Бұрын мемлекеттік құпиямен жұмыс істеген тұлғалар шетелге рұқсатсыз шыққан жағдайда жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Қазіргі заңнамада тек құпиямен жұмыс істеу құқығы бар қызметкерлерге ғана жауапкершілік қарастырылған. Ал бұған дейін құпия ақпаратқа қол жеткізгендерге ешқандай шара қолданылмаған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті осы олқылықты түзету мақсатында «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 504-бабына өзгеріс енгізуді ұсынды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Бұл бастама мемлекеттік құпиялардың сақталуын нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ құпия ақпараттың техникалық қорғалуын және құпиялық режимінің жүйелі түрде бұзылуына қатысты жауапкершілікті күшейту мәселесі де қарастырылып жатыр.
Комитет «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 504-бабында жекелеген бөліктер ретінде іске асырып, салынатын айыппұл мөлшерін ұлғайтуды орынды деп санайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Марат Башимов ҰҚК-ға сұрау салып, құпия ақпаратқа қол жеткізген бұрынғы тұлғалар шетелге шығып жатқанда қандай бақылау шаралары қолданылады деп сұраған болатын. Айтуынша, олардың кейбірі әлемді аралап, шет мемлекеттердің, шетелдік құрылымдардың басшыларымен кездесіп жүр.