Қазақстанда мемлекеттік рәміздерге деген сыйластық ерекше. Республикада рәміздерді аяқ асты еткен жандарға қатаң жаза қолданылады. Алайда кейде мемлекеттік рәміздердің дұрыс орындалмаған кездерді де болады. «Мемлекеттік рәміздердің дұрыс орындалмауы» дегеніміз – әнұранның дұрыс еместігі.
Әнұранның дұрыс орындалмағаны туралы фактілер:
Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранының дұрыс орындалмауы туралы бірнеше белгілі фактілер бар. Мұндай жағдайлар әдетте салтанатты немесе халықаралық шараларда орын алады және жиі қоғамдық назарға түседі. Олардың көпшілігі әнұранның мәтінін немесе әуенін дұрыс орындамаумен, техникалық ақаулармен немесе ұйымдастырудағы қателіктермен байланысты. Қазақстандық спортшы – Мария Дмитриенко 2012 жылы Кувейтте өткен мергендік жарыста алтын медаль жеңіп алған болатын. Алайда марапаттау кезінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны орындалар шақта ұйымдастырушылар 2006 жылы жарық көрген «Борат» фильміндегі сатиралық әнді қосып жіберген еді. Бұл жағдайға Қазақстан үлкен наразылық білдіріп, қоғамда үлкен резонанс туды. Кейін жарыс ұйымдастырушылары ресми түрде Қазақстан халқынан кешірім сұрады.
Дәл осындай жағдай 2014 жылғы Азия ойындарында да болған. Техникалық ақауларға байланысты ҚР мемлекеттік әнұраны дұрыс орындалмай қалған. Спорттағы әнұранның орындалуы туралы ситуациялардың көбі – дұрыс дайындықтың болмауынан.
Әнұранның тарихынан сыр шертсек
Мемлекеттік рәміздердің бірі – әнұранның тарихы туралы Адырна порталының тілшісі Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент – Еділ Ноянұлынан біліп қайтты.
– Әнұранның тарихы неден бастау алды?
– Қазірге біздің айтып жүрген «Менің Қазақстаным» әнінің тарихы сонау 1950 жылдарды бастау алады. Сіздерге белгілі мына 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін, елде бір өң өзгеріс жасауға қажет болады. Миллиондағаны түрмеде болды, қуғын-сүргін көрді. Сонда жаппай бүкіл Қазақстанның солтүстік аймақтарында СТЕПЛАГ, КАРЛАГ, АЛЖИР, ГУЛАГ жүйесінен халық босатылды. Бірақ бұл елде жаңа проблема туғызды, яғни миллиондаған адамдарды жұмыспен қамтамсыз ету қажеттілігі туындады. Осындай сәтте 1953 жылы КОКП-ның сәуір сосын қыркүйек айында жылына екі рет өтетін пленумда «Тың және тыңайған жерді игеру» деген мәселе көтерілді. Нәтижесінде 1954 жылы наурыз айында Қазақстанның солтүстік аймақтарында соқа түсіп, жер жыртыла бастады. «Неге бұл аймақ бос тұр?» деп айтатын болсақ, оның да тарихы әрі қарай кетіп қалады. 1931-33 жылдары қазақтар қырылып қалды, көшпелі мал шаруашылығ келмеске кетті. Осы бос тұрған жерге – миллиондаған қуғын-сұргіндерден босағандарды кіргізу керек болды. Нәтижесінде тың игеріліп, 1954-62 арасында жүргізілді. Ал 1956 жылы тұңғыш рет Қазақстанда 1 млрд пұт астық жиналды. Ол дегеніміз 16 млн тонна. Кеңестер одағы бойынша 40 млн гектар жерге астық егу керек болған, соны 25,5 млн-ы Қазақстан аумағында игерілді. Міні «тың игеру өз-өзін ақтады» деді. Нәтижесінде Қазақстанның солтүстік аймақтарында 6 облыс құрылды. Осы кезеңде Хрущевтың «Ресейде болашақта одақтас республика болмайды, партия комитеттері болады» деп Ресейде Краснодарский край, Стравопольский край, Красноярский край деген сияқты. Сонда «Целинный край» деп, осы аймақтарға 2 млн-ға жуық адам қоныстандырылды ғой тың игеруге. Ал Қазақсанның өзінің халқы бұл кезеңде 6-7 млн болатын. Соған 2 млн адамды әкеп қоныстандырды, бәрі славян халқы. Осы кезеңде 1959-62 жылдарда Қытайдан 200 мың қандастарымыз келіп жатқан болатын. Оларды да орналастырған жоқ мал бағатын аймақтарға. Нәтижесінде оның бәрін орыстар, славяндар басты, сол себептен де «Целинный край» деген Ақмола қаласын Целиноград деп ауыстырып, сондай дүниелер пайда болды. Сонда Нәжімеденов «Алтын күн аспаны, алтын дән даласы...» дегені бұл «қанша жерден сырттан адам келіп жатқан болса да қазақтың жері, бұл қазақтың жерінде алынып жатқан астық» деп сөзін дайындаса, Шәмші Қалдаяқов әнін жазған. Нәтижесінде бұл бірден Компартияға ұнамаған. «Менің елім, менің жерім» деген сөздер ол кезде болмайды ғой, КСРО-ның кезінде «ұлт саясаты» деген болуы керек. Бұған 1959-65-те 7 жылдық жоспар болған біздің елімізде. Алғаш рет 1959 жылы Жамал Омарова алғаш таспаға жазған. Ән үнемі радиода айтылып тұратын болған және халыққа ұнаған. Бұның ар жағында «қазақ елі, қазақтың жері» деген түсінік бар.
– Неліктен Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де әнұранның сөзі өзгерді?
– Кезінде Қазақ ССР-нің өзінің гимні болатын, ол жерде Латиф Хамиди бар, Брусиловский бар ол жерде жалпы сөз бен әні өте тамаша гимн болатын. «Жаралған намыстан» деп басталатын. Болған сылтау мына 2006 жылы «Менің Қазақстанымды елдің гимніне айналдырайық» деді. Негізі сылтау «бұрыңғыны неге сақтамадық» дегенде «оның сөзі ауыр» деген. Олжас Сүлейменов Парижге барады. Сонда Қазақстанның гимнін тыңдап, сол тәуелсіздік алғанн кейінгі жылдары ғой. «Қандай керемет гимн, сөзін айтыңыздаршы» деп өтінсе, сөзін айта алмай Абайдың «Көзімнің қарасын» айтып сөйтіп құтылған екен. Сол негізгі себеп бұл ән ССР кезінде халыққа бейресми гимн болды. Кез-келген концерттерде айтылатын ән болды. Желтоқсан оқиғасы кезінде жастар осы әнді айтты. Сол себепті бұл әннің де өзінің саясаты бар. 2006 жылы 6 қаңтарда қайтадан қабылдағанда бұл әннің сөзіне Ж.Нәжімеденовпен қатар Н.Назарбаевтың да аты қосылды.
– Әнұранның сөзін жазуға Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев неге араласты?
– Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әнге араласуы, сол 2006 жылы 6 қаңтарда кезекте президенттік мерзімге өткенде оны ұлықтау барысында тұңғыш рет осы ән орындалды. Авторлар ретінде Нұрсұлтан Назарбаевты да көрсетті. Енді бұдан ешқандай да ерсілік көрмеймін. Нәжімеденов жоқ, ол кісі 80 жылдардың басында қайтыс болып кеткен. Шәмші Қалдаяқов та жоқ ол кезеңде. Бұл әнді гимн түрде әкелудің басқаша жолы бола қоймады. Гимн ретінде оралудың сол кезеңдегі президентіміз Н.Назарбаевтың жеке рөлі болды және ол оң бағасын берді. Әйтпесе басқаша бұл әнді тұтастай елдің гимніне айналдыру мүмкін емес еді. Сол себепті бұл жерде Н.Назарбаевтың гимннің сөзін жазған адам ретінде артықтығы не болмаса «өзіне иеленіп алды» деген кінә арта алмаймыз. Бұл әнді «біреудің әні құрбан болды» деп айтпау керек, керісінше елімізді қайта таныстырған, рухты көтерген ән ретінде, гимн болып тұруына Назарбаевтың да еңбегі бар.
Әнұранның тарихы сонша тереңде екенін байқадық. Әр сөзінің түбінде бір мағына, бір тарих, бір оқиға жатқанын көреміз. Рәміздердің бір бөлшегі – әнұранның халықаралық аренада дүркіреп ойнап тұрғанын барша қазақ қалайды. Алайда жоғарыда айта кеткен «Борат» сынды комедиялық фильмдер – әлемге Қазақстанның гимны туралы теріс ақпарат қалдырып, өзге елдің көкейінде басқаша ой қалдырады. Ал оны өзгерту, елімізді әлемдік аренада басқаша қырынан таныту – жастардың қолында.
Ислам Әден
«Адырна» ұлттық порталы