“Жедел жәрдем өз уақытында келсе…” Депутат денсаулық саласындағы мәселені айтты

1050
Adyrna.kz Telegram
Фото: tengrinews.kz
Фото: tengrinews.kz

Денсаулық сақтау министрі жедел жәрдем көліктерінің әбден тозғанын растады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдемге қатысты ұйғарымын жариялады.

Қазақстанда жедел медициналық жәрдем (ЖМЖ) қызметі 20 дербес станциядан, 98 қалалық қосалқы станциядан тұрады. Бұған қоса, 232 аудандық бөлімшелерде 1 486 көшпелі бригада жұмыс істейді: қалаларда – 904, ауылдарда – 582.

Министрліктің мәліметінше, 2024 жылдың 9 айының қорытындысында ЖМЖ бригадаларын шақырту саны 4,4%-ға артқан. Жыл басынан бері тұрғындар жедел жәрдемді 6,3 миллион рет шақыртқан. Былтырғы 9 айда – 6,1 миллион шақырту тіркелген.

Оның үстіне Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы №ҚР ДСМ-225/2020 бұйрығымен бекітілген "Жедел медициналық жәрдем, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып көрсету қағидаларына" сәйкес, барлық келіп түскен шақыртулар жеделділіктің 4 санаты бойынша бөліп тасталады:

1-ші жеделділік санатындағы шақырту – адам өміріне тікелей қауіп төніп тұрған, шұғыл түрде медкөмек көрсетуді қажет ететін жай-күй: жедел жәрдем көлігі 10 минут ішінде келіп жетуге тиіс.

2-ші жеделділік санатындағы шақырту – медкөмек көрсетпесе, онда өміріне қауіп төнуі мүмкін жай-күй: 15 минут ішінде келуі шарт.

3-ші жеделділік санатындағы шақырту – медкөмек көрсетпесе, ДЕНСАУЛЫҒЫНА қауіп төнуі мүмкін жай-күй: 30 минут ішінде жетуге міндетті.

4-ші жеделділік санатындағы шақырту – жіті ауруынан немесе созылмалы ауруының асқынуынан туындаған, ағзалар мен жүйелердің кенеттен болған және айқын көрінетін бұзылуларынсыз пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және әлеуетті қауіп төндірмейтін пациенттің жай-күйі: ЖМЖ-ны күту 60 минутқа дейін ұзауы ықтимал. Одан аспауы керек.

Мәжілісмен Данабек Исабеков дәрігерлік бригада туралы айтты.

"Қағидаларда дәрігерлік бригаданың диспетчерден пациентке дейін жету уақыты айқын белгіленген. Дегенмен, кенттер мен ауылдарда да, тіпті ірі қалаларда да нормамен белгіленген уақытта жедел жәрдем қызметінің жетпейтінін жиі естиміз. Мұндай жағдай менің әулетімде де орын алды. Нақтырақ айтқанда, биылғы 23 шілдеде әкем кенеттен ауырып, жедел жәрдем қызметін сағат 13:50-те шақырттық. Алайда жедел жәрдем 30 минуттан соң келді. Бұл аралықта әкемнің жағдайы өте ауырлап қалды. Басқа емес, үшінші мегаполис Шымкенттің жедел жәрдемі 2-ші жеделдік санатындағы сырқатқа 15 минутта жетуге тиіс еді. Бірақ кешіккеннен кейін тиісті жәрдемін көрсете алмай, әкемізден айырылып қалдық", – деп азаланды мәжілісмен Данабек Исабеков.

Депутат жедел жәрдемнің өз жұмысына немқұрайлы қарамауында сұрады.

"Жедел жәрдем өз уақытында келсе, көп азаматымызды ажалдан арашалап қалуға мүмкіндік болар еді. Қағиданың нормалары көп жағдайда сақталмайды. Кейде жедел жәрдем бір сағаттан аса кешігеді. Мұны қалай "жедел жәрдем" деп атауға болады? Мәселен, АҚШ, Канада, Жаңа Зеландия, Австрия, Ирландия жедел жәрдемі қызметінің басты ерекшелігі – өте шұғыл (экстренный), шұғыл (неотложный) деп екіге бөлініп науқастарға қызмет көрсетеді. Осы тәжірибені бізге де енгізу қажет", – деді депутат Данабек Исабеков.

 

Пікірлер