Ақ үй басшысы Украинаға АҚШ пен басқа да елдердің қолдау көрсетуінің маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы golosameriki.com-ға сілтеп.
АҚШ президенті Джо Байден Голодомор құрбандарын еске алу күніне байланысты мәлімдеме жасады. 1930 жылдардың басында Украинада ұйымдастырылған ашаршылықтан қаза тапқан адамдарды еске алуға арналған күн қараша айының төртінші сенбісінде аталып өтеді.
«Тоқсан бір жыл бұрын Иосиф Сталин мен кеңестік режим Голодоморды – зорлық-зомбылықпен ұйымдастырылған аштықты тудырды, оның салдарынан миллиондаған украиндар қаза тапты, – делінген Ақ үй сайтында жарияланған мәлімдемеде. – Біз Голодомордан аман қалғандар мен олардың ұрпақтарын да құрметтейміз, олар Сталиннің украин ұлттық болмысын жою әрекеттеріне қарамастан, еркін, тәуелсіз және демократиялық Украина құрды», - деді хабарламада.
Өз мәлімдемесінде Ақ үй басшысы Вашингтонның Киевті қолдау жөніндегі ұстанымын тағы да растады. Байден «соңғы үш жылға жуық уақытта Ресей Украина халқын жою және Украинаны әлем картасынан өшіру үшін қатыгез соғыс жүргізіп жатқанын» еске салды.
«Менің украин халқына бүгінгі күнгі жолдауым айқын: Америка Құрама Штаттары сіздердің өткендеріңізді құрметтейді және қазіргі уақытта сіздермен бірге», – деп түйіндеді президент. Ол Украинаның әділдікке және таңдаған еуроатлантикалық болашағына ұмтылысын қолдайтынын мәлімдеді.
Голодомор – 1932-1933 жылдары Украин КСР-інде болған жаппай аштық. Ол кеңестік биліктің астық жинау және украин шаруаларынан азық-түлік қорын толығымен тәркілеу саясатының нәтижесінде орын алды.