Елші Киевке жасалған дрон соққылары даусы естілетінін айтады

245
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Кәлетаев Украина мен Ресей арасындағы соғыстың шиеленісуіне байланысты Киевтегі жағдайға мәлімдеме жасады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Ulysmedia ақпарат көзіне сілтеме жасап.

22 қарашадағы ақпаратқа сәйкес, елшінің айтуынша, Украинада консулдық есепте 1789 Қазақстан азаматы тіркелген, оның ішінде 1193 адам тұрақты есепте, ал 596 адам уақытша есепте тұр.

Дархан Кәлетаев қазақстандықтардан эвакуация туралы өтініш түспегенін хабарлады.

— Елшілікке эвакуация туралы өтініштер түскен жоқ. Қазіргі уақытта біз Украина аумағындағы 300 Қазақстан азаматының жағдайын бақылап, байланыс ұстап отырмыз, — деп нақтылады ол.

Сонымен қатар елші артиллериялық және әуе шабуылдары санының көбеюіне байланысты 20 қарашада елшілік Қазақстан азаматтарына белсенді ұрыс қимылдары жүріп жатқан аймақтардан кетуді немесе өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін елден шығу мүмкіндігін қарастыруды ұсынғанын айтты.

Киевтегі жағдайға қатысты сұраққа жауап бере отырып, Дархан Кәлетаев дрон соққыларының елшілік ғимаратына жиі естіле бастағанын атап өтті.

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрге, Президент әкімшілігі басшысына, барлық күштік құрылымдардың жетекшілеріне және әкімдерге Украина төңірегіндегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған болатын.

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов президент тапсырмаларын орындау, әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Пікірлер