ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ КОНСТИТУЦИЯ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

5268
Adyrna.kz Telegram

Тамызындың 28 күні Тараз қаласының Достық үйінде Жамбыл облысы  ҚХА Аналар мен ақсақалдар кеңесінің этномәдени бірлестік жастарымен Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай «Елімнің еркіндігі – Ата Заңым» атты кездесуі өтті, деп хабарлайды adyrna.kz ұлттық порталы Жамбыл облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ  баспасөз орталығына сілтеме жасап.

Кездесуді Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырды. Жиынға облыстық ҚХА этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, облыстық және қалалық БАҚ тілшілері қатысты. Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Рано Убайдуллаеваның айтуынша, еліміз құқықтық мемлекетке айналған. Сондай-ақ ол Ата заңның арқасында еліміздегі әр түрлі этнос өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқанын мәлімдеді.

Одан кейін ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы, «Жамбыл облысының өзбек этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің басқарма мүшесі – Мухаббат Миражапова  «Қазақстан Республикасының Конституциясы - еркіндік, теңдік және бостандық мұраттарын ұстану» тақырыбында сөз сөйлеп, Конституциямыздың ерекше тұстарын атап өтті.  Ал «Ахыска»  түрік  этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы» төрағасының орынбасары Ибрагим Зуфаров  Ата заңымыз – Конституцияның біздің өміріміздегі маңыздылығы жөнінде баяндама жасады.

– Қазақстан Конституциясына сәйкес  қазақстандықтардың ұлтына, тіліне, дініне шектеу қойылмай, құқықтары тең дәрежеде қаралады. Бұдан бөлек кез-келген Қазақстандағы этнос өз салт-дәстүрлерін ұстануға, көпшілік назарына ұсынуға құқылы болып отыр. Әрбір қазақстандық азамат конституцияда көрсетілген заңға сәйкес әрекет етсе, Қазақстанның болашағы жарқын болары анық. «Ахыска» этномәдени бірлестігі еліміздің Ата заңына толық арқа сүйеп, медет тұтамыз, – деді ол.

Жиын соңында Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Рано Махсұдқызы іс-шараға қатысқан этномәдени бірлестіктердің аға буыны мен жастарын  Конституция күнімен құттықтады.

«АДЫРНА»

ұлттық порталы

Пікірлер