Қазақстан Ресейді айналып өтетін жаңа маршрут туралы келісімге қол қоймақ

154
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Gjb61NFgdk7rGnoHt0Ep6rBkXOsVkzuO2wPOfh4T.webp

фото: zakon.kz

Қазақстан Ресейді айналып өтетін халықаралық көлік дәлізі — ТРАСЕКА аясында бірыңғай транзиттік рұқсат (БТР/ЕТР) енгізу туралы келісімге қол қоюды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде үкімет қаулысы жобасында айтылған, деп хабарлайды "Адырна" порталы ҚазТАГ агенттігіне сілтеп.

Құжатта көрсетілгендей, келісім тарап мемлекеттердің аумақтары арқылы автокөлікпен жүзеге асырылатын халықаралық жүк тасымалдарын бірыңғай транзиттік рұқсат негізінде реттеуді көздейді. Сонымен қатар рұқсатты беру және пайдалану тәртібі, сондай-ақ ТРАСЕКА шеңберіндегі транзитке қатысты өзге де нормалар айқындалады.

Келісімнің негізгі мақсаты — халықаралық автокөлік тасымалдарын жеңілдету және жеделдету, рәсімдердің ашықтығын арттыру, цифрландыруды күшейту, сондай-ақ ТРАСЕКА бағыттары бойынша транзиттік жүк ағындарын ұлғайту.

Құжатқа сәйкес, алғашқы практикалық нәтижелер келісім күшіне енгеннен кейін күтіледі. Ол үшін тараптардан төртінші ресми хабарлама алынған соң 30 күн өтуі тиіс. Бірыңғай транзиттік рұқсатты пайдалану жыл сайын 1 қаңтардан келесі жылдың 31 қаңтарына дейінгі кезеңді қамтиды. Бұл тасымалдарды тұрақты жоспарлауға және болжамдылықты арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ келісімді іске асыру құзырлы мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіруді жақсартып, шекарадан өту уақытын қысқартуға және транзиттік тасымалдарға бақылау тиімділігін арттыруға бағытталған.

Айта кетейік, ТРАСЕКА — 1993 жылы Еуропалық одақтың бастамасымен құрылған халықаралық бағдарлама. Ол «Еуропа – Кавказ – Азия» көлік дәлізін дамытуға бағытталған және Қазақстанды қоса алғанда 13 елді біріктіреді. Бағдарлама Қара теңіз, Кавказ және Каспий теңізі арқылы өтетін теміржол, автомобиль, теңіз және әуе маршруттарын дамытуға, сондай-ақ дәстүрлі бағыттарға балама көлік жолдарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Пікірлер