Қазақстанда үш ресейлік мектеп ашылады

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/075QblcanDxjxyYUSbO6K34pNnH9UCkyoCwUNDAH.webp

Қазақстан мен Ресей білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Екі ел бірлесіп алты мектеп салу туралы келісімге келді. Бұл туралы Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров қазақстандық әріптесі Ермек Көшербаевпен кездесуден кейін мәлімдеді.

Шетелдік министрдің айтуынша, жобаның аясында Қазақстан аумағында үш ресейлік мектеп, ал Ресейде дәл сондай үш қазақ мектебі бой көтереді. Бұл бастама екі ел арасындағы білім беру саласындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға бағытталған. Қазіргі таңда Қазақстанда ресейлік жоғары оқу орындарының сегіз филиалы жұмыс істейді. Ал Ресейде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы бар. Жаңа мектептердің ашылуы осы әріптестіктің жалғасы болмақ.

"Жоғары және орта білім беру саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуді құптаймын. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы жұмысын бастады. Алғашқы іріктеу өтті. Өз кезегінде, Қазақстанда ресейлік жоғары оқу орындарының 8 филиалы жұмыс істейді, оның ішінде Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы да бар. Бұл оқу орындары Қазақстан басшылығының кең қолдауына ие. Диалогымыздың күн тәртібінде алты бірлескен мектеп, оның үшеуін Ресей аумағында, үшеуін Қазақстанда салу тұр", — деді Ресей сыртқы істер министрі.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда еліміздегі алғашқы ресейлік мектептің құрылысы басталған еді.

Пікірлер