Терезеден кірген сұғанақ әкім сотталды, бірақ қамалмайды

209
Adyrna.kz Telegram

Тамыз айының басында Жетісу облысы Ақсу ауылының тұрғыны әкім түн жарымда үйіме терезеден кіріп, зорлық көрсетпек болды деген мәлімдеме жасаған еді. 18 қарашада қылмыстық іс аудандық сотта қаралып, айыпталушы ауыл әкімі мен әкімдік қызметкеріне үкім шықты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Олар тұрғын үйге топ болып түнгі уақытта заңсыз кіру және елдің тыныштығын бұзу бабы (ҚК 149-бабының 2-бөлігі) бойынша айыпталған.

Сотта жиналған дәлелдер, жәбірленушінің және куәгерлердің айғақтары, сондай-ақ істің басқа да материалдары негізінде айыпталушылардың кінәсі дәлелденді.

«Сотталушылардың бұрын сотталмағаны және кәмелетке толмаған балаларының бары ескерілді. Олар тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ»,— делінген хабарламада.

Бұған дейін Ақсу ауылдық округінің әкімі әйелдің айтқанымен мүлдем келіспейтінін жеткізген еді.

Пікірлер