Орталық Азиядағы Ресей мен Қытай. Америкалық көзқарас

322
Adyrna.kz Telegram

Америкалық сарапшылар Ресей мен Қытайдың Орталық Азиядағы ықпалы және батыс елдерінің осы аймаққа назары жайында ойларын ортаға салды. 

Соңғы жылдары АҚШ пен батыс елдеріндегі Орталық Азия бойынша сарапшылар Ресейдің Орталық Азиядағы империялық мүдделерінің қақтығысы және осы аймаққа бағытталған Қытайдың жаһандық экономикалық және саяси экспансиясы туралы бірнеше рет болжам білдірген.

Шынында, Мәскеу мен Бейжің арасындағы елдерге ықпал ету салалары бойынша, әсіресе экономикалық салада ұзақ уақыттан бері байқалып келе жатқан келіспеушіліктер елеулі пікірталастарға алып келіп, күрделі қақтығыстарға ұласуы мүмкін еді. Алайда осы уақытқа дейін екі ел де бұл шиеленістің олардың арасындағы маңызды қарым-қатынастарға нұқсан келтірмеуін қамтамасыз етуге тырысты.

Сонымен қатар, Қытай да, Ресей де Орталық Азияны өздерінің баламалы әлемдік тәртіп құруға бағытталған ауқымды әрекеттерінің «негізі» ретінде қарастырады.

Жаңа америкалық қауіпсіздік орталығының (CNAS) сарапшылары Мәскеу мен Бейжіңнің аймақ елдеріне қатысты қарама-қайшы жоспарларын ескере отырып, Ресей-Қытай қарым-қатынастарының болашақта қалай дамитынын талқылады.

САЛҚЫНДЫҚҚА СЕБЕП БОЛҒАН ЖЫЛУ ОРТАЛЫҚТАРЫ

Жаңа америкалық қауіпсіздік орталығы ұйымдастырған пікірталасқа шақырылған Орталық Азияның әртүрлі елдеріндегі АҚШ елшіліктерінде алты жыл, сондай-ақ Мемлекеттік департаменттің орталық аппаратында да сонша уақыт жұмыс істеген АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Дональд Лу ресейлік және қытайлық дипломаттардың бір-біріне достық қарым-қатынас көрсеткенімен, осы жылдар ішінде олардың арасында аз ғана ынтымақтастық және көп бәсекелестік болғанын атап өтті.

Мемлекеттік хатшының көмекшісі мысал ретінде Қырғызстандағы энергетикалық кәсіпорынды жаңғырту жобасы үшін болған қытайлық және ресейлік екі компания арасындағы бәсекелестікті айтып берді. Бұл кәсіпорын елдің жылу беруін қамтамасыз ететін маңызды технологиялық орталық болып табылады.

Дональд Лу бұл оқиғада кеңес дәуірінен бері Қырғызстандағы электр жылу орталықтарын (ЭЖО) пайдалану тәжірибесі бар ресейлік «Интер РАО» компаниясы мен жоба үшін таласқа түскенге дейін танымал болмаған қытайлық TBEA компаниясы арасындағы бәсекелестік туралы сөз қозғады.

Бұл жағдайды ол «жағымсыз және лас» деп атады. Қытайлықтар өз жобаларын «қысыммен өткізіп жіберген». «Интер РАО» $518 миллиондық ұсыныс жасаған болса, TBEA $390 миллиондық ұсыныс пен бағаны төмендету мүмкіндігін ұсынған. Сонымен бірге, TBEA жабдықтарды Қытайдан сатып алып, жобаның қосалқы мердігерлерін өзі таңдады. Бұл Қырғызстанда наразылық тудырды. TBEA қытай компаниясы Қырғызстан халқына $2 миллион көлеміндегі грант қаражатына екі мектеп салуға уәде берген. Алайда Қырғызстан үкіметі бұл ақшаның тек бір мектепке жететінін айтқан. 2017 жылы мектеп пайдалануға берілгеннен кейін, құрылыс барысында қаржы жымқыру фактілеріне байланысты Қырғызстан прокуратурасы іс қозғады.

2017 жылы Бішкек ЭЖО-сын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жобаның құны Қырғызстан үшін $386 миллионға түсті. Жаңғырту үшін несие қытайлық мемлекеттік «Эксимбанк» тарапынан бөлінді. Пайыздарымен қоса есептегенде, Қырғызстан Қытайға шамамен $500 миллион қайтаруға міндетті.

«Егер сіз соңғы бес-алты жылда Қырғыз Республикасында, оның астанасында болған болсаңыз, бұл әлемдегі ең ластанған жерлердің бірі екенін білесіз. Қыста ЭЖО ғимараттарды жылыту үшін түтін шығарғанда, сіз ауызға жағымсыз дәм келетінін сезесіз. 2018 жылы қыстың қақ ортасында, аязды кезеңде, ЭЖО жұмысын тоқтатып, бір миллион адамды қараңғылықта және суықта қалдырды. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Көптеген адам, соның ішінде бұрынғы премьер-министр сыбайлас жемқорлық үшін түрмеге қамалды. Ол кезде елде 25 000 қытай жұмысшысы болған. Сол себепті Қырғызстандағы наразылықтар Қытайдың ықпалына қарсы бағытталды. 

«Сіздер біздің қыздарға үйленіп жатырсыздар, жұмыс орындарымызды тартып алдыңыздар, экономикалық ықпалдарыңызбен елімізге еніп жатырсыздар, үйлеріңізге қайтыңыздар!», - деп айқайлаған наразылық білдірушілер. 

Бұл жағдайды игере алмағандықтан, Қытай елшісі қызметінен айырылды.

2020 жылы билікке жаңа басшы келген кезде қытай кәсіпорындары өртеніп кетті. Мыс және алтын кен орындары тоналды. Жергілікті тұрғындар қытай жұмысшыларын таспен атқылап, қырыққа жуық адам ауруханаға түсті. Бір қызығы басқа ешбір шетелдік компания, әсіресе ресейлік компаниялар, зардап шекпеген.

ОДАҚТАСТЫҚҚА МӘЖБҮРЛІК

Жаңа америкалық қауіпсіздік орталығының аға ғылыми қызметкері Андреа Кендалл-Тейлор Ресей мен Қытай әлемнің әртүрлі аймақтарындағы қақтығыстарға байланысты «одақтас ретінде әрекет етуге мәжбүр» екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мәскеу ең алдымен Пекиннің сөзіне құлақ асуға мәжбүр, өйткені соғыс жағдайында оған Қытайдың көмегі қажет. Орталық Азия да Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін үлкен маңызға ие болды.  

«Ресейге бұл аймақтағы үстемдігін сақтау өте маңызды «Қазір ол өзін осы жаңа халықаралық тәртіптің негізгі полюсі ретінде бекіту үшін бар күшін салуда, өйткені оның ойынша, бұл тәртіпті ол өзі қалыптастырып жатыр. Әлемдік держава болу үшін ең алдымен аймақтық держава болу керек», - ьдеп түсіндірді сарапшы.

Кендалл-Тейлордің пікірінше, егер Ресейдің ықпалы Орталық Азияда, Кавказда және оның дәстүрлі әсер ету аймақтарында әлсіресе, олар Мәскеуден алшақтай бастайды. Бұл жағдайда Ресей нарықтарды, жұмыс күшін және оңтүстік шекараларындағы қауіпсіздігін жоғалтады.

Жаңа америкалық қауіпсіздік орталығының аға ғылыми қызметкері және Үнді-Тынық мұхиты бағдарламасының директоры Лиза Кертис Орталық Азия аймағы Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасының маңызды бөлігі екенін еске салды. Кертистің деректері бойынша, Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда көлемі $90 миллиардқа жеткен.  

«Қытай аймақтың ең ірі сауда серіктесі ретінде Ресейден әлдеқайда озып кетті. Орталық Азиядағы Қытайдың энергетикалық жобаларының құны қазір $63 миллиардтан асып отыр. Қытай бұл аймақты өзінің ұзақ мерзімді энергетикалық қажеттіліктерінің жеткізушісі ретінде қарастырады. Қытайға импортталатын газдың 70%-ы Түрікменстаннан келеді. Ал Ресейге қатысты аймақ елдерде Украинадағы соғысқа байланысты күмән күшейіп жатыр», – деді сарапшы.  

Кертистің пікірінше, Ресей әскери тұрғыда аймақтағы ықпалын әлі де сақтап келеді. Мысалы, Тәжікстанда 7000 сарбазы бар. Алайда Қытай өз қауіпсіздік тұжырымдамасын белсенді жүзеге асыруда. Ол Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасында әскери база ашты және екіншісін құруды жоспарлап отыр.  

«Терроризм мәселелері бұл процесті одан әрі жеделдетеді. “ИГИЛ-Хорасан” Мәскеудегі Крокус-Сити концерт залына және Ирандағы қаңтардағы шабуылдарға жауапкершілікті өз мойнына алды. Бұл Қытайдың аймақтағы қауіпсіздік саласындағы ықпалын күшейтуі мүмкін. Сонымен қатар, Қытайдың мақсаттарын жүзеге асыратын Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) АҚШ-тың ғаламдық ықпалын төмендетуде рөл ойнайды. ШЫҰ-ның ауқымы кеңейіп жатыр. Оған Үндістан, Түркия, Египет, Кувейт және БАӘ қосылды. Ресей ШЫҰ-ны «бірполярлы әлемді қаламайтын елдерді біріктіретін алаң» ретінде қолдайды. Алайда Мәскеу бұл мәселеде Қытайдың айлакерлігін жеткілікті деңгейде бағаламайды», – деп толықтырды зерттеуші. 

АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Дональд Лу «Ресейдің Украинаға басып кіруі аймақтағы жағдайға қалай әсер етті?» деген сұраққа жауап беру үшін Орталық Азияны бірыңғай пікірлер жиынтығы ретінде қарастырмауға кеңес берді.  

«Мұнда мұнай мен газ байлығына байланысты өзін сенімді сезінетін Қазақстан бар. Батысқа бейім Өзбекстан бар. Табиғи газдың көп бөлігін Қытайға экспорттай отырып, аймақтағы күштердің тепе-теңдігін сақтауға тырысатын Түркиямен, Еуропамен, Ресеймен, Қытаймен, тіпті АҚШ-пен қарым-қатынастар орнатып отырған бейтарап Түрікменстан бар. Ресей мен Қытай арасындағы бәсекелестік ең көп байқалатын елдер – Тәжікстан мен Қырғызстан. Бұл елдер маусымдық жұмысшылардың ақша аударымдарына байланысты Мәскеуге қатты тәуелді. Сондай-ақ қауіпсіздік тұрғысынан да Ресейге тәуелді. Өйткені екі елде де Ресейдің әскери базалары орналасқан. Сонымен қатар, екі елдің де сыртқы қарызының жартысына жуығы Қытайдың Эксим банкінің үлесінде. Соңғы 15 жылда алған несиелерін олар ешқашан қайтара алмайтындай көрінеді. Бірақ Қытай оларға көбірек ақша ұсынуда. Бұл елдер, бәлкім, Еуропа мен АҚШ-қа үмітпен қарайтын шығар», – деп түсіндірді Дональд Лу.

Андреа Кендалл-Тейлор Мәскеу Қытайдың қауіпсіздік кеңістігіне енуіне жол бергісі келмейтінін, бірақ Украинадағы соғыс жалғасып жатқандықтан оның басқа амалы жоқ екенін айтты.

«Орталық Азия елдері өз қажеттіліктері үшін қаруды басқа жақтан ала алмайтындықтан, Қытай мен Түркияға жүгінуге мәжбүр. Бұл Мәскеуге ұнамайды. Бірақ Кремль Украинадағы соғыс жалғасып жатқанда бұған төзуге мәжбүр болады. Сонымен қатар, Орталық Азияда қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тіпті мұны толықтай Қытай қолға алса да, Ресейдің мүддесіне сай келеді. Сондықтан Пекин мен Мәскеудің аймақта ынтымақтасуына мықты себептер бар. Олардың бірі – «ортақ қауіп» және аймақта «тұрақтылықты сақтау» ниеті. Бұдан бөлек, Мәскеудің тіпті Украинадағы соғыс болмаған жағдайда да аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ете алатынына кепілдік жоқ. Әсіресе Мәскеудегі Крокус-Сити концерт залындағы шабуылды ескерсек», – деп атап өтті Кендалл-Тейлор.

Андреа Кендалл-Тейлор энергетика мен мұнай-газ секторын маңызды деп есептейді.

Сарапшының пікірінше, Қытай «орта дәлізді» дамыту арқылы үлкен пайдаға кенелмек. Бұл дәліз Орталық Азия мен Каспий теңізі арқылы Еуропаға және әлемнің басқа да аймақтарына мұнай мен газ экспорттаудың жаңа мүмкіндігі. Ал Ресей мұнай мен газ жеткізу маршрутының «Солтүстік-Солтүстік-Батыс» бағыты бойынша болғанын қалайды.

«Қытай үшін маңызды логистикалық элемент – Қазақстан арқылы өтетін теміржол желісі. Оның көмегімен Қытайдан Еуропаға тауарлар жеткізіледі. Бұл желі Ресейдің Қытайға қысым жасау құралына айналуы мүмкін. Ал энергия ресурстарына келер болсақ, жағдай әлдеқайда күрделі. Қазақстан КТК (Каспий құбыр консорциумы) жүйесін пайдалануға тәуелділігін азайтуға тырысып жатыр. Бірақ қазір оның шамамен 80% мұнайы осы құбыр арқылы өтеді. Қазақстан мұнайды «Баку-Тбилиси-Джейхан» құбыры арқылы тасымалдауды енді ғана бастады. Бұл оның мұнайының тек шамамен 5%-ын құрайды. Сондықтан бұл ұзақ мерзімді жоба», – деп түсіндірді Кендалл-Тейлор.

Оның пікірінше, дәл осындай жобаларға инвестиция салуда АҚШ маңызды рөл атқаруы керек.

«АҚШ бұл елдермен өзара әрекеттесуі керек. Орталық Азия елдері АҚШ-тың олардың аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін қолдауын құптайды. Олар АҚШ-тың инвестицияларын қолдағандықтан АҚШ үшін жаңа мүмкіндік – бұл «энергетикалық дәліздерді» құруға қатысу. Осылайша, Трамптың жаңа әкімшілігі Қытай мен Ресейдің аймақтағы ықпалын бөлуге қосымша ресурстар сала алады»,– деп толықтырды сарапшы.

Лиза Кертис АҚШ-тың Ауғанстаннан кеткеннен кейін аймақта дәстүрлі рөлін жартылай жоғалтқанына қарамастан, бұл рөлдің маңызын ұмытпау керектігін атап өтті.

«Талибан әлі де «Әл-Каидамен» байланысын үзген жоқ. «Әл-Каида» қайтадан АҚШ-қа елеулі қауіп төндіруі мүмкін деген ықтималдық бар. Сондықтан біз Орталық Азиямен жұмыс істеуіміз керек. Олардың шекараларын қорғау және Ауғанстанның ықпалының тарауынан қорғану үшін ресурстары мен мүмкіндіктерінің бар екеніне көз жеткізуіміз қажет», – деп түйіндеді ол.

АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Дональд Лу Ресейдің пропаганда машинасы бүкіл әлемде жұмыс істеп жатқанымен, аймақта Қытайға төтеп бере алмағанын атап өтті. Дегенмен Қытай Коммунистік партиясының ақпараттық ықпалының нәтижелері аса күшті емес.

Лу Қытайдың тілдік тосқауылдары мен ойлау ерекшеліктері аймақтағы көптеген кәсіпкерлер үшін қиындық туғызатынын атап өтті. Себебі олар көбінесе либертариандық принциптерді ұстанатын және Қытай Коммунистік партиясының көзқарастарына қарсы тұратын адамдар. 

Ал Андреа Кендалл-Тейлор, керісінше, Ресейдің пропагандасы Орталық Азияда әлі де өз әсерін сақтап тұрғанын айтты. Себебі ол өзінің «орталық телевидениесі» арқылы аймақтағы дәстүрлі ықпалын жүзеге асырады.

«Пекин мен Мәскеудің ақпараттық саласындағы ортақ ұстанымы – Орталық Азияда демократияның таралуына жол бермеу және АҚШ-тың ықпалын азайтуға тырысу», - деп есептейді сарапшы.

Дональд Лу ақпараттық манипуляциялар мен пропагандаларға қарсы тұрудың ең тиімді жолы – білім саласына инвестиция салу деп санайды. Өйткені бұл мәселе аймақ елдерінің билігі тарапынан жоғары бағаланады.

«Бұл АҚШ-қа аймаққа қайта оралу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. АҚШ өз саудасын, терроризммен күрес саласындағы ынтымақтастығын және дипломатиялық байланыстарын нығайтуы керек. Аймақ мемлекеттері Ресей мен Қытайдың үстемдік концепциясына қарсы. Бірақ олар Батыстан, АҚШ-тан келген балама инвестиция көздеріне және саяси қолдауға мұқтаж», – деп түйіндеді Лиза Кертис.

Пікірлер