Бүгін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапармен келеді. Сапар аясында оның мақаласы еліміздің беделді басылымы – «Казахстанская правда» газетінде жарияланды, онда Ресей басшысы екі ел арасындағы серіктестік туралы өз ойларын бөлісті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Мақалада Владимир Путин Ресей мен Қазақстанның достық, тату көршілік және өзара көмек дәстүрлеріне сүйенген серіктестігі барлық салада белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Ол екі елдің қарым-қатынасы теңдік, мүддені құрметтеу және нақты нәтижеге бағытталған жұмыстар арқылы нығайғанын айтты.
Оның айтуынша Ресей — Қазақстанның ірі экономикалық серіктестерінің бірі.
«Қазақстан экономикасына тартылған Ресей инвестициясы да жылдан-жылға өсіп жатыр. Бүгінде оның көлемі шамамен 13 миллиард долларға жетті. Қазақстанда ресейлік іскер топтардың қатысуымен 23 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Екі елдің компаниялары өнеркәсіптік кооперация мен жоғары технологиялар саласында бірқатар бірлескен ірі жобаларды іске асырып отыр. Соның арқасында экономиканы кешенді жаңғыртып, қос мемлекеттің технологиялық егемендігін нығайтуға ықпал ететін толық индустриялық циклдің жаңа өндірістері жолға қойылып жатыр», — дейді РФ Президенті.
Сондай-ақ, Ресей мен Қазақстан арасында гуманитарлық байланыстар әдеттегідей маңызды орын алатынын да атап өтті. Екі тарап та мәдениет, спорт, қоғамдық және жастар арасында және білім беру саласында ынтымақтастықты кеңейту үшін көптеген жұмыс атқаруда. Ресейдің жоғары оқу орындарында шамамен 60 мың қазақстандық студент оқып жүр.
Қазақстанда Ломоносов атындағы ММУ секілді жетекші ресейлік университеттердің филиалдары табысты жұмыс істеп тұр. Жақында Астанада Ресей Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (МГИМО) филиалы да ашылмақ, оның түлектері арасында танымал қазақстандықтар, соның ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та бар. Ресей Қазақстанда жаңа орыстілді мектептер салуды және мектептегі орыс тілінде білім беру сапасын арттыруды қолдайды. Жуырда Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында тағы осындай үш мектептің ашылуы күтілуде. Әрине, біз Қазақстан Республикасының басшылығына, әсіресе Қасым-Жомарт Кемелұлына орыс тіліне ерекше қарағаны үшін, оны мемлекетаралық және ұлтаралық қатынас құралы ретінде ілгерілетуге бағытталған Халықаралық орыс тілі ұйымын құру туралы маңызды бастамасы үшін алғыс білдіреміз», — деді Путин.
Ресей Президенті келесі жылы қос мемлекет Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтетінін тілге тиек етті. Осы ретте Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты 9 мамырда Мәскеуде өтетін ауқымды іс-шараға шақырды.
Қазақстан мен Ресей аймақтық және жаһандық мәселелерде бірлесіп әрекет етеді. Екі ел ТМД және ШЫҰ аясында белсенді ынтымақтастық жасап, халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде ұқсас ұстанымдарды ұстанатынын да алға тартты.
Ресей басшысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен әрдайым тығыз байланыста жұмыс істеп, жаңа бастамаларды талқылайтынын және екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.