ATACMS алысты көздейді. «АҚШ-тың бұл шешімі өте кеш қабылданды»

776
Adyrna.kz Telegram

Украина Америка Құрама Штаттары рұқсат бере сала ATACMS зымырандарымен Ресей аумағын атқылады. Бұл шешім Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы әскери ынтымақтастықты тежеу және Украина Қарулы Күштеріне жаңа стратегиялық артықшылық беру мақсатында қабылданған болуы мүмкін. Қазақстаннан қарағандағы әскери сарапшының пікірі қандай?

19 қарашаға қараған түні Украина Брянск облысының Карачев қаласындағы әскери нысандарға соққы жасады деп хабарланды. Карачевтегі ГРАУ-ның 67-арсеналы мен 1046-арсенал нысанаға алынған. Жарылыстардың видеолары әлеуметтік желіде кеңінен талқылануда. Ресей тарапы әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің төрт ұшқышсыз ұшақты атып түсіргенін мәлімдесе де, зымыран соққылары туралы ақпаратты растаған жоқ.

Бұл оқиғалар Байден әкімшілігінің Украинаға қару жеткізу мәселесіндегі саясатына байланысты қызу пікірталас тудыруда. Бұған дейін Дональд Трамп Байденді Украинаға көрсеткен қолдауы үшін сынға алған болатын.

Сарапшылардың пікірінше, Украина ATACMS арқылы Ресейдің логистикалық желілеріне айтарлықтай соққы жасай алады. Бұл өз кезегінде Ресейдің әскери әрекеттерін бәсеңдетуге ықпал етуі мүмкін. Осыған байланысты запастағы полковник, ардагер ұшқыш, әскери сарапшы Ермек Сейітбатталовтың пікірін сұрадық.

- Украинаға зымыран қаруы пайдалануға берілгелі біраз болды. Енді рұқсат етілгеннен кейін Украина оны қаншалықты қолдана алады?

- Бір айта кететін жағдай бар. «АҚШ-тың ATACMS атты, алыстан соққы беретін зымырандарын Ресей территориясына қолдануға Украинаға рұқсат берілді», - деп ресми түрде АҚШ әкімшілігі хабарлаған жоқ. Дегенмен бұл ақпарат БАҚ бетіне жайылып кетті. Алғашқы дерек The New York Times бетінде пайда болды. Олар биліктің жауапты қызметкерінің мәліметіне жүгінген. Одан кейін Reuters агенттігі жауапты қызметкерлермен байланысы бар өзінің үш ақпарат көзіне сүйеніп, осы мәліметті растады. Британдық BBC корпорациясы және басқа да бұқаралық ақпарат құралдары осыны хабарлады. Қалай болғанда да, «осындай рұқсат бар» деп санауға болады.

Бұл мәліметтер туралы Украина президенті Владимир Зеленский: «Жауға соққыны сөзбен бермейді, оны кезінде зымырандар өзі айтады», - деп пікір білдірді. Айтқандай, Украина 19 қарашада аталған зымырандармен Брянск облысында орналасқан 67-ші Зымыран-артиллерияның Бас басқармасының қоймасына соққы жасады. Бұл ұрыс Ресей әскері үшін жайсыз нәтиже әкелді. Владимир Зеленский айтқандай, зымырандар осы сұраққа өздері жауап берді.

Дегенмен, АҚШ әкімшілігінің бұл шешімі өте кеш қабылданды. Егер жаңа АҚШ билігі Украинаға нақты әрі жүйелі көмек көрсетсе, Украина қажетті нәтижеге қол жеткізе алады.

АҚШ әкімшілігінің шешімі жеңіл қабылданған жоқ. Бұл мәселе бірнеше аспектіде қарастырылуы керек: геосаясат, ішкі саясат, әскери-саяси, әскери-стратегиялық және әскери-техникалық факторлар.

Геосаясат жағы. «Ресейді ядролық соққы беруге мәжбүрледіңдер, үшінші дүниежүзілік соғысқа жол аштыңдар», – деп Ресейді жақтаушылары АҚШ әкімшілігін кінәлауға мүмкіндік алды.

Ішкі саясат жағынан. Бұл жағдай Дональд Трампқа жаңа шабуыл алаңын сыйлады. Ол Украинадағы соғысқа міндетті түрде тығыз араласуы мүмкін.

Әскери факторлар. Украина жері техникалық тұрғыдан қиын жағдайда. Қыстың қара топырағы езіліп, техника батпаққа тұрып қалуы ықтимал. Бұл маневр жасау мүмкіндігін шектейді. Қару қолдану үшін радиоэлектронды қарсы әрекет құралдарының сай болуы және аспанның бақылаушы дрондар мен ұшқышсыз аппараттардан таза болуы талап етіледі. Сонымен қатар, Украинада M270 MLRS және M142 HIMARS жүйелерінің қаншасы сақталғанын және олар техникалық тұрғыдан жарамды ма, осыны анықтау қажет.

- Украин әскері оны қолдануға дайын ба?

- Әрине, Украина әскери мамандары батыс елдерінде арнайы даярлықтан өтті. Дайындығы жоқ елге мұндай қару-жарақ берілмейді. Бұл – халықаралық әскери заң талаптарының бірі.

- Бұл АҚШ-тың да соғысқа кіргені болып есептелмей ме, қалай ойлайсыз? Әлем осы оқиғадан кейін қалай өзгереді?

- Америка мамандары Украинаға бармай-ақ, қажетті көмекті көрсете алады. Себебі бұл үшін АҚШ Конгресінен арнайы рұқсат алу керек. Жараланған, қайтыс болған жауынгерлердің құқықтары Конгресте қарастырылып, рұқсат берілмейінше, мұндай жағдай болмайды.

Ал «АҚШ-тың соғысқа кіргені болып есептеледі» деген – Ресейдің пропагандасы. Бұл АҚШ-ты кінәлау үшін қолданылған әдіс. Өзінің қабылдаған шараларын ақтау үшін жасалған қадам.

Сіз «Әлем осы оқиғадан кейін қалай өзгереді?» деп сұрадыңыз. Бұл оқиға әлемді ядролық соғыс немесе үшінші дүниежүзілік соғыс болу қаупіне бір қадам болса да жақындатты. Бірақ геосаяси жағдай онсыз да ушығып тұр.

- Украина қаруды қолданды, Ресей енді қандай жауап береді?

- Украина қаруды қолданды. Ендігі қадам Ресейден. Ресейдің ядролық қарумен қорқытуы немесе оны қолдануы ықтимал. Бірақ басқа жауап қайтару мүмкіндіктері шектеулі болып отыр.

Ресейдің адами ресурстары азайды. Енді мобилизация жарияласа, халықтың шыдамы таусылып, қоғамдағы наразылық өрши түсуі мүмкін. Қару-жарақтан да тапшылық көріп отыр. Сол себепті Солтүстік Кореядан Кеңес Одағынан қалған қаруларды сатып алуда.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер