Көрерменнің рухани сұранысын өтейтін “Қазақанимацияның” болашағы қандай?

1298
Adyrna.kz Telegram

Асхат Аймағамбетов қазақ тіліндегі мультфильмдер өте аз екенін айтты. Депутат сол мультфильмдердің YouTube сияқты қолжетімді платформаларда жоқтың қасы екенін атап өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Қазақ тіліндегі мультфильмдер өте аз, ал YouTube сияқты қолжетімді платформаларда мүлде жоқтың қасы. Бүгінгі күні бұл үлкен мәселе, өйткені балалар теледидардан гөрі интернет пен YouTube-ты көбірек таңдайды. Балалар “Синий трактор” мен “Маша и Медведь” сияқты мультфильмдермен шектелмей, сапалы әрі қызықты қазақша мультфильмдерді көруі тиіс.Осы мақсатта, келесі жылдың бюджет жобасын қарастыру барысында, қазақ тіліндегі мультфильмдер жасауға 350 миллион теңге бөлуді және олардың тек теледидарға емес, міндетті түрде интернетке, соның ішінде YouTube-қа жүктелуін қамтамасыз ететін норманы заңға енгіздік. Бұл балалардың қазақ тілінде қызықты контентке қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді деп сенеміз“, - деген болатын депутат.

Осы мақсатта “Қазақанимация” ШБ редакторы Ерлан Төлеутайға сауал жолдап, пікірін білдік.

- Қазақ анимацияға 350 миллион теңге бөлу туралы жоспар айтылған еді. Алдағы уақытта қандай жобаларды жүзеге асыру жоспарда бар?

- Иә, кеше Мәжіліс депутаты Асхат Аймағанбетов мырза жалпы қазақтілді анимациялық конттентті арттыру үшін Үкімет бюджетінен 350 миллион теңге бөлу мәселесін көтерді. Бұл шынында да өте өзекті мәселе. Өйткені еліміздің жас көрермендеріне қазақ тілді анимациялық контент жетіспеушілігі қатты сезіледі. Әрине Үкімет мұның алдын алу шараларын қарастырып жатыр. Депутаттарымыз да бұл мәселенің өзектілігін айтып, дер кезінде дабыл қағуда. Өз тарапымнан айтарым "Қазақанимация" ШБ қазақ тілді контент жетіспеушілігі жөніндегі бұл олқылықтарды жоюға өз үлесін қосуға даяр және бұған шығармашылық және техникалық ресурстары толық жетеді.

- Қазақ анимацияны дамыту жолында негізгі мақсат қандай?

- 2022 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің шешімімен Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы жанынан "Қазақанимация" ШБ құрылды. Үш жыл уақыт ішінде "Қазақанимация ШБ отыздан аса пилоттық анимациялық фильмді жарыққа шығарды. Осы фильмдерді жасауға отыздан аса шағын анимациялық студиялар жұмылдырылды. "Қазақанимация" ШБ мақсаты – осы отандық студиялардың шығармашылық және технологиялық әлеуетін арттыру арқылы еліміздегі анимация саласындеғы бәсекелестікті күшейту. Бәсеке болған жерде сапа да болады емес пе, Мәдениет және ақпарат министрлігінің біздің алдымызға қойып отырған талабы да осы.
Тағы да айта кететін бір жайт – Қазақстанда анимация мамандарын даярлайтын екі жоғарғы оқу орны бар екендігі белгілі. "Қазақанимация" ШБ осы ЖОО орындарының студенттеріне арналған мастер кластар ұйымдастыруда. Осы орайда анимация саласында үздік болып саналатын елдердің білікті ұстаздары "Қазақанимация" ШБ келіп, практикалық дәрістер өткізіп, отандық мамандармен тәжірибе алмасуда. Мәселен осы үш жылдың ішінде бізге Франция, Түркия, Польша, Ресей, Испания елдерінен тәжірибелі ұстаздар келіп кетті. Осы дәрістерден алған тәлімдерін "Қазақанимация " ШБ аниматорлары да өз шығармашылығына қолданып, игілігін көруде.

- Қазақ анимациясының ұлттық ерекшеліктерін, мәдени құндылықтары мен тарихи тұлғаларын кеңінен насихаттау үшін қандай жаңа жобалар немесе бастамалар қолға алынуда не алдағы уақытта жоспарда тұр?

- Бұл жерде айта кететін бір жайт – "Қазақанимация" әу бастан ұлттық сипаттағы анимациялық фильмдер түсіріп келе жатқан шығармашылық бірлестік ретінде белгілі. Алдағы уақытта "Қазақанимация" ШБ бұл басты бағыттан айнымақ емес. Келешекте де "Қазақанимация" ШБ бүгінгі жас көрерменнің рухани сұранысын өтейтін жобаларды қолға алуда. Ол үшін – аңыз, ертегі, мифтердегі қызықты кейіпкерлерімізді сонау бағзы дәуірден осы заманға алып келудеміз яғни қазақ ертегілерінің басты кейіпкерлері Ертөстік пен Толағайлар XXI ғасырға келіп, қазіргі смартфон ұстаған балалар арасында өмір сүрмек яғни ертегі кейіпкерлері мен балақайлар бірге жүріп, бастарынан неше түрлі шытырман оқиғаларды кешірмек. Сөйтіп біз ертегі кейіпкерлері мен бүгінгі жас ұрпақты қауыштырудамыз. Бұл жас жеткіншектерімізді ауыз әдебиетімен таныстырудың тың тәсілі. Осындай мультфильмдердің бірнешеуін жарыққа шығарып та үлгердік. Мұндай мультфильмдердің кішкентай көрермендер тарапынан сұранысқа ие екендігі сезіледі. Алдағы уақытта осындай жобаларды жүзеге асыратын боламыз.

Пікірлер