Аты ауысты. ҚызПУ кітапханасына министр мен әкім келді

1106
Adyrna.kz Telegram

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің кітапханасына биыл күрделі жөндеу жасалып, ұлағатты ұстаз  Сералы Қаниевтың аты берілді. Жаңарған кітапхананың ресми ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйледі.

«Шын мәнінде бүгін – айтулы күн. Кез келген білім ошағының жүрегі – ол кітапхана. Ең жоғары стандартта жасалған, ең мықты электрондық, цифрлық платформалары бар бұл Ғылыми кітапхана студенттер мен оқытушылар, жалпы кітапсүйер қауым үшін білімдерін арттыруға бағытталған мықты орталық боларына сенімім мол», – деді Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Сералы Қаниұлы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің дамуына үлкен үлес қосқан ардақты ұстаз, белгілі ғалым, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі, КСРО Жоғары мектебінің үздігі, еңбек ардагері. 40 жылға жуық Қазақ қыздар педагогикалық институтында қызмет етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиеледі.

Кітапхананың салтанатты ашылу рәсіміне Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Гүлмира Қанай және Сералы Қаниұлының жақын туыстары да қатысты.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев бұл кітапхана білім мен мәдениеттің нағыз орталығы екенін атап өтті. Ұлағатты ұстаздың келіні Жанат Дербисалина университет ұжымына алғысын білдірді:

«Әкемізге осындай құрмет көрсетіліп жатқанына өте қуаныштымыз. Ол кісінің есімі университет қабырғасында, жүрегімізде мәңгілікке сақталады».

Іс-шара аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Сералы Қаниевтың ұлы Берік Қаниевке кітапхананың ашылуына зор үлес қосқаны үшін Алғыс хат табыстады. Сонымен қатар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры Гүлмира Қанай да алғысын айтып, университет кітапханасына Сералы Қаниевтың аты берілгені өте маңызды оқиға екенін атап өтті.

Ерболат Досаев қазіргі студенттерге оқуда және кәсіпте жоғары стандарттарға ұмтылуға, өз ісіне адал болуға тілек білдірді.

«Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен жалпы қаламыз үшін атаулы оқиға - біз ең заманауи талаптар мен әлемдік стандарттарға сай келетін жаңа кітапхананы ашамыз. Кітапхана көрнекті ғалым және ұстаз Сералы Қаниевтің есімімен аталады. Ол 35 жыл бойы осы университеттің қабырғасында еңбек етті, оның білімімен қанаттанған студенттер еліміздің әр өңірінде жемісті жұмыс жасауда, өз мансаптары мен өмірлерінде биік межелерге қолжеткізуде», - деді өз сөзінде Ерболат Досаев.

Кітапхана ғимаратын реконструкциялау қазақстандық және шетелдік сәулетшілердің жобасы бойынша және Сералы Қаниевтің ұлы – кәсіпкер Берік Қаниевтің қаражаты есебінен жүргізілді. Кітапхана ғимараты модернизацияланғаннан соң онда ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге арналған арнайы кабинет пайда болды. Ғимаратты қайта құру жұмыстары жүргізілді, бұл кітапхананың жалпы аумағын 2195 шаршы метрге, ал отыратын орындардың санын 550-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Жаңа кітапхана ғимаратында мыналар бар: 2 оқу залы, конференц-зал, Академиялық жазу орталығы, оқу аймағы, студенттердің топтық жұмыс бөлмелері, 14 жеке оқу кабинасы, релаксация бөлмесі. Кітапхананың кітап қоры 1 млн кітаптан асады.

Пікірлер