Ресейлік газет Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласын жариялады

832
Adyrna.kz Telegram

Ресейдің "Известия" басылымы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан мен Ресей: стратегиялық серіктестіктің жаңа көкжиегі» атты мақаласын жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Мақалада екі ел арасындағы ынтымақтастықтың дамуы мен болашағы туралы маңызды мәліметтер берілген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастардың сенімділігі мен тұрақтылығын атап өтіп, Ресей Президенті Владимир Путинмен тұрақты және ашық байланыстар орнағанын айтты. Бұл қарым-қатынас туындаған мәселелерді жедел шешуге және елдер арасындағы достық қатынастарды нығайтуға ықпал етуде.

Мақалада соңғы бір жыл ішінде Қазақстан мен Ресейдің бірнеше рет жоғары деңгейде кездесулер өткізгені айтылған. Бұл кездесулер толық форматты келіссөздерден, халықаралық шаралар аясындағы кездесулер мен телефон арқылы сөйлесулерден тұрды.

Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамып келе жатқаны ерекше атап өтілді. Қазіргі таңда Қазақстанда 23 мыңнан астам ресейлік компания жұмыс істеп жатыр, оның ішінде соңғы жылы ашылған 4 мың жаңа компания бар. Бұл екі елдің экономикалық байланысының жоғары динамикасын көрсетеді.

Сонымен қатар, мақалада энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы ірі бірлескен жобаларға назар аударылды. Жалпы құны 18 миллиард доллардан асатын 90-нан астам жоба жүзеге асырылған, ал тағы 49 перспективалық жоба іске асырылу сатысында.

Мақалада Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығы да қозғалған. ЕАЭО өзінің тиімділігін дәлелдеп, экономикалық саясатты интеграциялау мен өзара сауданы дамыту үшін маңызды платформаға айналғаны айтылды.

Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 27 қарашада Қазақстанға Ресей президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен келеді. Сапар аясында жоғары деңгейдегі келіссөздер өтеді. Мемлекет басшылары бейнеконференция режимінде өтетін Қазақстан мен Ресейдің ХХ өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысады.

28 қарашада Тоқаевтың төрағалығымен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы кеңесінің кезекті сессиясы өтеді. Қатысушы елдердің делегациялары өңірлік және халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылайды. Отырыстың қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданады.

 

Пікірлер