Беспаев неге Сағынтаевтың кеңесшісі болды?

10179
Adyrna.kz Telegram

Мейрамбектің Алматы қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалуын әркім әрқалай қабылдапты. Инстаграмда құттықтау басымырақ болса, фейсбукта "Мұны қалай түсінеміз?" сыңайындағы сын-пікірлер де айтылып жатыр.

Меніңше, әкім әншіден қаланың саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік шаруашылығына қатысты кеңес сұрайын деп отырған жоқ. Мейрамбектің саласы - мәдениет, өнер. Ол бұл саланың ішкі-сыртқы мүң-мұқтажын, бүкіл проблемасын өте жақсы біледі. Өзі қазақы жігіт, ұлттық ұстанымы айқын, әр нәрсеге өзіндік көзқарасы бар азамат. Арзан шоудың соңында жүрген көп әншінің бірі емес. Кейінгі жылдары қазақтың ұлттық өнерінен гөрі, шоуқұмар шошақайлардың "екі жеп, биге шығып" кеткені оның да жанын ауыртпас, көкейін теспес деп ойламаймын. Сағынтаев ақыры ақылдасады екен, өнер мен мәдениеттің мәселесін оған Мейрамбектей жеткізіп айтып, нықтап көрсете алатын адам кемде-кем шығар.

Мәдениетімізді "репетицияны тренировкамен шатастыратын" Әшляев та басқарғанын ұмытып үлгерген болармыз, бірақ сөйлеген сайын аузынан "афоризм" төгілетін Арыстанбек-шешеннің де алты жыл отырып, кеше әрең кеткені есімізде ғой! Соларға да төзіп келіп, енді Мейрамбектің кішкене ғана қызметін көре қалғанымыз ба? Ол - өнердің өз ортасынан суырылып шыққан талант қой, қолынан келгенінше әрекет етсін. Оның үстіне республика емес, қала әкімінің штаттан тыс кеңесшісі ғана. Мейрамбек мақұл демегенде, осы ұсыныс бәрібір біреуге жасалар еді ғой. Өз басым "бәрібір біреуден" гөрі Мейрамбектің барғанын жөн санадым. Жұмысына сәттілік тілеймін!

 

Сәкен СЫБАНБАЙ
"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер