26 тамыз - Қазақ күнтізбесінің айшықты күні

987
Adyrna.kz Telegram

Елімізде 2019 жылдан бері 24-26 тамыз - Туған жер күні атап өтіледі, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ұлттық мерекеге орай әлихантанушы-ғалым, халықаралық журналист, филология ғылымдарының кандидаты, "Алаш" ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.

"Сіздерді Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесінің айшықты күні 24-26 тамыз - Туған жер күнімен құттықтаймын!

1847 жылы Қазақ хандығы біржола ыдырап, тарих сахнасынан түсуінен тура 70 жыл өткен 1917 жылдың желтоқсанында Алаш Республикасы атауымен туы қайта көтерілген Қазақ ұлттық мемлекетінің территориясы 9 облыс, бір гүберне, Закаспий облысының Маңғышлақ, Алтай өңірінің Бийскі, Змеиногор және Барнауыл ояздарын қамтып, жалпы аумағы 3,45 млн шаршы шақырымды құрады.

Қайта жаңғырған ұлттық мемлекеттің осы жерін Әлихан Бөкейхан одан 7 жыл бұрын - 1910 жылы Санкт-Петерборда жарық көрген әйгілі «Қазақтар» атты тарихи очеркінде айқындап қойған болатын. 1917 жылдың 12 желтоқсанында (қазіргі күнтізбе бойынша 25 желтоқсан) ІІ Жалпыұлттық Қазақ-Қырғыз құрылтайы осы облыс-ояздарды Алаш Республикасының заңды жер аумағы деп жариялады.

Алаш Республикасын жойып, орнына Қазақ автономиялық кеңестік социалистік республикасы болып қайта құрылатын 1920 жылдың тамыз айында «Алаш» арысы Әлихан Бөкейхан Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлімхан Ермекұлын алға салып, кеңес өкіметінің көсемі В.И. Лениннің алдында осы облыс-ояздар қазақ халқының ата-бабадан қалған тарихи меншікті жері екенін дәлелдеп, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының қазіргі жер аумағын – территориясын қорғап, бекітіп алды.

Міне биыл қазіргі мемлекеттік шекарамыздың бекітілгеніне 104 жыл толып отыр.
Алаш азаматтары! Жеріміз түгел, аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын!" - деді өз құттықтауында.

Пікірлер