321 миллион теңге жымқыруы мүмкін. «Кезби» директоры ұсталды

1021
Adyrna.kz Telegram
Сурет: AFP / ATTA KENARE
Сурет: AFP / ATTA KENARE

Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі «Кезби» компаниясына қатысты қаражатты жымқыру және салық төлеуден жалтару фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Маңғыстау облысы бойынша ҚМА департаменті «Кезби» ЖШС атқарушы директоры Ержан Кезбаевқа қатысты, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы («Аса ірі көлемдегі алаяқтық») бойынша қылмыстық іс қозғады.

Ол «Өзенмұнайгаз» АҚ компания қызметкерлеріне еңбекақы төлеуге бөлінген 321 миллион теңгені жымқырды, және шамамен 1,5 миллиард теңге көлемінде салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінген.

«2021 жылы «Кезби» ЖШС «ӨзенМұнайГаз» АҚ-мен бригада сағатына 65 мың теңге бағамен жөндеу жұмыстарын жүргізуге келісімшарт жасады. Кейін жұмысшылардың жалақысы мен медициналық жәрдемақыны арттыру мақсатында құны бригада үшін сағатына 87 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Алайда, тергеу мәліметінше, осы қаражаттың елеулі бөлігі, атап айтқанда 321 миллион теңге, әлеуметтік жағдайды жақсартпай, компания басшысы тарапынан жымқырылған», - деп хабарлады ҚМА.

Бүгін күдікті Ержан Кезбаев қамауға алынды. Қазіргі уақытта жасалған қылмыстың мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізілуде.

Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтерді жариялауға болмайды.

Пікірлер