Шыңғыс ханның туғанына 862 жыл толуына орай Біріккен Ұлттар Ұйымының сегізінші Бас хатшысы Пан Ги Мунды "Шыңғыс хан" орденімен марапаттау туралы шешім қабылданды. Бұл туралы бүгін Моңғолия президенті әкімшілігінің басшысы Гомбожавын Занданшатар мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
"БҰҰ-ның сегізінші Бас хатшысы Пан Ги Мун Корея Республикасының Сыртқы істер министрі болған кезде Моңғолия мен Оңтүстік Корея арасындағы қатынастарды стратегиялық серіктестік деңгейіне шығаруға құнды үлес қосты. Сонымен қатар, 2009 жылы біздің елге сапары кезінде ол екі ел арасындағы қарым-қатынасты барлық жағынан жақсартуға назар аударды және бұл процеске өз үлесін қосты. Сонымен бірге БҰҰ мен Моңғолия арасындағы қарым - қатынас жаңа деңгейге көтеріліп, БҰҰ біздің қауіпсіздігіміз бен өркендеуіміздің кепілі екенін дәлелдеді", - деді Гомбожавын Занданшатар қабылданған шешімді жариялай отырып.
"Шыңғыс хан" ордені Моңғолияның егемендігі мен тәуелсіздігін бекітуге, ұлттық бірлікті нығайтуға, демократиялық қоғам құруға елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі. Сонымен қатар, бұл орден шет елдердің мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға, Моңғолияның шетелдік елдермен ынтымақтастығын дамытуға, елдің халықаралық аренадағы беделін арттыруға үлес қосқан адамдарға беріледі. Марапат олардың экономикалық, әлеуметтік және рухани дамуына қосқан нақты үлестерін мойындау болып табылады.
"Шыңғыс хан" ордені алғаш рет 2005 жылы Моңғолияның тұңғыш президенті Пунсалмаагийн Очирбатқа табысталған болатын. Ал шетел азаматтары арасынан бұл жоғары мемлекеттік награданы алғаш рет 2022 жылы америкалық моңғолтанушы Джек Уэзерфорд иеленді.