«Қызыл орман»: Бір ауыл. Бір гектар. Бір саябақ

802
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында. Десек те, қалада үй салатын, ауылда мал жаятын жер жоқ. Жеріміздің 95,5 пайызы жалаңаш, ағаш жоқ. Ал қалған 4,5 пайыз жерде өсетін ағаштың тең жартысы – сексеуіл. Қалаларымыз бен даламызда декоративті ағаштар өте сирек, ассортимент аз. Өзі аз ғана орманымызды жыл сайын алапат өрт жалмап барады.

АҒАШ ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ ЖЫЛЫНУ

Қазақстанның климатын ондаған жыл бойы зерттеген Франция мен Голландия ғалымдарының болжамына  сүйенсек, болашақта еліміздің

">экологиялық ахуалы нашарлай бермек. CO₂ деңгейі күн өткен сайын көтеріліп,  топырақ қабаты аса қатты қарқынмен тозып барады. Құрғақшылық пен қуаңшылықтың алдын алу үшін радикал қадамдар жасап, даламыз бен экономикамызды «жасылдандырмасақ», жағдай қиындай береді дейді ғалымдар.

Жаһандық жылыну деген — жердің бетіндегі орташа температураның артуы. Соңғы жүз жылда температура шамамен 1°С-қа көтерілген. Салыстырып айтқанда, адам денесінің температурасы 1°С-қа көтерілсе, ағзада ылғал азайып, адам ауырып қалады. Сол сияқты ауа температурасы небары 1°С-қа артса, климатқа орасан зардабын тигізеді. Күн ысыған сайын, жердің беткі қабатындағы микроорганизмдер жойыла бермек. Сол себепті топырақ көлеңкеге зәру. Ал біз оны тек жасыл желек, ағаш егіп қана реттей аламыз. Ол үшін әуелі қоғамда экосана мен экодағды қалыптастырудың тетіктерін ойластыру қажет.

Айналамызда шашылып жатқан целлофан пакеттер мен пластик қалдықтары экологиялық проблема дегеннен гөрі, әкімшілік басқару жүйесінің осалдығы деуге келеді. Егер қоқысты сұрыптау, оны бақылау, қайта өңдеуді жүйеге түсіріп, тәртіп пен заңды орнатса, бұл мәселе шешімін табады. Ал нағыз экологиялық проблема – топырақтың тозуы, судың тартылуы, қуаңшылық пен құрғақшылық.

Қапырық ыстықта жалғыз ағаштың көлеңкесін паналап, жан сауғалап жүрсе де, көп адам ағаштың жаратылыстағы маңызын терең түсінбейді. Оны тақтай, отын, яғни материал сипатында ғана көре алады. Бір ағаш бір жылда ауаны 28 келі ластаушы заттан тазалайды. 13 000 литр жаңбыр суын сіңіріп, тасқыннан сақтайды. Ауаны салқындату жағын есептесек, бір ағаш жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істейтін 10 кондиционердің қызметін атқарады.

АҒАШ ЖӘНЕ СУ

Біздің қоғамда «ағаштарды сақтайтын – су» деген біржақты түсінік бар. Ал шын мәніне келсек, су ағашты емес, ағаш суды ұстап тұратын қасиетке ие. Тал-терегі қалың тұстарда жерасты сулары жоғары көтеріліп, жер бетіне жақындай түседі. Орманы қырқылған жерде топырақ тозып, құрғақшылық басталады.

Елімізде жыл сайын қайталана беретін түйткілді мәселелер бар. Ол – жаздағы қуаңшылық пен құрғақшылық, күздегі алқаптар мен ормандардың өртенуі, қыста ауылдардың қар астында қалып, қала құбырларының үскірік аязға шыдамай жарылуы, көктемде алапат су тасқыны. Алайда біз ағаштардың көктемде қар суын ұстап қалып, тасқынның алдын алуда ерекше рөл атқаратынын ескере бермейміз. Орманды жердің қары баяу ериді, жерге ақырындап сіңіп, су бірден тасып кетпей жағалауларға жиналып, ұзақ сақталады. Жиналған су жазда қуаңшылықтан сақтайды.

Осыдан небары 30-40 жыл бұрын ауыл маңындағы өзендердің терең болғаны сонша, атты адам өте алмайтын. Қазір арналары босап қалған, көбінен бір тамшы су таппайсың. Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанда көлемі бір гектардан асатын 84 000 көл болса, қазір соның он төрт мыңы ғана қалған. Ал ұзындығы бір шақырымнан асатын 44 000 өзеннің төрт мыңы қалған. Жеріміз сусыз қалса, «Қазақстан аграрлы ел болады» деген әңгімені біржола ұмытуға тура келеді.

АҒАШ ЖӘНЕ ҚАЛА

Астана, Алматы сияқты ірі қалалардағы жарыса бой көтеріп, жапсарласа орналасқан зәулім тұрғын үй кешендері мен түрлі ғимараттар ағаштар мен басқа да өсімдіктерге мүлдем орын қалдырмай барады. Қалалардың қазіргі инфрақұрылымы адам үшін емес, көліктер мен ғимараттар үшін жасалғандай. Аулаларға күн сәулесі аз түседі, топырағының құнары азайып кеткен. Бетондалған тас жолдардың кесірінен өсімдіктер тамырын кеңге жая алмайды.

Кеңістік азайып, фотосинтез бұзылған, қоршаған ортамыз күрделеніп барады. Өсімдік болмаған жерде топырақтағы басқа да тіршілік иелеріне қажетті микроклимат қалыптаспайды. Көгалды жермен салыстырғанда, тасты жердегі күн қызуы бірнеше есе жоғары болады.

АҒАШ ЖӘНЕ АУЫЛ

Елімізде халық саны жылдан-жылға артып келеді. Сонымен қатар мал шаруашылығы дамып, мал басы көбейіп жатыр, бір жаманы – жайылымдық жер тарылып, ахуал нашарлап барады. Жер жетіспегендіктен халықтың малы жыл бойы тек ауыл маңында жайыла беріп, топырақты тоздырып жіберген. Күн сайын бір жерге жайылған соң, малдың көңі де үйіле береді. Ол зиянкестерге таптырмас азық, яғни жәндіктердің шектен тыс көбейіп кетуіне қолайлы жағдай. Зиянкестермен қоректенетін тышқан, егеуқұйрық сияқты небір жабайы тіршілік иелері де ауыл маңын төңіректейді. Олардан тарайтын аурулар малмен бірге ауылға жетіп, мал өнімін тұтынатын жергілікті халықтың денсаулығына зардабын тигізіп жатыр. Бұл зиянды циклді тоқтатудың бірден-бір жолы – топырақтың құнарын қайта қалпына келтіру. Ал оның табиғи әрі төте жолы – көптеп ағаш отырғызу. Еліміздің символы жалаң дала емес, ормандар болуы керек! Бұл проблемаларды жергілікті халыққа да, экологияға да тікелей пайда әкелетін көпфунционалды, новаторлық идеямен шешпесе, мәселе созыла береді.

«ҚЫЗЫЛ ОРМАН» ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ

Қуаңшылық жайлап, тозып бара жатқан жерімізді құтқарудың бір амалы – жұртшылықты инновациялық тәсілмен ағаш отырғызуға ынталандыру. Біз ұсынатын жобаның мәні – ерекше әрі әдемі, біртүсті ағаштардан монохромды саябақ жасап, халықтың қоршаған ортаға деген махаббатын ояту. Әдемі саябақпен қызықтыру, адам жанына ләззат сыйлайтын ағаш, өсімдік егуді культке айналдыру.

Осы мақсатта БҰҰ ДБ жүзеге асыратын ғаламдық экологиялық қордың Шағын гранттар бағдарламасы (ғЭҚ ШГБ) қолдауымен «Қызыл орман» агро-экотуристік саябағы – ауылдық жерлердегі тозған топырақты қайта қалпына келтірудің жаңа моделі» деп аталатын жоба басталды. Оны «Exclusive Fund» жеке қоры жүзеге асырады. Алматы облысының Талғар ауданында бой көтеретін «Қызыл орман» агро-экотуристік саябағының композициясы көктемнен күзге дейін қып-қызыл болып жайқалып тұратын қызылжапырақты ағаштар мен жапырағы күзде қызаратын ағаш-бұталардан және қызыл гүлдерден тұрады.

Жоба қызыл ағаштар мұражайы сынды елімізден және сырттан келетін туристерді тартып, өлкеміздің «визит картасына» айналмақ. Оған қоса, бақтағы ағаш-бұтаның  барлығы ханымдарға құрмет ретінде қазақ қыздарының есімімен аталмақшы. Сонымен қатар қызыл жеміс беретін ағаштар аллеясын жасау да жоспарда тұр.

Отырғызатын ағаштардың сұрпы мен түрлері елімізде алдын ала апробациядан өткен, аудандастырылған. Енді оларды кешенді түрде жүзеге аспақ. Белгілі сарапшылар мен ғалымдар, ландшафт мамандары жобаның идеясымен жақсы таныс және бірігіп жұмыс істеуге де мүдделі. Жоба ҚР Экология және табиғи ресурстар министріне, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне таныстырылды.

«БІР АУЫЛ. БІР ГЕКТАР. БІР САЯБАҚ»

Жобаның басты мақсаты – ауылдық аумақтардың бір гектар жеріндегі тозған топырақты қалпына келтіруге бағытталған «Бір ауыл. Бір гектар. Бір саябақ» атты қоғамдық-жекеменшік саябақтың типтік үлгісін жасау. Жоба аясында жекелеген азаматтарға, жергілікті қауымдастықтарға, қоғамдық ұйымдар мен компанияларға, ауыл мен аудан әкімдеріне осы модель насихатталады. Әрине, бұл барлық өңірде қызыл ағаштар егіп, бір идеяны қайталау деген сөз емес. Бір ауыл тек қана емен, енді бір ауыл қарағай ексе, тағы біреуі аққайың бағын немесе қарапайым бақ жасауы мүмкін. Қалай болғанда түпкі мүдде – ағаш отырғызу арқылы топырақ тозуының алдын алу, гүл өсіру мәдениетін, экологиялық сана мен дағды қалыптастыру. Әйткенмен елді мекендерде мұны жүзеге асыратын мамандар тапшы. Содан болар, кей сұрақтардың жауабын білмеген жұртшылық бұл бағытқа бара бермейді. Сондықтан біз бір гектар жерді өлшем ретінде алып, әр жердің климатына қарай қандай ағаштар егуге болады, ағаш сұрыптары мен түрлерін қайдан табу керек, оларды қалай күтіп-баптаймыз деген сұрақтарға жауап беріп, топырақ құнарын арттыру мен су үнемдеу технологияларын пайдалану реті, саябақтың сызбасы, жұмсалатын уақыт пен еңбек шығындары туралы дайын технологиялық пакет жасамақпыз.                Бұл жоба жаңа технологияларды тәжірибеге енгізіп, тұрақты шаруашылық жүргізу әдістерін үйрету, ауылдық жерлерде жеке саябақ егу кәсібіне жол ашу, оны жаңа балама табыс көзіне айналдыру, экологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімді екенін түсіндіру мақсатында әртүрлі іс-шаралар жүргізуді көздейді. Қазақстанда адамдар қолдан жасаған туристік объектілер аз, сондықтан көпшілік жабайы табиғат аясында ғана демалады. Біздің елде «Дубай саябағына» барғандай, ағаштардың саясында немесе гүлдермен мақтана суретке түсетін адамдар өте сирек. «Қызыл орман» агро-экотуризм саябағында түрлі мүсіндер, пергола, арка, конструкциялар мен инсталляциялар, композициялар мен фотозоналар көптеп жасалады. Алуан түрлі арт және әлеуметтік іс-шаралар, балаларға арналған шеберлік сабақтары, эко-дәрістер өткізілмек.

Айдос Аманкелдіұлы

«Exclusive Fund» жеке қорының директоры

Пікірлер