Абайды даралап зерттеген Алаш зиялылары

1597
Adyrna.kz Telegram

Абайды, Абай мұрасын алғаш зерттеген – ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары, алаштықтар.

Абай Құнанбайұлының көзі тірісінде шыққан бірлі-жарым өлеңдері «Дала уәлаяты» газетінде жарияланды. Қолжазба күйінде қолдан-қолға тараған ақын мұрасын туған халқына оралту ісінде Алаштың Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, С.Торайғыров сынды қайраткерлері ерен еңбек сіңірді.

ТҰҢҒЫШ АБАЙТАНУШЫ

Алаштықтардан алғаш Абайды зерттеп, оның мұрасын таныған — Әлихан Бөкейхан. Деректерге сүйенсек, ол 1903 жылы Абайдың көзі тірісінде Санкт-Петербургте басылып шығатын «Киргизский край» кітабының ХVІІІ томында «Қырғыз аймағының тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» атты еңбек жариялайды. Онда ол Абайдың туындыларын формасы мен мазмұны жағынан айрықша шығармашылық дей келе, оны қазақтың жаңа әдебиетінің көшбасшысы деп бағалаған,

Ал Абай дүниеден өткен соң 1905 жылы ұлы ақынның қайтқанына бір жыл толуына байланысты «Семипалатинский листок» газетінде «Абай Құнанбаев» атты мақала жариялайды. Мақалада Алаш көсемі Абайдың ата-тегі, өскен ортасына тоқтала келе, ақынның шығармашылығын маңызы зор рухани мұра деп баға береді.

«Абай – поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы. Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осынша жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ» деп Әлиханның баға беруінің өзі Абайдың әдеби мұрасын терең, жан-жақты танып білген зерттеуші екенін көрсетеді. Абайдың ақындық дәрежесінің Еуропа сапасына жетерліктей дәрежеде алғаш рет мән беріп пікір айтқан да Әлихан болатын.

Сондай-ақ, Әлихан Бөкейхан Абайдың шығармалар жинағын баспа бетіне жариялау ісінде мұрындық болады. Абайдың інісі Кәкітаймен тығыз байланыс орнатып, 1909 жылы Петерборда ақынның тұңғыш шығармалар жинағын бастыртып шығарады. Бұл жинақты бастыру жұмысы ақын дүниеден өтісімен қызу қолға алынған болатын. Бірақ оның патша үкіметінің тарапынан қудалануы жұмысты кешіктіріп, 5-6 жылға созылып кетуіне әкеліп соқтырады.

«Алты Алаш көсемінің өміріне қатысты ерекше назар аудара кететін жайт: Әлихан Бөкейхан отарлық езгісінде отыр­ан «қалың елі қазағының» құқы мен азаттығы үшін қиян-кескі күресін ғылыми-публицистикалық қызметімен, оның ішінде абайтанушылығымен қоса қатар атқарып жүрді. Соның бірден-бір айғағы: Әлихан отаршыл империяның І Мемлекеттік думасы депутаттығына түсу үшін сайлауалды науқанын өткізу және іс арасында өзі редакциялап болған Абай шығармаларының қолжазбасын баспаға тапсыру ойымен 1906 жылдың 8 қаңтарында Омбыдан Семейге келе жатқан жолында – Тұзқала (Павлодар) іргесіндегі казактардың Ямышевский кентінде тұтқынға алынады. Қолжүгі (портфелі) ішіндегі Абай қолжазбасымен бірге тәркіленеді. Ямышевский кентінен Тұзқаланың абақтысына жабылған күннің ертесіне – 10 қаңтар күні Әлихан Павлодар қалалық 2 учаскесі судьясын шақыртып алып, өзінің қылмысы болса, тергеу жүргізіп дәлелдеп, сотқа беруін, болмаса, дереу босатуын талап етумен қатар, қолжүгімен бірге тәркіленген қолжазба – қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдері екенін, құны 5 мың патша рубліне тең екенін айтып, оны сақтауды қатаң талап етеді», - дейді белгілі әлихантанушы тарихшы Сұлтан Хан Аққұлы.

ҚАЗАҚТЫҢ БАС АҚЫНЫ”

Абай Құнанбайұлын шығармашылығын алғаш ғылыми тұрғыдан зерделеп, оған терең баға берген Алаш көсемдерінің бірі – Ахмет Байтұрсынұлы. Ол ақынның өлеңдерімен 1903 жылдан таныс болады. Ал 1913 жылы өзі редакторлық ететін «Қазақ» газетінің бетінде «Қазақтың бас ақыны» атты мақала жариялайды. Онда Абай поэзиясын мәні мен мағынасы терең, тың рухани құбылыс ретінде бағалайды.

«Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады. Көп сөздерін ойланып дағдыланған адамдар болмаса, мың ара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр тиетіні рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік», - деген Ахмет Абайды түсінуге, ойлануға дағдыланған адамдар болмаса, қарапайым ә дегенде түсінбей қалатынын айтады.

Сонымен қатар, ол «ақын Абай сөзін оқырман атаулының бірден түсіне алмағандығын, әр сөзінің мағынасының өте терең екендігін, оның не мағынада айтылғандығын біреу баяндап ұқтырғанда ғана білуге болады» дейді.

«Автор мақаласында өзі пір тұтып, талантын, дарындылық қасиетін ерекше бағалаған Абай ақынды сол заманның ақындарынан даралап көрсетеді, оның артық екенін дәлелдейді. Жалпы Ахмет Байтұрсынов қалың жұртқа Абайды таныстыру мақсатында оның шығармаларын газет бетіне жиі жариялап тұрған. Ол “Қазақ” газетін екінші Абай мектебіне айналдырды. Ахмет айналасындағы алаш зиялылары өздерінің шығармалары арқылы Абай дәстүрін әрі қарай жалғастырды», - деп жазады әдебиеттанушы Өмірхан Әбдіманұлы.

АБАЙ АТЫНЫҢ ЖОҒАЛУЫ — ҚАЗАҚТЫҢ ЖОҒАЛУЫМЕН БІРДЕЙ”

Абайтануға Міржақып Дулатұлы да үлес қосты. Абай еңбегін алғаш рет жарыққа шығарып, халық арасына тарату жөнінде Міржақып Дулатов 1905 жылы «Семипалатинский листок» деген газетте, одан кейін 1907 жылы «Семей географиялық қоғамы» шығарған еңбекте «Ғалихан Бөкейханов Абайдың қазанамасын (некролог) жазды, Һәм кешікпей кітабы да басылып шығатынын білдіріп еді. Бірақ, тез шықпады. 1909-шы жылы Абайдың балалары һәм інілерінің ризашылығы Һәм Ғалиханның ыждахатымен Абай кітабы Петербургта Бурганский баспасында басылып шықты. Бұл күнгі қолымыздағы кітап сол бірінші басылып 1914 жылы шыққан» дейді.

Одан бөлек, Міржақып Дулатұлы 1914 жылы Абайдың қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай «Қазақ» газетінде «Абай» атты мақала жариялайды. Онда ол Абайды қазақ әдебиетінің атасы деп бағалап, оның аты «тарихта алтынмен жазылар» тұлға деп дәріптейді. Ол данышпан ақынның қазақ руханиятындағы орнын былайша айқындайды: «Абай сынды ақынның кадірін білмеу – қазақ халқының зор кемшілігін көрсетуге толық жарайды, себебі – қазақ басқа жұртпен үзеңгі қағысып, тең халық болып жасай алмауы – тарихы, әдебиеті жоқтықтан. Тарихы, әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап, ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып, жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны – әдебиет, жансыз тән жасамақ емес. Қайдан өрбігенін, қайдан өскенін, ата-бабалары кім болғанын, не істегенін білмеген жұртқа, бұл талас-тартыс, тар заманда арнаулы орын жоқ. Сондықтан Абайдың аты жоғалуы, мұнан кейін де шығатын Абайлар сондай ескерусіз ұмытылу ықтималы қазақтың жоғалуымен, қазақ атты халықтың ұмытылуымен бірдей».

АҚЫНДАР ПАЙҒАМБАРЫ”

Асыл сөзді іздесең,

Абайды оқы, ерінбе.

Адамдықты көздесең,

Жаттап тоқы көңілге, - дейді қазақтың көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров.

ХХ ғасыр басындағы ұлттың ояну кезеңінің жаршысы, қазақтың ұлттық әдебиетінің классигі дарынды ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың Абай мұрасын тереңірек зерттеп, танып бағалауы, ол туралы пікірлері абайтану тарихында ерекше орын алады. Ахмет Байтұрсынұлы Абайға «Қазақтың бас ақыны» десе, ал Сұлтанмахмұт Торайғыров «Ақындар пайғамбары» деп лайықты баға берген.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 1913 жылғы «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» деген мақаласында: «Туыстағы тұрмыс дерті зығырыңды қайнатып, бармағыңды шайнатып, ықтиярсыз, ызалы ызғарын төгеді, сай-сүйегің сырқырарлық ащы, зарлы бебеулерін қағып, көңіл толғағын, жүрек түйінін тарқатады. Басқаларға қарағанда, пайғамбардың жүрегінен құйылған құрандай, соқыр кісі сыбдырынан табарлық марқұм Абай өлеңдері секілді ашық тұрады», – деп жазды.

Ал Мағжан Жұмабаев:

Шын хакім, сөзің асыл - баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес.

Қарадан хакім болған сендей жанды

Дүние қолын жайып енді күтпес, - деп “Алтын хакім Абайға” атты өлең шығарып, хакімдікті бағалайтын жас ұрпақ келеріне деген нық сенімі барын айта кетеді.

Кейін зерттеушілер Мағжан Жұмабаевтың ақындығын Абай Құнанбайұлының ізін жалғастырушы деп көрсетеді. Мағжанның Абайдың ақындығына еліктегені, хәкімнің шығармашылығынмен сабақтастығы бар екені бірнеше деректерде айтылады.

АБАЙ ТУРАЛЫ ЖАЗҒАН АЛҒАШҚЫ ӘЙЕЛ

Абай туралы жазған Алаш қозғалысы кезінде қайраткерлігімен көзге түскен қазақ қыздарының бірі — Нәзипа Құлжанова. Ол Абай Құнанбайұлы туралы деректі мақала жазып, «Қазақ» газетіне жариялаған.

Газеттің 1915 жылғы 101-санында «Нәзипа» деп қол қойып, «Бір керек жұмыс» деген мақаласында қазақ жерінде әдебиет кештер және басқа да түрлі ойындар өткізу турасы сөз қозғайды. 13 ақпанда Семей жерінде өткен әдебиет кеші және сол кештің рухани тірегіне айналған Абай туралы жазады.

«Мақаладан біз автордың көксегені халқының рухани баюы, білімді ел қатарына қосылуы екенін байқаймыз. «Басқа жоғары мәдениетті елдерге еліктеп біз де мәдени-әдеби кеш, жиындарды жиі ұйымдастырып тұрсақ деген ниет» деген жолдар осының айғағы. Мақаланың өн бойынан сол кезеңдегі өнер-білімге жақын, жалпы, қолына қалам ұстаған кез-келген азаматтың цензурадан көздерін аша алмай, айтарын айта алмай қиналғанын байқаймыз. Нәзипа Құлжанова оқырмандарға «сендер тек сол жоспарыма қосылыңдар, бірігіп жұмыс істесек алға басамыз» деген ой тастайды», - деп жазады әдебиеттанушы Өмірхан Әбдіманұлы.

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер