жылға дайындап отырған 30-ға жуық туынды бар. Олардың авторлық келісімдерін алдық. Міне, осылайша, жылды қорытындылап, “Абай” баспасынан кітабы шыққан қаламгерлерге арнап жиын өткіздік.

«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІН ҚАЙ БАСПА ШЫҒАРСА ДА АРТЫҚ ЕМЕС»

- Кітаптарды шығарудағы негізгі мақсат қандай?

- Бізде көбі “классиканы қайта-қайта шығара берудің не қажеті бар” деп ойлайды. Дегенмен, біріншіден, бұрынғы шығарылған классикалық кітаптар темір емес, олар да тозады, жыртылады, жоғалып кетеді. Оның үстіне бізде кітаптар аз тиражбен шығатындақтан, қолжетімсіз болып жатады. Сондықтан қазақтың әдебиетін қай баспа шығара берсе де артықтық етпейді. Сол себептен, біз жаңа дизайнда, кей еңбектердегі бұрынғы идеологиялық мәтіндерді алып тастап, шығардық.

Абайдың таза өзінің кітабын 175 жылдыққа арналған академиялық жинақпен тура бірдей етіп жарияладық. Мысалы, “Партия”, “Ильич” деген өлеңдері бар кітаптарды қайтадан қарап, жаңа форматқа, біздің дүниетанымымызға, идеологиямызға сай еттік. Сондықтан ол кітаптарды шығару үнемі күн тәртібінде тұрады. Барлық елдер классикасын оқырманға қызықты етіп, әртүрлі форматта шығарады.

Бізде 20 жыл сайын жаңа буын өсіп келе жатыр. Оларға қазіргі заманғы дизайнмен, тіпті шрифтімен бөлек шығарып беру — әлемдік дәстүр. Біз де соны қайталаймыз, онда тұрған түк жоқ. Сондай-ақ, бұл кітаптардың барлығын интернет арқылы, жеке сату, яғни, мектептер, университеттер мен көпшілік кітапханаларға жеткізу жағын қарастырудамыз.

 - Кітапты шығаруға қаржы қайдан бөлінді?

 - Кітапты шығаруға мемлекеттен бір тиын қаржы алған жоқпыз. Баспа өзі қаржыландырды. Иә, біз инвесторлар тарттық. Кітапты жақсы көретін және бұны бизнес деп қарайтындар өз қаржыларын салды. Біз кітапты шығарып, сатылымға шығарамыз. Түскен ақшасын инвесторға, авторға қаламақы төлейміз, азын-аулағы баспаға қалады.

Маған бұл бизнестен қарағанда, хоббиға көбірек ұқсайды. Өзім кітапты жақсы көремін, оқуды да, жазуды да ұнатамын. Сондықтан осы салада жұмыс істеуге, іскерлік жағынан айналысуға қақымыз бар деп есептейміз.

«ҚАЛАМГЕРДІ ЖАЗУ ҮСТЕЛІНЕ ҚАЙТА ОТЫРҒЫЗУ – АРМАНЫМ»

- Кітап авторларына қаламақы төлейміз деп қалдыңыз...

- Мен баспаны құрған кездегі ең бірінші мақсатым ақын-жазушыларға қаржылай көмек көрсету болды. Өзім сол жолдан өттім. Мысалы, “Болмаған балалық шақ” кітабым ресми түрде 30 мың данадан асты. Мен оны сатып, қазір бала-шағамды асырап және басқа да жобаларды қаржыландырып отырмын. Сонымен қатар, ол туынды Америкада да шықты. Қазір Amazon, Market plays, iOS сынды платформаларда жарияланып, аудиокітабы да шығып, сатылып жатыр. Мен болашақта қазақтың ақын-жазушыларының шығармалары осылай сатылғанын қалаймын. Өйткені, кітапты монетизация жасауға болатынына куә болдым.

Енді қазақ авторларының кітабын көптеп шығару керек. Авторларға қаламақысын да береміз, болмаса мұрагерлері алады. Бұл – бүкіләлемдік практика, біз қазақ авторларының кітаптарын масштабты сату арқылы жиналған қаржыдан өздеріне келісімшарт бойынша ақша төлейміз. Соған бәрі риза. Мысалы, биыл үш айдың ішінде жұмыс істеген 60-қа жуық авторға қаламақы төледік. Әлбетте, әртүрлі сома. Біреуі аз, біреуі көп алды. Ол автордың танымалдылығына, кітаптың оқылымына, жарнамасына байланысты. Қандай қаражат жиналды, содан біз қаламақы төледік. Енді бұйырса, келесі жылы көп кітаптарымыз шет елге шығып, жаңа еңбектер туындап, авторлардың қаламақысын көбейткіміз келіп тұр.  Сонда олар жазу үстеліне отырады, жаңа шығармалар жазады. Ал жаңа шығармалар жазғаны баспаға жақсы, біз оларға промоушн жасаймыз, сөйтіп оларды сатамыз. Баспа да, автор да пайда табады. Қазақтың ақын - жазушысының қолына қаламын ұстатып, жазу үстеліне қайта отырғызу – арманым.

Былайша айтқанда бизнес коллаборация жасағымыз келіп отыр. Бұл — бұрыннан бар әлемдік практика. Әлемде ақын-жазушылар баспаның артынан жүрмейді, баспа ақын-жазушыдардың артынан жүреді. Тіпті, керек болса, аванс беріп жаздырып, соны сатады. Көптеген шетелдіктердің “ тапсырыс беріп жаздырам “ деген афоризмдері бар ғой. Тура сол мағынада жұмыс істеу керек. Көптеген шедевр шығармалар тапсырыспен жазылған. Ал бізде көп жағдайда баспалар министрлік, не басқа ұйымдардан тендер ұтып алады. Сол кітапты шығарып, авторға 1-2 ұстамасын береді, қалғанының барлығын сатқандарға таратып тастайды. Бірақ ол кітап нарықта болмайды. Біз керісінше нарыққа шығару жолын алға қойдық

АЗИЯНЫҢ БОЛАШАҚ «АМАЗОНЫ»

- Естуімізше, “Bооkstagram” деген жаңа жоба бастап жатырсыздар. Сол туралы толық ақпарат бере кетсеңіз.

 - Америкада "Amazon" деген үлкен онлайн сатылым платформасы бар. Ол компания алғашында кітап сатудан бастаған. Қазір барлық салаға кіріп кетті. Біз кітап, аудиокітап және электронды кітап сатуға бейімделген платформа жасауға тырысы жатырмыз. Оның негізгі концепциясын тұсаукесерде авторларға, баспаларға  таныстырдық.

Біз “Вookstagram”  платформасын Азияның “Амазонына” айналдырғымыз келеді.  Яғни, түріктілдес нарыққа шығару мақсатымыз бар. Сол арқылы әрі әдеби агенттік, әрі онлайн кітап дүкені болады. Бұл жерде кітаптың электрондық нұсқалары сатылады. Ол әлбетте қағаз кітапқа қарағанда арзан. Демек, оқырманға қолжетімді болады.

Қазір жастардың бәрі телефонда отырады. Сондықтан біз олардың алдарына классикалық, әдеби мұраларды ұсынамыз. Арзан болса сатып алады. Неғұрлым көп сатылса, авторлар көбірек гонорар алады, баспа да одан пайда табады.  Қазір бұл өте жақсы қабылданды. Ақын-жазушылардың бәрі риза болып, өздерінің кітаптарын сатуға рұқсат беруде. Авторларға ай сайын ешбір жерден алмайтын гонорар түсетін болса, ол өзінің негізігі парызын атқарады — жазушылығына оралады. Жазушылығына оралғаны — кемінде 1 жылда 1 роман беріп отырады деген сөз. Сондай-ақ, қазақ әдебиетіміздің дамуына, баюына, қазақ тілдің сақталып қалуына әсер етеді.

Көркем әдебиет — бұл тілдің негізгі сақталатын кеңістігі. Сол себепті “ Вookstagram” шамамен көктемнің ортасына қарай оқырманға жол тартпақ. Баспалар қағаз кітабын шығарады, бірақ электронды түрі компьютердегі папкаларда жатады. Біз оны “ Вookstagram” алаңына шығарсақ, басқа баспалар да өзінің авторлары арқылы пайда таба алады. Меніңше, бұл көпке ұнайды.

Қазақстанда “Kitapall” деген жоба бар. Біздің жұмысымыз олардан сәл басқаша. Біз оларды бәсекелес ретінде қабылдамаймыз, серіктес ретінде қарастырамыз. Бәріміз бірге дамығанымыз жақсы болады. Сондықтан кітапқа, ағартушылыққа, руханиятқа байланысты, ұлттың деңгейін көтеру жағынан қандай да бір жобалар болсын, жасай беруіміз керек. Өйткені, мемлекет мұның бәрін жасап бермейді, бұл – қоғам, нарық жасайтын шаруалар. Біз осыған бейімделіп жатқан жайымыз бар.

- 155 кітапты шығару — қазақ руханиятына қосылған алтын қазына. Жаңа шет жағасын айтып қалдыңыз, жоспарыңызбен ДЕ бөлісе кетсеңіз.

- Біз 155 кітаппен тоқтап қалмаймыз. Болашақта жаңа шығармаларды жарыққа шығару мақсатында неше түрлі конкурс ұйымдастыру ойда бар. Cондай-ақ,  жаңа туындыларға тапсырыс беруге де болады. Мәселен, он романға тапсырыс беретін болсақ, ол алты айда немесе бір жылда жазылып бітсе,  біз авторға айлық төлеп отырамыз. Сөйтіп, жазылған еңбектерді жарыққа шығарамыз. Соның ішінде біреуі жақсы оқылып, танылатын болса, оны шетелге шығарып, промоушн жасап, әлемдік деңгейдегі бестселлерге айналдырғымыз келеді. Ал 155 кітапты келесі жылы жазға дейін 200-ден астам коллекцияға жеткізу жоспарда бар.

Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Дана Нұрмұханбет

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер